Алматы Жылу электр орталығын газ инфрақұрылымына ауыстыру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Енді алып мегаполисті жылумен қамтып отырған мекеменің жұмысы жеңілдейді. Оған қоса Алматы облысының екі ауданы үздіксіз газбен қамтылады. Себебі, орталықты газға көшіру жұмысының бірінші кезеңіне «Алматы-Байсерке-Талғар» магистральдық газ құбырларын біріктіретін ТІР-04 жалғастырғыш құбырлары кірді. Айта кетейік, оның жалпы ұзындығы –10 км-ге жуықтайды. Ал өнімділігі сағатына 1 мың метр куб. Аталған жоба қаладағы және қала маңындағы елді-мекендердегі ауаның ластануын азайту арқылы Алматы тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталады, сондай-ақ энергия тапшылығын жоюға серпін береді.
Бірінші кезеңге екі автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы және «Алматы-Байсерке-Талғар» және «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырларын біріктіретін ТІР-04 жалғастырғыш құбырлары кірді. Жобаны іске асырушы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы. Ал, «QazaqGaz «ҰК» АҚ газ инфрақұрылымын салумен айналысуда. Бұл жұмыс – Мемлекет басшысының «Алматыжылу» электр орталығын газға көшіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру жөніндегі алғашқы қадам.
Автоматтандырылған газ тарату станциясын және жалғастырғыш құбырды (ТІР-04) іске қосуға арналған іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Амрин, «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Елжас Отыншиев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов және «QazaqGaz «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты.
«Бүгінгі күн Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындары үшін маңызды күн! Алматы облысының Қарасай, Іле, Талғар аудандарында орналасқан жылу электр орталықтарын көгілдір отынға ауыстыру, облысымыздың бірнеше елді мекендерінің экологиясын жақсартып, бірқатарын газбен қамтыйтын болады. Аталған жоба сонымен қатар «G4 City» жобасы аясында салынатын қаланы газбен қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.
Айта кетейік, жобаның екінші кезеңіндегі құрылысы қазан айында басталған еді. Шараға қатысушылар атқарылған жатқан жүмыстарды көріп қайтты. Жоспарлы межелі мерзім – келер жылдың желтоқсаны.
«Автоматтандырылған газ тарату стансасы 2-Жылу электр орталығын табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған. Оның өнімділігі – 250 мың м3/сағат. «Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры, «QazaqGaz» ұлттық компанияcы мен Алматы қаласының әкімдігіне аталған жобаны жеделдетуді тапсырған болатын. Жалпы, еліміздің энергетика саласы, Алматы қаласының экологиясы, орта және шағын бизнесі үшін өте маңызды жоба деп айтсам қателеспеймін. Алматы қаласының индустриалдық аймағында орналасқан бизнес субъектілеріне үлкен көмек болады», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтер бойынша тең басқарушысы Елжас Отыншиев.
Сонымен қатар жылу электр орталықтарын газға көшіру шарасы жылу мен электр энергиясының құнына қалай әсер ететіні де алматылықтарды толғандырмай қоймайтыны белгілі. Бұл ретте мамандар тарифті Табиғи монополияларды реттеу комитеті бақылайтынын, белгілі бір өсім орын алғанымен, бұл бағаның күрт қымбаттауына әкелмейтінін айтады. Көгілдір отын тұрғындарға ішкі бағамен жеткізілетін болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Талғар ауданы.