Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласындағы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз жиынын өткізді. Бұл брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясында Жетісу өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар мен Тәуелсіздік жылдарындағы облыстың табысты істері айтылып, келешекте жүзеге асатын бірқатар жобалардың барысы баяндалды.
Табыс көлемі 3 трл 700 млрд теңгеге жетті
Жетісу өңірінің экономикасы көңіл қуантарлықтай. Облыстағы бұл сала даму сатысында келе жатыр. Неге десеңіздер, Тәуелсіздік жылдарында Алматы облысындағы жалпы өнім 3 трлн 700 млрд теңгені құрған. Нақты айтқанда, осыдан 30 жыл бұрын өңірдің өнімін қаржыға шаққанда 35 млн теңге шамасында ғана болған екен. Оның ішінде өнеркәсіптің өркендеуі 9,5 млн теңгеден 1 трлн 200 млрд теңгеге дейін өссе, ауыл шаруашылығының көрсеткіші биыл 1 трлн теңгеден асқан.
– 30 жыл ішінде өңірде 14,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал, бюджет түсімдері 1997 жылғы 11 млрд теңгеден бүгінгі күні 742 млрд теңгеге дейін өсті. 30 жылда облыс экономикасына 6,5 трлн теңге инвестиция құйылды, – деп нақты көрсеткіштерді атап өтті А.Баталов.
Облыс басшысы өз сөзінде өңірдің өңдеу өнеркәсібі Алматы облысы экономикасын дамытудың локомотивіне айналып отырғанын жеткізді. Осы жылдың 10 айында экономиканың барлық негізгі салаларында тұрақты өсім байқалған. Мәселен, қазір бұл саладағы өсім 14,3 пайызды құрайды. Атап айтқанда, инвестиция көлемі 47 млрд теңге болатын «Алацем» цемент зауыты іске қосылған. Жылына 100 млн литрге дейін алкогольсіз сусындар шығаратын «Pure Pack» зауыты жұмысқа кірісті. Жыл соңына дейін 7,2 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімдерін өндіретін және терең мұздататын «Frosco» кәсіпорнын, 6 мың тоннадан астам құрылыс материалдарын өндіретін «Алюгал» және жылына 10 мың тонна металл бұйымдарын дайындайтын «Азия темір ЛТД» зауыттарын іске қосу жоспарлануда. Одан бөлек, бүгінгі таңда «Кока-Кола», RG BRANDS, «Хамле», «Филип Моррис», «Джей Ти Ай», «Фуд Мастер», Danone, «Адал», «Кнауф-Гипс», «Алацем», «Эфес» сияқты ірі брендтік кәсіпорындар да өз істерін ілгерілетуде. Трансұлттық компаниялардың үлесі де артқан. Мәселен, республика бойынша 19 жоба болса, соның 9-ы Жетісу жерінде жүзеге асуда.
– Жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн 300 млрд теңгеден асады, шикізаттық емес экспорт 6 пайыз өсіммен 392 млн долларға жетеді. Бұл Елбасының тапсырмасына сәйкес қабылданған индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасының нәтижесінде мүмкін болды, – дейді А.Баталов.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру көзделуде
2021 жылдың аяғына таман Алматы облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің алғаш рет 1 трлн теңгеден асу көзделуде. Биыл агросекторды мемлекеттік қолдау үшін 50 млрд теңгеден астам қаражат бөлінсе, оның 43 млрд теңгесі субсидияға бағытталды. Мұндай шаралармен өңірдің 15 мың шаруашылығы қамтылған. Нәтижесінде, облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 972 мың гектарға жетті. Оның ішінде қант қызылшасы 16 мың, жүгері 95 мың, картоп 40 мың гектардан асты.
– Ауыл тұрғындарының табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шаралары қабылдануда. Біз 2025 жылға дейін қант қызылшасы алқабын 53 мың гектарға дейін ұлғайту есебінен шикізат өндірісі көлемін 2 млн тоннаға жеткізу жөнінде ауқымды міндет қойып отырмыз, – деді облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығы жайлы сөз қозғалғанда агроөнеркәсіп кешенінің өркендеуін айтпасқа болмас. Облыста бұл сала бойынша қайта өңделген өнімнің экспорты 25 пайызға өскен. Яғни, таза табыс 97 млн долларға жеткен. Мұнан бөлек, Жетісу өңірінде өткен жылмен салыстырғанда мал мен құс саны орта есеппен 2 пайызға артқан. Мал қыстату үшін облыс жемшөппен толық қамтамасыз етіліп, 5,3 млн тонна азық дайындалды. Жетісулықтар Маңғыстау облысының зардап шеккен фермерлеріне гуманитарлық көмек ретінде 54 вагон шөп жөнелткен.
– Облыста барлығы 74,1 мың басқа арналған 117 мал бордақылау алаңы және 26,1 мың басқа арналған 84 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді, соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72 пайызға, сүт зауыттарының жүктемесі 85 пайызға жетті, – деді облыс әкімі.
Шағын және орта бизнес саласы дамып келеді
Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру – басты назарда. Осы мақсатта тұрақтандыру қорын құрып, жеңілдікпен несие беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд теңге бөлінді, оның жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрайды. Соның 3 млрд теңгесі 0,01 пайызбен кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелендіруге және 700 млн теңгесі 8,7 мың тонна өнім сатып алуға бағытталған.
Жалпы, облыс бойынша өндіріс қана қарқынды дамып жатқан жоқ. Шағын және орта бизнес саласы да дамып келеді. Мәселен, бұл бағытта 270 мыңдай адам еңбек етуде. Былай қарағанда, жақсы көрсеткіш деуге болады. Ал, жалпы облыста 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Соның нәтижесінде өткен 9 айда бюджетке 144 млрд теңге түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1,8 есе артық. Қолданыстағы бағдарламалар аясында 3 мыңнан астам кәсіпкерге 26 млрд теңге сомаға қолдау көрсетілді.
– Жыл қорытындысында шағын және орта бизнес субъектілері шығарған өнім мен көрсеткен қызмет көлемі 2 трлн теңгеге жетеді, ал оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесі өткен жылғы 32,4 пайыздан 34,3 пайызға ұлғаяды. Осылайша, Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің өнім өндірудегі үлесін 35 пайызға жеткізу туралы тапсырмасын біз келесі жылы орындаймыз, – деп мәлімдеді облыс әкімі.
13 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
Тұрғын үйлердің саны артады
Жетісу өңірінің бірқатар елді мекендеріндегі басты мәселе – табиғи газға деген сұраныс. Дегенмен, аталған мәселе жылдан жылға өз шешімін тауып, ауылды көгілдір отынға қосу жұмыс қолға алынған. Биыл тағы 13 елді мекен газға қосылып, тұрғындардың көгілдір отынға қолжетімділігі 61 пайызға жетеді.
– Елді мекендерді газдандыру және жылу көздерін газбен жылытуға ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр біз облыс халқының 59 пайызының, яғни, 1,2 млн адамның газға қол жеткізуін қамтамасыз еттік. Биыл тағы 13 елді мекенді қосу арқылы бұл көрсеткішті 61 пайызға жеткіземіз, – дейді өңір басшысы.
Былтыр Талдықорған және Қапшағай қалаларында үш қазандық газға ауыстырылған, биыл Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданында тағы үшеуі ауыстырылып жатыр. Мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында 101 көппәтерлі тұрғын үй үшін 31 блокты-модульді қазандық орнатылуда, бұл жұмыс келесі жылы толығымен аяқталады.
Құрылыс саласында да қарқын байқалады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл 1 млн шаршы метр тұрғын үйді салу жоспарланған болса, соның 835,4 мың шаршы метрі салынды. Ал қазір 1 824 пәтерлі 271 тұрғын үй салынуда. Соның ішінде 741 пәтерлік 121 тұрғын үйге жергілікті тұрғындар қоныстанып үлгерген. Сонымен қатар, жекеменшік құрылыс ұйымдары 952 пәтерлік 13 үйді салып, іске қосты. Облыс бойынша 1 307 отбасы пәтер кілтін қолға алса, оның ішінде 327 көпбалалы және әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген отбасы бар.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.