Алматы облысында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Осы мерейлі күнге арналған салтанатты жиынға облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, жыл сайын 10 номинация бойынша өтетін конкурста биылғы үздік шыққандарды марапаттады. Алматы аймақтық клиникалық балалар ауруханасының гематолог дәрігері Меруерт Жұмабаева мен Іле ауданы Қосөзен дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Алма Сембаева «Үздік дәрігер» және «Үздік ауыл дәрігері» аталымының жеңімпаздары атанып, әрқайсысына 1 млн. теңгенің сертификаты берілді.
Салтанатты жиын облыстағы денсаулық сақтау саласының жетістіктері туралы фильммен ашылды. Мұнан соң медицина мамандарына облыс әкімі Амандық Баталов құттықтау сөзін жеткізді:
– Құрметті медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Елдегі қалыптасқан пандемия жағдайында бар білімі мен тәжірибесін, ерік-жігерін індетпен күреске, халықтың саулығын қорғауға бағыттаған баршаңызға жетісулықтардың атынан және өз атымнан алғыс айтамын! Дені сау адам – қоғамның байлығы. Сондықтан кез келген мемлекет ел азаматтарының денсаулығын сақтауды, әл-ауқатын арттыруды бірінші кезекке қояды. Бұл ретте Елбасының тапсырмасына және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдымызға қойған міндеттеріне сәйкес аурудың алдын алуға, медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бар жағдай жасалып келеді. Ғимараттар жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылды. Медицина қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті барлық мүмкіндіктер қарастырылды, – деп атап өтті А. Баталов.
Ол сөз сөзінде биылғы жылы медицина саласына бөлінген қаржы 168 млрд. теңгеден асқанын айтты. Сол сияқты қазір жергілікті бюджет есебінен медициналық жоғары оқу орындарында және резидентурада 239 адам оқуда, биылғы жылы тағы 30 студентті оқуға кіргізу жоспарланған. Сондай-ақ өткен жылы медиктерге 127 пәтер сатып алуға 756 млн. теңге жұмсалды. Тағы 30 жалгерлік үй жаңа коттеджді қалашықтан берілді. Оған қоса Талдықорғанда денсаулық сақтау мамандарына арнап тағы бір көп пәтерлі үй салу жоспарланып отыр.
– «Денің сау болса, дәулет сол», – дейді бабаларымыз. Ал Ұлы дәрігер Гиппократ: «Медицина шындығында өнер атаулының ішіндегі ең игісі» деген екен. Расында адам жанына арашашы болғаннан артық игілік жоқ. Антына адалдық танытып, күн сайын ерлікке тең іс атқарып жүрген сіздердің әрқайсыларыңыз барлық құрметке лайықсыздар. Біз жуырда инфекциялық аурухананың қарсы бетіне арнайы сквер жасап, скверге медицина қызметкерлеріне арналған ескерткіш қоямыз. Ескерткіштің жобасы дайын. Онда дәрігердің алақанында Өмір ағашы өсіп тұрғаны бейнеленеді, – деді А.Баталов.
Мұнан соң індетпен күрес кезінде қаза болған денсаулық сақтау саласының мамандарының бейнелері мен есімдері экраннан көрсетіліп, жиналған қауым оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Салтанат шара наградтау рәсімімен жалғасты. Облыс әкімі 10 аталым бойынша өткен конкурстың жеңімпаздарына марапат тапсырды. Мәселен, Алматы аймақтық клиникалық балалар ауруханасының гематолог дәрігері Меруерт Жұмабаева «Үздік дәрігер» атанса, Іле ауданы Қосөзен дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Алма Сембаева «Үздік ауыл дәрігері» номинациясын жеңіп алды. «Денсаулық саласының үздік менеджері» аталымының жүлдесі Талдықорған қаласындағы облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсан Сұрашевке берілді. Оларға 1 млн. теңгенің сертификаты ұсынылды.
«Үздік фельдшер» жүлдесін Талғар ауданы, Арқабай ауылы медициналық пунктінің фельдшері Марияхан Ибышева және «Үздік орта медицина қызметкері» жүлдесін Сарқан аудандық орталық ауруханасының мейірбикесі Айнұр Макенова алып, әрқайсысы 750 мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен бірге Талдықорған қаласындағы «Нұр Авиценум» медициналық орталығының әлеуметтік қызметкері Марина Терпиловская – «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанып, 500 мың теңгенің ақшалай сертификатын иеленді. Талдықорған қаласы 6-шы шағын аудандағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы – «Үздік дәрігерлік амбулатория», Қапшағай қаласы Қосқұдық ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункті – «Үздік фельдшерлік-акушерлік пункт», Ескелді ауданы Теңлік ауылының медпункті – «Үздік медициналық пункт», Жамбыл ауданы жедел және шұғыл медициналық көмек бөлімшесі «Жедел жәрдем қызметінің үздік подстанциясы» атанып, мекемелерге 500 мың теңгеден жүлде берілді.
Салтанатты шарада облыс әкімі өңірдегі 40-қа жуық медицина маманына кәсіби біліктілігі және мамандығына адалдығы үшін «Еңбек ардагері» медалі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды.
Облыс әкімі Амандық Баталовқа да Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалі берілді.
Медицина мамандарының атынан сала ардагері Тілеуберді Жансеңгіров және «Үздік дәрігер» номинациясының жеңімпазы Алматы аймақтық клиникалық балалар ауруханасының гематолог дәрігері Меруерт Жұмабаева сөз алды. Әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, халықтың денсаулығын сақтауға, медициналық қызмет сапасын арттыруға бұдан әрі де аянбай еңбек ететіндерін жеткізді және өздеріне көрсетілген құрмет пен қолдау шаралары үшін ризашылықтарын білдірді.
Сала мамандарын өнер иелері де құттықтап, ән-жырдан шашу шашты.
Жалпы биылғы жылы облыста медицина саласының бюджеті 168 млрд. теңгеден асты. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында 2025 жылға дейін өңірде 109 денсаулық сақтау нысаны салынады, соның 23-і биыл салынуы тиіс, бұл ретте 20-сы тез тұрғызылатын блокты-модульді медпункттер болмақ. Қабылданған шаралар мен мемлекет қолдауының арқасында медициналық жабдықтармен, автокөлік құралдарымен қамту көрсеткіші 90%-ке жеткізілді. Биылғы жылы 3,2 млрд. теңгеге тағы да қосымша заманауи медициналық құралдар сатып алынады. Соның нәтижесінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының жабдықталуы 93%-ке жетеді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.