Секен Тұрысбеков – қазақ музыкасы қоржынына талай тамаша туындылар қосып, талай шәкіртті тәрбиелеген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі. Көптің көңілінен шыққан, жүректің қылында ойнайтын «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» сынды күйлердың авторы, күйші, композитор Секен Кәрімұлы бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде шығармашылық кешін ұйымдастырып, көпшіліктің ықыласына бөленуде. Керемет кеш кезегі біздің ауданға да жетті.
Нақты айтқанда, өткен аптаның сенбісінде Райымбек ауылдық округінің Мәдениет үйінде композитор өзінің туындыларын паш етіп, жиналған қауымның қошеметіне бөленді.
Концерт барысында өнер иесі өмір жолынан сыр шертіп, қоржынындағы тың туындыларын орындады. Шоқтығы биік шығармаларының қалай шыққандығы туралы кеңінен айтып берді. Кеште дарабоз композитордың шәкірттері, бүгінде республикаға танылып үлгерген «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі әуелетіп ән салып, күйлерін күмбірлетті. Олар композитордың «Боздақ», «Өкініш», «Бесік күйі», «Ақ жауын», «Ерке құсым» сияқты күйлерін орындап, жиналған қауымға керемет әсер сыйлады.
Шығармашылық кеш жоғары деңгейде өтіп, сырлы, сазды туындылар жиналған көпшіліктің құлағының құрышын қандырды.
Шара соңында концертке риза болған тұрғындар өз алғыстарын білдіре отырып, кеш иесі мен оркестр мүшелеріне гүл шоқтарын сыйға тартты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.