«Жылдың үздік мұғалімі – 2023» облыстық байқауында бірінші орынды жеңіп алған Тақылбек Айтқажы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы №1мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Мұғалімдер күніне байланысты Қонаев қаласында өткен салтанатты жиында оған өңір басшысы жүлдеге автокөліктің кілтін тапсырған болатын.
Жүзден жүйрік атанған ұстазға жолығып, жетістікке жетуінің сырына үңілдік. Тақылбек Айтқажы– педагог-зерттеуші, педагогика ғылымдарының магистрі. Ол 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетін тәмамдаған соң, еңбек жолын Ұзынағаш ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Осы білім ұясында 2009-2018 жылдар аралығында 9 жыл еңбек етті. Ал 2018 жылдан бастап биылғы оқу жылына дейін аудан орталығындағы Наурызбай батыр Құтпанбетұлы атындағы орта мектебінде 5 жыл абыроймен қызмет атқарды. Қазіргі кезде Ұзынағаш ауылындағы жаңадан ашылған №1 мектеп-лицейінде жұмысын жалғастыруда.
Тақылбек кішкентайынан мұғалім болуды өзінің асқақ арманы етіпті. Оған мектепте білім берген ұстаздары қатты әсер еткен. Білікті, парасатты педагогтардан тәлім алды. Соларға қарап бой түзеді: «мен де ұстаздарым сияқты мектепте оқушыларға сабақ берсем, оларды білім нәрімен сусындата отырып, саналы тәрбие берсем», – деп армандайтын. Сәті түсіп, еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орнына қабылданды. Сондағы мүйізі қарағайдай профессор, академиктерден дәріс алып, математика ғылымының тереңіне бойлады. Оқуды ойдағыдай аяқтап, киелі мамандықтың иесі атанған алғашқы күннен бастап-ақ теориялық білімін іс-жүзінде қолдануға құштарлықпен кірісті.
Жас маман ұлт болашағы саналатын өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне үлкен жауапкершілікпен қарады. Әр сабағында оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, алған білімдерін өмірмен ұштастыру дағдысын қалыптастыруға тырысты. Оқушының функционалдық сауаттылығын дамыта білді. Бұл өз нәтижесін берді. Сөйтіп шәкірттер мен ата-аналардың ыстық ықыласына бөленді. Әріптестерінің арасында да өзінің кішіпейілділігімен, білімділігімен, адами қарым-қатынасымен сый-құрметке ие болды. Өзіне жүктелген жауапкершілікті жете сезінуі мен еңбекқорлығының арқасында оқушылары жыл сайын түрлі байқаулар мен олимпиадаларда топ жарып келеді. Өзі де жоғары кәсіби біліктілігінің арқасында көптеген аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен байқауларға қатысып, жеңімпаз атанды.
Тақылбек ғылыми жұмыспен қатар айналысады. Ол – республикалық деңгейде бекітілген «Математикалық сауаттылық негіздері» атты ғылыми жұмыстың авторы. Биылғы жылдың үздік мұғалімі атанып, облыс басшысының арнайы жүлдесі автокөлікті ұтып алуы – әлем сәт сайын өзгеріп, ақпараттар ағыны толассыз ағылып жатқан, бәсекеге толы осындай ортада өзінің үздіксіз ізденісінің, кәсіби біліктілігінің арқасы. Бұл байқауда 9 аудан, 1 қаладан іріктелген кілең мықты 17 ұстаз бақ сынаған еді. Байқау «Заманауи сабақ», «Білім берудегі трендтер», «Импровизациялық тапсырма», «Цифрлы портфолио» сынды 4 кезеңді қамтыды.
– Байқауға қатысқандардың барлығы да «сен тұр, мен атайын» деген кілең мықтылар болды. Әрқайсысы да білікті, ұлағатты ұстаз. Әрбірінің де қол жеткізген өз жетістіктері бар. Алайда «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген тәмсіл бар ғой. Маған сәттілік серік болған сияқты. Бұл байқауға бірінші рет қатыссам да бас жүлдеге ие болдым. 19 жылдық еңбек өтілімде мен де жетістіктен құралақан емеспін. Озық тәжірибелеріммен бөлісуімнің арқасында еңбегімді көрсете алдым деп ойлаймын. Деңгейіміз үздік мектептерде оқушыларға сабақ беру арқылы анықталды. Ұстаздың еңбегі – шәкірттерінің жетістіктері арқылы бағаланады ғой. Бұл орайда өз шәкірттеріммен мақтана аламын. Олар халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі олимпиадалар мен байқаулардың жүлделеріне ие болды, – дейді жылдың үздік мұғалімі.
Көз алдымызда жаңа ғасырдың жаңа буыны қалыптасып жатыр. Ата-бабамыздан қалған мұраны қастерлейтін, бүгінімізді бүтіндеп, жарқын болашаққа қол соза алатын ұрпақ өсіруге тиіспіз. Осы орайда мұғалімдерге аса жауапты міндет артылғанын Тақылбек былайша тарқатты:
– Қазір кәсіби біліктілікті арттыруға баса мән беріліп жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ» деген сөзі әрдайым өзектілігін жоғалтпайды. Бүгінгі ұстаз заман талабына сай жан-жақты, креативті болуы керек. Иә, мұғалімдердің сапалық құрамы жыл сайын жақсарып келе жатқаны байқалады. «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Мұғалім қауымының қоғамдағы ерекше орны айқындалды. Жалақымыз еселей өсті. Міндетімізге кірмейтін, бірақ мойнымызға артылып қойған басы артық жұмыстардан құтылдық. Қазір педагог мамандығын игеремін деген мектеп түлегіне талап күшейді. ҰБТ-да кем дегенде 75 балл жинау міндеттелді. Осындай жаңалық, заңнамалық өзгерістер мұғалімнің мәртебесін сөзсіз арттырады, – дейді математик.
Ол сондай-ақ қазір мемлекет білім саласына қаржыны аямайтынын тілге тиек етті.
– Қаншама жаңа мектеп, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында заманауи мектептер салынып жатыр. Соның бірінде өзім еңбек етемін. Мектебіміз осы оқу жылында пайдалануға берілді. Мемлекет сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін қажетті жағдай жасап отыр. Осы мүмкіндікті ұстаз бен шәкірт қатар пайдалана білуі тиіс. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай бабамыз айтпақшы, аузымыздан шыққан әр сөзіміз оқушыға әсер етерін ұмытпай, ағаттыққа, жөнсіздікке жол бермеуіміз керек. Шәкірт алдында алтыннан қымбат ой айта алсақ, онда жарадық, – дейді Тақылбек Айтқажы.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.