Рас, Кеңес Одағы тұсындағы шаруашылықтардың тарағанына да 30 жылдан асты. Сол кезде қарапайым ауыл тұрғындарының үлестеріне тиген трактор, техниканың бәрі ескірді. Дені іске жарамсыз болып әр үйдің ауласында қалқайып тұрғаны жасырын емес. Бірлі-жарым ауқатты фермерлер «Казагрофинанс» арқылы тракторлар алды. Көпшілік тұрғындар көктем егісі, мал азығын дайындау кезінде қиындық көріп келе жатқаны жасырын емес. Содан барып олардың қарамағындағы егістік, шабындық жерлер жылдар бойы игерусіз қалып, табиғи алқаптарға айналды.
Кеген ауданының әкімдігі дәл осы мәселені тиімді шешудің жөні мен жолын тапты. Былтыр Қарқара ауылындағы еңбекқор, іскер азамат Омаров Оразалы Нұрахметұлы басқаратын «Мәди» шаруа қожалығы негізінде «Жігер» атты сервистік орталық құрды. Көктемгі егіс жұмыстарын, мал азығын дайындау және бос жатқан жерлері игеру бағытында құрылған сервистік орталық шын мәнінде қолдарында ештеңесі жоқ ауыл тұрғындары, жекелеген шаруа қожалықтары үшін игілік болды. Өткен жылы маусым айында құрылған сервистік орталыққа мемлекет тарапынан 298 миллион теңге қаражат бөлініп, оған 10 заманауи алымды трактор, 1 тіркемесімен «Камаз» жүк көлігі, 31 ауылшаруашылығына қажетті техникалар берілді. Сөйтіп, Оразалы басқаратын сервистік орталық былтырғы жылдың ауанында аудан аумағындағы Тасашы, Бөлексаз, Шырғанақ, Қарқара, Кеген ауылдық округтерінен шаруа қожалықтарының, жекелеген тұрғындардың қарамағында игерілмей бос жатқан 500 гектар алқапты айдап, көктем егісіне дайындап қойды. Енді алдағы көктемде сол жерлердің топырағын уатып, тырмалап, тұқым сеуіп беріп көмектеседі. Істеріне қолдау көрсетеді. Тек қана жердің иелері тұқымды өздері дайындайды. Ал, мал азығын дайындау кезінде шаруа қожалықтарының шабындық жерлерінің шөбін шауып, тайлап тасымалдауға дайындап береді. Бұл шын мәнінде қарапайым ауыл тұрғындарына қолдау мен көмек болып отыр. Бос жатқан жерлерді игеру биыл одан әрі жалғасатын болады.
–Шүкір, халықтың жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Шамасы келгендер көп жылдық шөп өсіруді қолға алып жатыр. Егістікпен айналысам, көп жылдық шөп тұқымын егіп, өсірем деген тұрғындарға, шаруа қожалықтарына аудан аумағынан құрылған сервистік орталық бірден-бір көмекші болып отыр. Мынау Кеген ауылдық өңірінде де 4 мың гектар жер игерілмей жатыр. Сол үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Құмтекей», «Қарқара» каналдары күрделі жөндеуден өткізілуде. 1 миллиард теңге бөлініп, каналдар қолға алынды. Бұл бізді қуантып отыр. Каналдар арқылы су келсе, 4 мың гектар жер игілікке айналады,-дейді «Жігер» сервистік орталығының басшысы Оразалы Омаров.
Сервистік орталық оннан аса адамды еңбекпен қамтып отыр. Мазасыз маусым кезінде 10 механизатор еңбек етеді. Оларға ақшалай, мал азығы түрінде де еңбекақы төленуде. Ешкімнің реніші жоқ. Реті келгенде, трактор жүргізетін Махамбет Шүкіров, Алмас Бапаев, Ермек Қоңырқожаев, Сақан Ғалым, Жолдасбек Орманбеков, Ералы Омаров секілді механизаторлардың есімдерін орынды айтуға болады. Мал азығын дайындау кезінде тіркемесімен «Камаз» жүк көлігімен Мұрат Әукенов көптің алғысын арқалап жүр.
Жаңа трактор, техникамен қамтамасыз етілген «Жігер» сервистік орталығы көктем егісіне сақадай-сай. Жағар-жанармайлары да жеткілікті. Күн жылынып, егіс басталды бітті өздерімен ынтымақтастықтағы шаруа қожалықтарының жерлерін айдап, тырмалап, тұқымын сеуіп беретін болады. Мазасыз маусымның да ауылы алыс емес. Біз Оразалыдай азамат басқаратын Кеген ауданындағы жекелеген тұрғындардың, шаруа қожалықтарының игерілмей бос жатқан жерлерін игеріп, тамырына қан жүгіртіп, арпа, бидаймен жайқалтуға тікелей атсалысып, септігін тиігізіп жүрген сервистік орталықтың ұжымына қолдары қуатты болсын дедік.
Қ. САТЫПАЛДЫ.
Қарқара ауылы.
Суретте: «Жігер» сервистік орталығының басшысы Оразалы Омаров (ортада) механизаторлар Махамбет Шүкіров, Алмас Бапаевпен жұмыс барысын ақылдасуда.