27 сәуірде Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы болды. Оны кеңес төрағасы Жанат Исағұлов ашып, қаралатын мәселелерді жиналғандарға таныстырды.
Сонымен күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Қарасай ауданы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметкерлерінің ауданда криминогендік жағдайды болдырмау мақсатында атқарылған жұмыстары жайында» жергілікті полиция басшысы Ерлан Бекебаев жан-жақты баяндап берді.
– Біздің жұмысымыз негізінен қылмыспен күреске, оның алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталады, – деді алдымен Ерлан Асқарұлы. – Оның ішінде учаскелік полиция инспекторларының, жол полициясының, табиғатты қорғау, кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс инспекциясының, әйелдерге зорлық-зомбылық жасаумен күрес инспекциясының істерін үйлестіреміз. Бұл үшін әртүрлі алдын алу шаралары, рейдтер және тағы басқа жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, І тоқсанда 12 рет жедел-профилактикалық шара өткізілді. Сонымен қатар, мал ұрлығын анықтаумен шұғылданамыз, оны қараусыз қалдырудың алдын аламыз. Қаңғыбас иттерге байланысты да жұмыстарымыз бар. Қалта ұрлығының жолын кесуге де көңіл бөлеміз.
Жергілікті полиция басшысы басқа да атқарылып жатқан істерін айтып, қойылған көптеген сұраққа жауап қайтарды.
Кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы, мүшелері Серік Расмұхаметов, Орынбай Жанәділ, Күлжан Дүйсенова, Сағат Мәсімақынов, Несіпбала Әбділдаева жергілікті полиция жұмысын одан әрі жақсарту туралы ой-пікірлерін ортаға салып, әсіресе, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің көбейіп отырғанына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, білім беру орындарымен бірлесіп, балалар мен жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмысын күшейтуге назар аударды.
Екінші кезекте Қоғамдық кеңес мүшелері «Іргелі ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар, өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары туралы» округ әкімі Абылай Ысқақовтың есебін тыңдады.
– Округке Іргелі, Кемертоған, Көксай ауылдары мен 12 саяжай кіреді, – деп бастады өз сөзін Абылай Біржанұлы. – Халық саны 37 647 адамды құрайды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімізді қосудамыз.
Сонымен қатар, округ басшысы өнеркәсіп, инвестиция саласы, шағын және орта кәсіпкерлік, тұрғын үй, бюджетке түсетін салық және басқа міндетті төлемдер, тұрғындарға әлеуметтік көмек беру, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау туралы кеңінен баяндады. Әрине, тазалық, абаттандыру, жолдарды жөндеу жөнінде де айтты.
Іргелі жайлы әңігемеге Кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, мүшелері Орынбай Жанәділ, Несіпбала Әбділдаева араласып, жұмысты ары қарай жақсартуға қатысты ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Ал, Сағат Мәсімақынов бұл округте тірлік қайнап жатқанын, өйткені халық санының көп екенін, үлкен базар орналасқанын айта келе округ әкімінің осындай жағдайда жұмыс істеуде жол тауып жүргеніне ризашылығын білдірді.
Мұнан кейін аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Жанат Шакиров Қоғамдық кеңес мүшелері алдында «Қарасай ауданы аумағында жолаушыларды әлеуметтік мәні бар тұрақты тасымалдауда сараланған тарифтерін белгілеу туралы» айтып берді. Бұл жөнінде кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, мүшелері Несіпбала Әбділдаева, Орынбай Жанәділ, Сағат Мәсімақынов өз ой-пікірлерін жеткізді. Айтылған ақпарат назарға алынды.
Отырысты Жанат Молдағұлұлы қорытындылап, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.