12 сәуір – Қазақстанда ғылым қызметкерлерінің күні. Осы бір айтулы күннің қарсаңында еліміздің аграрлық ғылымында қолжеткізілген басты нәтижелерге назар аударуды жөн санадық. Соның бірі – жүгері мен сорго дақылдарын селекциялау және заманауи агротехнологияларды қолдану арқылы жас ғалымдардың өнімділік пен стресс-төзімділікті арттырудағы нақты жетістіктері. Осы тақырыпты негізге ала отырып, жүгері және құмай дақылдары зертханасының меңгерушісі Мусагоджаев Нұрсұлтан Төлегенұлының пікірін тыңдадық және соңғы жылдары зертханада атқарылған негізгі жұмыстар мен инновациялық әдістерге шолу жасадық.
– Нұрсұлтан Төлегенұлы, соңғы жылдары сіздердің зертханаңызда жүгері мен сорго дақылдарын селекциялау бағытында қандай негізгі жетістіктер орын алды?
– Соңғы жылдары жүргізілген селекциялық сұрыптаулар нәтижесінде жүгері және сорго дақылдары бойынша бірқатар ғылыммен дәлелденген нәтижелерге қол жеткізілді. Рекуррентті және комбинациялық селекция әдістерін қолдану арқылы генетикалық әртүрлілігі жоғары бастапқы материал қалыптастырылды.
Гетерозистік селекция негізінде жүгерінің жаңа будандары алынып, олардың өнімділігі стандартты сорттармен салыстырғанда 12-18% жоғары екені танаптық тәжірибелерде дәлелденді. Абиотикалық стресс факторларға төзімділік бойынша мақсатты сұрыптау жүргізілді. Су тапшылығы жағдайында физиологиялық көрсеткіштер (жапырақтың су ұстау қабілеті, транспирация коэффициенті, хлорофилл мөлшері) бойынша іріктеу нәтижесінде құрғақшылыққа төзімді жүгері және сорго генотиптері бөлініп зерттеліп сараланды.
Селекция тиімділігін арттыру мақсатында молекулалық маркерлерді пайдалану әдістері енгізіліп, нақты белгілермен (ерте пісу, стресс төзімділік) байланысқан генотиптерді ерте кезеңде идентификациялау мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
– Бүгінде климаттың өзгеруі мен құрғақ аймақтар жағдайында жүгері мен сорго қаншалықты сұранысқа ие?
– Қазіргі климаттың жылынуы жағдайында жүгері мен сорго дақылдарына деген сұраныс орасан зор, өйткені олардың тұрақты өнімділігі, су пайдалану тиімділігі және абиотикалық стресс-төзімділігімен анықталады.
Жүгері – жоғары өнім қалыптастыратын дақыл, сондықтан оның азық-түлік, жемшөп және өнеркәсіптік шикізат ретіндегі жалпы сұранысы жоғары деңгейде болады. Алайда оның өнім түзуі генеративті кезеңде (әсіресе гүлдену–тозаңдану фазасында) ылғал тапшылығына тікелей тәуелді. Сол себептен тиімді, су унемдеуші технологиялардың қолданылуы, дақылды неғұрлым сұранысқа ие екенін айқындайды. Сондықтан қазіргі жағдайда жүгеріге сұраныс сандық тұрғыда сақталғанымен, сапалық тұрғыда трансформацияланған, яғни стресс-төзімді гибридтерге бағытталған.
Сорго, керісінше, ксерофиттік морфо-анатомиялық және физиологиялық белгілер кешенімен сипатталады. Олар – жақсы дамыған тамыр жүйесі, осмостық бейімделу. Бұл қасиеттер оған су тапшылығы жағдайында гомеостазды сақтап, салыстырмалы тұрақты өнім қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде соргоның экологиялық көрсеткіщі жоғары.
Климаттың өзгеру жағдайында жүгеріге деген сұраныс оның жоғары биологиялық өнім потенциалына байланысты сақталады, бірақ өндірістік тәуекелдің артуына байланысты селекциялық тұрғыдан стресс-төзімді формаларға бағытталады. Ал соргоның жоғары су пайдалану тиімділігі мен абиотикалық стресс-төзімділігі оның агроэкожүйелердегі рөлін күшейтіп, құрғақ аймақтарда сұранысының өсуін қамтамасыз етеді.
– Өнімділікті арттыру және дақылдардың төзімділігін күшейту үшін жұмысыңызда қандай заманауи технологиялар мен ғылыми тәсілдер қолданылуда?
– Ауылшаруашылығында сала маманы ретінде өнімділікті арттыру және дақылдардың төзімділігін күшейту үшін мен өз жұмысымда бірнеше заманауи технологиялар мен ғылыми тәсілдерді қолданамын. Ең алдымен, дәлме-дәл егіншілік технологиялары пайдаланылады. GPS, дрондар және арнайы сенсорлар арқылы әр алқаптың жағдайы жеке бақылауға алынып, тыңайтқыш пен су нақты мөлшерде беріледі. Бұл әдіс өнімділікті арттырып, ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар биотехнология және селекция әдістері кеңінен қолданылады. Құрғақшылыққа, тұзға және ауруларға төзімді жаңа сорттар генетикалық және селекциялық тәсілдер арқылы шығарылады. Мысалы, гендік инженерия және CRISPR технологиялары өсімдіктің төзімділігін күшейтіп, тұрақты өнім алуға көмектеседі .
Суды тиімді пайдалану да маңызды бағыт болып табылады. Тамшылатып суару және су үнемдеу технологиялары арқылы өсімдікке қажетті ылғал дәл беріледі, бұл, әсіресе, құрғақ аймақтарда өнімді сақтауға көмектеседі.
Бұдан бөлек, топырақ құнарлылығын сақтау үшін органикалық және минералдық тыңайтқыштарды ғылыми негізде қолдану, ауыспалы егіс, жасыл тыңайтқыштар енгізу сияқты агротехникалық тәсілдер пайдаланылады. Бұл топырақтың сапасын жақсартып, өсімдіктің стресс жағдайларға төзімділігін арттырады.
Соңында, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қолданылады: олар ауа райын, өнімділікті және аурулардың таралуын алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде агрономиялық шешімдер дәл қабылданып, жалпы өнімділік пен тұрақтылық жоғарылайды. Қорыта айтқанда, қазіргі агрономияда өнімді арттыру мен төзімділікті күшейту – жаңа технологиялар, ғылым және дұрыс агротехника үйлесімінің нәтижесі.
– Қазақстандағы өсімдік шаруашылығы ғылымы қандай негізгі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр және оларды шешу үшін не қажет?
– Қазақстандағы өсімдік шаруашылығы ғылымы қазіргі таңда климаттық, технологиялық және институционалдық сипаттағы бірқатар күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл мәселелер аграрлық өндірістің тұрақтылығына және ғылыми зерттеулердің тиімділігіне тікелей әсер етеді.
Ең өзекті проблема – климаттың жылынуы мен ылғал тапшылығының күшеюі, жауын-шашынның азаюы және тұрақсыздығы, құрғақшылық жиілігінің артуы, суармалы судың жетіспеушілігі. Бұл факторлар дәстүрлі дақылдардың өнімділігін төмендетіп, ғылыми зерттеулердің бағытын қайта қарауды талап етеді. Оны шешудің шараларына келер болсақ, құрғақшылыққа төзімді сорттар мен гибридтерді селекциялық сұрыптау жұмыстарымен айналысу қажет. Одан бөлек су үнемдейтін технологияларды, яғни тамшылатып суару, нөлдік өңдеуді енгізіп, агроклиматтық модельдеу жүйелерін дамыту керек.
Инновациялардың баяу енгізілуі ғылыми-зерттеу мен өндіріс арасындағы байланыс әлсіздігі болып табылады. Оның шешімі – тәжірибелік сынақтарды нақты климаттық жағдайда жүргізу, ғылыми және өндірістік жүйелерді біріктіру.
– Аграрлық ғылымды дамытуда жас ғалымдардың рөлі қандай және алдағы жылдары олар үшін қандай мүмкіндіктер ашылады?
– Жас ғалымдар аграрлық ғылымда инновациялық және ғылыми дамудың негізгі қозғаушы күші болып табылады. Олар қазіргі кезде цифрлық және биоинформатика құралдарын қолдануда. Атап айтқанда, фенотиптеу, дрондық мониторинг, деректерді AI және статистикалық модельдер арқылы өңдеу селекцияны жетілдіреді.
Ғылыми-өндірістік интеграцияны күшейтуде жаңа технологиялар мен сорттарды өндіріс пен нақты агроөнеркәсіпке жылдам қалыптастыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ халықаралық және ұлттық ғылыми бағдарламаларға қатысу, заманауи молекулалық, геномдық және цифрлық құралдарды пайдалану, климатқа бейімделген стресс-төзімді дақылдарды зерттеу, ғылыми инновацияларды өндірісте практикалық түрде енгізуді де атап өтуге болады.
Жас ғалымдар аграрлық ғылымның инновациялық белсенді күші, климаттық стресс жағдайында өнімділікті тұрақтандырушы және технологиялық прогрестің жалғаушысы болып табылады.
– Сұрақтарымызға жауап бергеніңізге көп рақмет. Жұмыстарыңыз өнімді болсын.
Дидар Мәлікұлы
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
