Ғасырлар бойы аңсаған тұғырлы Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толып отыр. Осы азаттық күн үшін арпалысқан қазақ жастарының күресі – ол Желтоқсан көтерілісі. Сол бір 86-дағы жастар бас көтеруінде көптеген қыз-жігіттер жараланып, азаттық үшін жанын пида еткендер де болды. Осы бейбіт күніміз үшін күрескен сол кездегі қаһармандарымыздың бірқатары қазір ортамызда жүр. Осы аптаның дүйсенбісінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарды айтулы мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Салтанатты жиында аудан басшысы алдымен желтоқсаншы ардагерлермен танысып, тәуелсіз азат күніміз жайлы сыр шертіп, ой қозғады. Сөзінің барысында Жандарбек Ермекұлы ауданымыздың бірқатар мәселелерін алға тартып, оның аясында атқарылатын жұмыстарымен де бөлісті.
«Биыл тұғырлы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Бұл егемендігіміз бізге қалай сый болып келгені баршаңызға белгілі. Қайғылы Желтоқсан оқиғасында егемендікті алуға ұмтылған жастарымыздың, қақаған қыстың ызғарлы суығында жан кешкендіктері, батырлықтары бүгінде тарих беттерінде мәңгі сақталуда. Осы жалынды жастардың арасында болған желтоқсаншылардың бірқатары біздің ауданымызда да бар. Бүгін аудан басшысы ретінде сол азаматтармен жүздесіп, құрмет көрсетуді жөн көрдім. Бейбіт шеруге қатысып, еш қаймықпай қайсар мінездерін танытқан мұндай жүректі жандарды ұлықтап, елеп ескеріп, алғыс жаудыру Сіз бен біздің парызымыз деп ойлаймын»,– деді аудан басшысы өз сөзінде.
Осындай орнықты ойлардан кейін аудан басшысы мерекелі күннің кейіпкерлері – желтоқсаншыларды жеке-жеке марапаттап, сый-сияпаттарын тапсырды. Нақтырақ айтқанда, аудандағы 28 желтоқсаншының он тоғызына Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30» жыл мерекелік медалін табыстап, қалған ардагерлерді өз атынан Алғыс хаттармен марапаттады. Осындай ізгі тілек пен құттықтау сәтінен кейін Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Сәкен Шаймолдаев сөйлеп, келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен барлығын құттықтады.
Азаттықты ту етіп, егемен ел болсақ деп намыс отын алаулатқан мұндай жүректі қаһармандарымыз әрдайым құрметке лайық деп ойлаймыз. Тәуелсіздігімізді тарихқа таңбадай етіп қалдыру үшін жанын берген, ызғарлы аязға шыдаған азаматтардың абыройлы істері ұрпақтан ұрпаққа өшпес мұра болып қала бермек!
Бұрым ОРЫНБАСАР.