Ауданымызға қарасты теміржол торабында орналасқан Жібек жолы ауылдық округі жылдан жылға дамып, көркейіп келеді. Бірнеше жылдың ішінде мұнда бірталай өзгерістер орын алып, тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында көптеген игі істер атқарылды. Бірқатар ескі нысандар жаңартылып, жаңа ғимараттар бой көтерді.
Жылда адам саны өсіп келе жатқан округте бүгінде 35417 тұрғын мекен етеді. Оның қарамағына Жібек жолы, Көлащы, Тұрар ауылдары, теміржол бойында орналасқан Жыңғылды және Құрқұдық елді мекендері мен тоғыз саяжай кіреді.
Былтыр ғана атауы ауысқан округ үшін өткен жыл да, биыл да көптеген өзгерістер мен жағымды жаңалықтарға толы болды.
Осы ретте біз округтің әкімі Алпамыс Айдаровпен сұхбаттасып, аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, жетістіктері жайлы толығырақ біліп қайтқан болатынбыз.
Бірқатар маңызды ғимараттардың құрылысы басталады
Бүгінде Жібек жолы округіне қарасты Көлащы ауылында бұрыннан алғашқы медициналық көмек көрсететін орталық пен Жібек жолы ауылында дәрігерлік амбулатория бар, бірақ та, жылда адамдардың саны артуына байланысты емдеу орындарының тапшылығы байқалуда. Осы ретте округ әкімі Алпамыс Айдынұлының айтуынша, биыл Көлащы ауылы Үлгілі көшесінің бойынан 1 гектар жер телімі бөлініп, 300 келушіге арналған жаңадан алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы салынады. Оның құрылыс жұмыстарын «Геодезиялық Сервис» ЖШС-гі жүргізетін болады.
Сонымен қатар, Тұрар ауылының тұрғындарын пошта торабымен қамтамасыз ету мақсатына 0,27 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары бастау алады деп жоспарлануда.
Мұнан бөлек округ тұрғындарын қуантатын тағы бір жайт – ол Мәдениет үйінің салынуы. Нақтырақ округ әкімінің айтуынша, биыл Жібек жолы ауылынан бірқатар нысандар салуға бөлінген 1 гектар жердің аумағында Мәдениет үйін тұрғызу да жоспарда бар.
Мектеп пен демалыс орындары салынуда
Округ тұрғындарын биыл білім саласында да жақсы жаңалықтар күтіп отыр. Өткен жылы Жібек жолы ауылында орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, бірақ, карантинге байланысты жұмысы саябырсыған 600 оқушыға арналған жапсаржай биыл пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ, мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында биыл аталмыш ауылдағы А.Байтұрсынов атындағы білім ордасында да 600 балаға арналған жапсаржайдың құрылыс жұмыстары басталады.
Биыл округте демалыс орындарының санын көбейту де қолға алынған. Мәселен, ағымдағы жылы Жібек жолы ауылында, балаларды саламатты өмір салтына баулу мақсатында ашық аспан астында спортпен жаттығуға мүмкіндік беретін, «Work Out» алаңының құрылысы басталады. Ол жоспар бойынша аталмыш ауылда тұрғызылатын Мәдениет үйі ғимаратының жанында салынады.
Мұнан бөлек округ әкімінің мәлімдеуінше, спорт алаңын салу үшін Тұрар ауылынан жер қарастырылуда.
Жол жөндеу жоспарға сай атқарылуда
Округ әкімі Алпамыс Айдаровтың айтуынша, округке қарасты ауылдардағы жолдар кезең-кезеңімен жөнделуде. Мәселен, өткен жылдың өзінде Жібек жолы ауылындағы Жайлау мен Құрманғалиев көшелеріне 27 млн. 726 мың теңге бөлініп, ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жоспарға сай қосымша кептелістің алдын алу мақсатында, Сәтбаев, Достық, Ақжазық, Дүйсеков, Көлащы ауылындағы Қонаев пен Кенесары көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальталып, бірқатарына LED жарық шамдары мен бағдаршамдар орнатылған.
Жаңа шағын аудандағы жалпы ұзындығы 14 км құрайтын көшелер де жөнделген. Ал, биыл Жібек жолы ауылындағы Байтұрсынов пен Ершабай көшелері реттеліп, оларға тас жол төселетін болады.
Округ әкімі осыдан біраз уақыт бұрын өткен есептік жиында тұрғындар тарапынан көтерілген бірқатар көшелердің мәселесі жоспарға сай, нақтырақ айтқанда, Досымхан Хусаин көшесі биыл, Ұлан көшесі 2022 жылы және Жолдас көшесі 2025 жылы жасалатындығын айтты.
Жоғарыда сөз болған жөндеу жұмыстарынан бөлек, бірқатар көшелерге жаңа аялдамалар орнатылған.
Ауыз су мәселесі де алда оң шешімін таппақ
Ауданымыздағы бірқатар округтерге тән ауыз су тапшылығы Жібек жолы округін де айналып өтпеген. Бүгінде округте бұл мәселені шешу үшін бірқатар жүйелі жұмыстар іске асырылып жатыр.
Нақтырақ айтқанда, биыл Тұрар ауылында 28 шақырым ауыз су құбырлары тартылып, екі су жинайтын резервуар, су ұңғымасы қазылды. Құрылысын «Үлгі Құрылыс» ЖШС-і жүргізген су ұңғымасы да жоспарға сай биыл пайдалануға берілді. Сондай-ақ, былтыр басталған Жібек жолы ауылындағы Райымбек көшесіндегі су ұңғымасының да құрылысы аяқталып, ағымдағы жылы қолданысқа беріледі.
Одан бөлек, Көлащы ауылынада ауыз су жүйелерін жүргізу мақсатында жобалау-сметалық құжаттары осы жылдың аяғына дейін жасалады деп күтілуде.
Адамдардың қауіпсіздігі үшін
Осыдан екі жыл бұрын округтен өтетін темір жол өткелінде республикалық маңызы бар «Алматы – Нұр-Сұлтан » және облыстық маңызы бар «Алматы 1– Шамалған – Ұзынағаш» автокөлік жолдарының қиылысында қайғылы оқиға орын алған болатын.
Осыған орай былтыр, 2019 жылы теміржол тәртібіне сай жасалған жер үсті аспалы көпірі салынып, қолданысқа берілгені белгілі. Өткен жылы мұнда кеңейту және жаяу жүргінші жолдарын жайластыру жұмыстары жүргізілді. Оған қоса былтыр құрылысы басталған Алматы – Нұр-Сұлтан республикалық автокөлік жолының 43 шақырымынан бастап, жалпы ұзындығы 7 шақырымды құрайтын 1-категориялық транзиттік автомобиль жолы көлік өткелінің құрылыс жұмыстары аяқталып, биыл іске қосылады.
Басқа да жұмыстар жөнінде
Жоғарыда аталған жұмыстардан бөлек округте электр жүйесін қалыпқа келтіру үшін Көлащы ауылындағы Д.Қонаев пен Т.Бокин көшелеріне, Тұрар ауылындағы Ұлан көшесіне, Жібек жолындағы жаңа құрылыс алқаптарына жалпы саны сегіз трансформатор орнатылды.
Бүгінгі жағдайға байланысты маңызды мәселе болып отырған интернеттің жоқтығын шешу мақсатында Жібек жолы ауылындағы Жаңа мөлтек ауданында орналасқан тұрғын үйлерге 12 шақырымды құрайтын интернет желісі тартылып, ағымды жылы оларды әр үйге қосу жоспарланып отыр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.