Аудан әкімінің тоқсан сайын есеп беру жиналысы осы аптаның сейсенбісі күні Райымбек ауылдық округінде жалғасын тапты. Аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев, бірқатар бөлім басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқан жиында тұрғындар тарапынан көптеген маңызды, әлеуметтік мәселелер көтеріліп, бірқатар ұсыныстар айтылды.
Есептік кездесуге қатысқан Бұлақты ауылының тұрғындарының барлығы дерлік ауылда мектептің жоқтығынан балалар көрші ауылдарға баруға мәжбүр болып жүргендігін айтып, жаңа білім ордасын тұрғызып беруді сұрады. Бұған аудан әкімінің орынбасары Д.Сансызбаев Бұлақтыға мектеп тұрғызу бұрыннан жоспарда болған, алайда оны салуға жер беремін деген азамат бүгінде жерді заңды түрде әкімдікке бермей отырғандығынан мектептің құрылысы тоқтап тұрғандығын түсіндірді. Егер де аталған азамат құжаттарын заңды түрде рәсімдетіп, өз жерін беретін болса мұнда мектептен бөлек ауыл тұрғындары қажет етіп отырған дәрігерлік амбулатория да салынатын болады. Осыған байланысты Дулат Мұратұлы қазіргі уақытта жер мәселесін шешу үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Аудан әкімінің орынбасарының жауабын естіген ауыл ақсақалдары мәселені тез арада өзара шешу үшін аталған азаматпен сөйлесіп, жерді алуға көмек көрсететіндіктерін айтты.
Сонымен қатар Бұлақтының тұрғындары ауыз судың, көшелердегі жолдарда асфальттың жоқтығы сияқты бірқатар маңызды мәселелерді сөз етіп, балаларға арналған ойын алаңының қажеттілігі жайлы да айтып өтті. Олардың айтуынша, бүгінде ауылда ойын, спорт алаңдарының жоқтығынан көптеген балалар сабақтан тыс және демалыс күндері көшелерде қаңғып, кішігірім бұзақылықтармен айналасуда. Бұған аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев жоспарға сай ағымдағы жылы ауылдағы Жастар көшесінің соңына ойын алаңы салынатындығын жеткізді. Бүгінде алаңның қажетті құжаттары дайын, бюджеттен қаражат та бөлініп қойған.
Ауылдың шешілуі тиіс бірқатар мәселелері көтерілген жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Дулат Мұратұлы тиісті бөлім басшылары мен округ әкіміне халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерді үнемі назарда ұстап, оны ретімен шешуді тапсырды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.