Иә, расымен білімде шекара жоқ. Ауыл мұғалімі «Болашақ» бағдарламасымен Американың үздік жоғары оқу орнына түсті. Білікті ұстаз Оңтүстік Флорида университетінде «математика» мамандығы бойынша магистратурада оқымақ. Қазір жас маман мұхит асып, білім алу үшін құжаттарын реттеп жатыр. Шетелде білім алуға аттанатын жас ұстаз ауыл мектебінде сабақ берген. «Болашақ» грантының иегері Гүлзия Құрманқұл Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылын Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі. Гүлзия қарапайым ауыл мектептерінің бірін тәмамдаған соң өзі таңдаған мамандығы бойынша оқуға түсіп, математика пәнінің ұстазы атанған. Еңбек өтілі алты жыл болса, соңғы бес жылында Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінде қызмет еткен.
«Бәріміз ауылда мектеп қабырғасында ағылшын пәнін белгілі бір деңгейде оқыдық қой. Мектепті тәмамдаған соң университетте неміс тілінде білім алдым. Бірақ мен мектепте сабақ бергендіктен өз шәкірттерімнің халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз болуын армандайтынмын. Ол үшін алдымен, әрине, өзіңе тіл білу керек. Тілдің ішінде де сұранысқа ие болған ағылшын тілін білу өте маңызды. Сол үшін мен алдымен өз білімімді жетілдіріп, магистратураны шет ел университеттерінен оқысам екен деген ниет болды. Осы мақсатта ағылшын тілін игеру керек болды. Өйткені менің ағылшын тілін білу деңгейім өте төмен болатын. Былайша айтқанда «нөлдік деңгей» болатын. Өз білімімді жетілдіру үшін көптеген ұстаздардың сабақтарын қарастырып шықтым, – дейді ізденімпаз жас ұстаз.
Осылайша педагог ауылдан шықпай-ақ, интернеттегі онлайн сабақтардан ағылшын тілін меңгерген. Шет тілін оқуды бір жарым жыл бұрын қолға алып, үзіліс уақытында, бос кезінде дайындала берген. Осының арқасында халықаралық емтиханның шекті 9 баллынан жетеуін жинаған. Сөйтіп бірнеше ай қиналып жүріп, тілі жаттығып, сөздік қоры көбейген.
– Балаларға халықаралық олимпиадаға дайындаламыз десем, күледі ғой. Олар «ағылшын тілін білмейтін адам қалай дайындайды», деп ойлайтын шығар. Содан кейін оқушыларыма бірінші өзімнен бастап дәлелдегім келді. Америкада оқу маған арман болды. Білім мен өзіңе деген сенім әрқашан діттеген мақсатыңа жеткізеді – осы менің ұстанымым, – дейді математика пәнінің мұғалімі болса да ағылшын тілін үйрену керектігін дәлелдеген ұстаз.
Бүгінде Гүлзия Америкаға аттанбас бұрын, жазғы демалыста сабақ өткізіп жүр.
Өзге елдермен салыстырмалы түрде айтсақ, қырдан қытайлар, жон асып жапондар, ойдан орыстар Еуропаға барып оқиды. Бәрі де өзінің немесе әке-шешесінің ақшасына. Мемлекеті төлепті дегенді естігеніміз жоқ. Бұл аз десеңіз, соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасы ауыл мектептерінің мұғалімдеріне арнайы квоталар беріп отыр. Гүлзия Құрманқұл бұның нағыз дәлелі. Шынында да, ақылды саясат. Құрғақ көрсеткіштерді ғана емес, ауылдың, демек ауылдағы қазақтың ертеңін ойлаған көреген саясат. Өйткені «Болашақпен» бірге ауылға білім ғана келмейді, көзқарас келеді. Ғаламдық масштабта ойлайтын тұлғаларды өсіре алатын потенциал келеді. Бізде патриоттық туралы, қазақты жақсы көру туралы көп айтылады. Айтыла-айтыла жауыр болады, ақырында құрғақ сөзден жүрек айни бастайды. Сондықтан еліңе жақсылық жасағың келсе, өз ісіңнің маманы бол, өз ісіңде нөмірі бірінші бол, одан артық ештеңенің де керегі жоқ. Ал, «Болашақ» бағдарламасы соған септеседі. Ауыл ұстазы қанша күннен бері ғаламтор желісінде талқыға түсті. Қарапайым мұғалім кез-келген адамның мұхит асып кететін, шектеу тек біздің миымызда екенін дәлелдеді. Ал, біз өз кезегімізде Гүлзия ханымға ақ жол, сәттілік тілейміз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.