Бірнеше күннен бері әлеуметтік желідегі белсенді парақшалардың талқысына ұшыраған тақырыптың бірі – Қаскелең қаласындағы А.Пушкин атындағы орта мектептің жағдайы. Ондағы ақпараттардың легіне сүйенсек, оқушылардың ата-аналары білім ошағының жай-күйіне алаңдап, наразылықтарын білдірген. Сондай-ақ дәретхананың тозғанын айтып, санитарлық талаптың жоқтығын алға тартуда.
Аталған жағдайға біз де назар аударып, 60 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан білім ұясына арнайы бардық. Ата-аналардың алаңдаушылық тудыруына не себеп болғанын көзімізбен көріп, мектептің болашағы қалай болатынын білуге тырыстық.
Қарасай аудандық білім бөлімінің өкілі мен мектеп директоры мектептің ішін аралатып, қазіргі жай-күйімен түгелдей таныстырды. Мектептің жөндеуді қажет етіп тұрғаны, расымен, байқалады. Белгілі болғандай, А.Пушкин атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізу осы уақытқа дейін жоспарға қойылған. Ол жайында Қарасай аудандық білім бөлімінің бас маманы Айдар Серғазин түсіндірді.
– Қарасай аудандық білім бөлімі тарапынан А.Пушкин атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін оның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 2024 жылы ашық конкурс жарияланған болатын. Нәтижесінде «MS Industrial» ЖШС-і жеңімпаз ретінде анықталды. Одан кейін тиісті келісімшарт негізінде мемлекеттік сараптамадан аталған жобаның оң қорытындысы алынды. Барлық құжат өткізіп-беру актісі арқылы Алматы облысының құрылыс басқармасына өткізілді. Енді бұл жоба осы басқарманың құзіреті арқылы жүзеге асады. Қазіргі уақытта қаражат бөлу қарастырылуда, – деді аудандық білім бөлімінің бас маманы Айдар Серғазыұлы.
Ал дәретхананың жағдайы мектептің күрделі жөндеуі басталғанша ретке келтірілмек. Айдар Серғазыұлының айтуынша, бұл мәселе жақында жан-жақты талқыланып, Алматы облыстық білім басқармасы тарапынан мектеп ішіндегі дәретханаларды жөндеуге тиісті қаражат бөліну қарастырылып отыр.
Айта кетейік, Қаскелең қаласындағы А.Пушкин атындағы орта мектеп 1964 жылы пайдалануға берілген. 640 орынға арналған оқу ордасында бүгінгі таңда екі ауысыммен 1081 оқушы білім алады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

