«Алтын орда» базары маңындағы құрылыстың сағызша созылғаны баршасына мәлім. Былтыр жылдың соңында бұл жоба толық аяқталмай, соңғы төсеніші төселмей, оның қауіпсіз екендігі ескеріліп, жер үсті көпірі пайдалануға берілген еді. Десе де бүгінгі таңда аяқсыз қалған жұмыстары жетерлік. Мәселен, жол жолағының кеңейтілуіне қатысты құрылыстар биыл бітуі тиіс.
Істің ілгері жылжымауына үйренген тұрғындар енді Үлкен Алматы айналмалы автомобиль жолының (ҮАААЖ) жай-күйі не болмақ деп алаңдауда. Бұл тасжолдың бойындағы құрылыс көптің есінде «БАКАД» деген атаумен сақталғаны. Ендеше күре жолға жауапты «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Алмат облыстық филиалы берген ақпаратқа сүйене отырып, тасжолдың бүгінгі жағдайын жалпақ жұртқа жеткізуді жөн санадық.
Үлкен Алматы айналмалы автомобиль жолы – Қазақстан мен Орталық Азиядағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жол құрылысының ең ірі инфрақұрылымдық жобасы. Осыдан бір жыл бұрынғы дерекке сүйенсек, құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны 150 млрд теңгені құраған.
Алматы агломерациясын ғана емес, жалпы елдің транзиттік-көлік әлеуетін дамытуға арналған жобаны «Еуропа қайта құру және даму банкі», «Ислам даму банкі», «Еуразия даму банкі» қаржыландыруда. Концессионері – «Алсим Аларко», «Макйол Иншаат», «СК Экоплант», «Корея Экспрессвэй» секілді Түркия және Оңтүстік Корея компаниялары құрған «ҮАААЖ Инвестициялар және Операциялар» ЖШС.
Жобаның жұмысы 2018 жылдың 31 мамырында басталған. Қазіргі таңда тасжолдың бойындағы құрылыс алаңына 1556 адам жұмылдырылған. Құрылыс-монтаждау жұмысы жалпы ұзындығы 66 км-де жүргізілуде. Қазіргі таңда желілерді жою бойынша жұмыстары 98%-ға орындалған. Көпір құрылыстарына қатысты істері 92% шамасында, ал жер қазу жұмыстарының бүгінгі нәтижесі 64%-ды құрайды. Су өткізгіш құбырларын орнату жұмысы 90%-ға дейін аяқталған.
Белгілі болғандай, осы ҮАААЖ-дың құрылысына байланысты ағымдағы жылдың 2 мамырынан бастап республикалық маңызы бар «Алматы-Шамалған-Ұзынағаш» (22-24 шақырымдары аралығы) тас жолының учаскесі уақытша жабылған болатын. Осы маңдағы жұмыс басталғалы көлік жүргізушілер жабылған учаскені Қырғауылды ауылындағы Көкдала және Іңкәрбеков көшелері, Райымбек ауылындағы Сүйінбай және Наурыз көшелері арқылы айналып өтуде. Тиісті жол белгілері, бағдаршамдар орнатылды.
Көптің қуанышына орай, дәл осы тасжолдың белгіленген учаскесі ағымдағы жылдың шілде айының соңына дейін бітіп, пайдалануға берілмек. Бұл жағымды жаңалықты «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Алмат облыстық филиалы хабардар етті. Осылайша тамыз айына дейін бітеді деп жоспарланған жоғары трассадағы жолдың жағдайы жақсарып, құрылысы аяқталмай мерзімінен бұрын құрылысы аяқталады. Ал «Алматы – Бішкек» тасжолындағы БАКАД-тың жұмысы нақты қашан аяқталатыны белгісіз. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, көліктерге арналған жер үсті көпірінің астындағы автомобиль жолақтары көп ұзамай, ары кетсе тамыз, қыркүйек айларында ашылады. Көпірдің және жан-жағындағы құрылыстары сәйкесінше еш кедергісіз жалғаса береді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.