Инфрақұрылымның дамуына тікелей әсер ететін факторды ескерсек, алдымен жол сапасының жоғары болуы назарға алынады. Сонымен қатар тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі де, жүріс-тұрысы да осы тасжолмен тікелей байланысты. Бұл бағытта осы жылы Қарасай жерінде атқарылған жұмыс жоқ дей алмаймыз. Ол жайында жақында анық ақпаратын жеткізген едік. Десе де бізге маңыздысы – алда атқарылатын шаруалардың қандай болуы.
Осы мақсатта жақында Қарасай ауданының жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің бас маманы Абылай Манабаевпен жолығып, Қаскелең қаласы мен жақын маңдағы бірнеше елді мекеннің жол сапасына көңіл аударған едік.
Айтуынша, тұрғындардың өтініші мен жолдардың тозу дәрежесі ескеріліп, биыл аудан көлемінде бірқатар жолдар жөнделген. Нақты айтқанда, жалпы ұзындығы 63 шақырымды құрайтын 90-нан астам көшеге асфальт төселіп, толықтай жаңартылған. Оның ішінде Қаскелең қаласындағы Достық көшесімен қиылысатын 16 көшеге күрделі жөндеу жүргізілген. Мысал ретінде айтар болсақ, Қарағайлы, Қарасу, Мамыр, Көктерек, Үлкен саз сияқты көршілес жатқан бірнеше көшенің жолдары жаңарған. Одан бөлек Ақсар, Рысқұлов көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары атқарылған. Дәл сол сияқты басқа да елді мекендегі ішкі жолдардың да жаңарғанын атап өтуге болады.
– Қарасай ауданының жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi тарапынан көлік жүретін бөліктер ғана емес, жаяу жүргіншілерге арналған жол жиектері де назарға алынған. Осы ретте аудан бойынша елді мекендерде 2 шақырымдай көшенің бойына тротуарлар салынды, – деді бөлімнің бас маманы Абылай Манабаев.
Әрине, жұмыстың нәтижелі болғаны көңілді қуантады. Алайда алда атқарылатын шаруаның қандай болатыны да маңызды. Осы ретте келесі жылы тағы неше көшенің жөнделетінін білуге тырыстық. Бөлім өкілінің сөзіне сүйенсек, алдағы маусымда ауданішілік жолдарды жаңарту жұмыстары жоспарға сай жалғасып, тағы 100-ге жуық көше жөнделмек.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

