Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің «Төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу қағидалары» бекітілген болатын.
Коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу жоғарыда айтқан қағидаларда айқындалған санаттағы адамдардың және карантин енгізілген елдімекендерде, аумақта тұратын адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырады. Нақты айтқанда, келесі санаттағы азаматтардың коммуналдық қызметтеріне төлем жүргізіледі:
• 1, 2 және 3 топтағы мүгедектер;
• Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар;
• мүгедек балаларды тәрбиелеушi отбасылар;
• көпбалалы отбасылар;
• ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;
• мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
• атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер жатады.
Коммуналдық көмек келесі қызмет түрлеріне төленеді: газдандыру; су; кәріз; жылу; электр қызметі; қоқыс шығару; лифт қызметі. Аталған санаттағы азаматтардың коммуналдық көмекті алу үшін, коммуналдық қызмет беруші мекемеде тек өздерінің атында есеп айырысу есепшоты болуы тиіс. Яғни, басқа отбасы мүшелерінің атына есепшот ашылған жағдайда төленбейді. Тағы бір айта кетерлігі, тұтынушыға орташа коммуналдық шығын бір айға 15 мың теңге көлемінде белгіленді. Аталған қаржылай көмекке сәйкес бір тұтынушы өтініш беру барысында коммуналдық қызмет түрімен қатар, есепшотын да көрсетуі қажет. Мәселен, әр қызмет бойынша бірнеше қарыздары болса, онда өз қалауымен бір немесе бірнеше коммуналдық қызметтің шығындарын өтеу бойынша өтініш білдіре алады. Тағы бір айта кетерлігі, егер қызметке деген берешегі 18 500 болса, оған 15 000 теңге көлемінде ғана көмек ретінде жолданады, ал, айырмасын тұтынушы өз есебінен өтейді.
Қазіргі уақытта тұрғындар тарапынан түсетін өтінішке байланысты әрі оларды қалай қабылдауға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен өтініштерді «Telegram-бот» қосымшалары мен «egov.kz» порталы арқылы қабылдау мүмкіншіліктері қарастырылуда.
Сондай-ақ, қарасайлық азаматтар үшін қосымша ақпаратты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімініндегі 8 (72771) 2 90 65 Call-орталық нөмірі жұмыс істеп тұрғанын айтқым келеді.
Тағы бір айта кетерлігі, аталған көмек ретінде берілетін коммуналдық қызмет төлемдері сәуір және мамыр айларына ғана төленеді. Оның да төлем шарты бар, яғни, сәуір айына сәйкес төлемдер мамыр айында, ал, мамыр айының төлемдері маусым айында жүргізілетін болады.
Ербол НАҒАШЫБАЕВ,
аудандық Тұрғын үй-коммуналдық және тұрғын үй инспекциясы шаруашылық бөлімінің басшысы.