Жалаңаш ауылы – аудан аумағындағы ең үлкен ауылдық округ. Құрамына Тоғызбұлақ, Жайдақбұлақ секілді ауылдар кіреді. Мұнда бес мыңнан астам халық тұрады. Мыңнан аса отбасы бар. Жалаңаш ауылы өз тұсында ауданның орталығы да болды. Бұл оның дамуына, өсіп-өркендеуіне негіз қалады. Бір ғана Жалаңаш ауылында екі орта мектеп, «Көлсай көлдері» атты кәсіптік-техникалық колледж, оқу-өндірістік комбинаты, «Жалаңаш» орманшылығы, Жалаңаш ауылдық ауруханасы бар. Бір округ аумағында екі Мәдениет үйі жұмыс істейді. Оның бірі Тоғызбұлақ ауылында. Жалаңаш ауылынан көптеген академиктер, ғылым докторлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер мен спорт саңлақтары шықты. Қарқара көтерілісінің ұйымдастырушыларының бірі болған Серікбай Қанайұлы Жалаңаш ауылының іргетасын қалауға, мектептер салғызуға септігін тигізген. Ақай Нүсіпбеков, Дәулет Серікбаев, Сәдуақас Серкебаев, Әріпбай Алыбаев, Тоқтарбай Табылғанов, Талғат Байжанов, Жартыбай Қожашев секілді майдангерлер осы өңірден шықты. Қоғам қайраткері Амангелді Ермегияев, жалпы Ермегияевтар әулеті Жалаңаш ауылына көптеген жақсылық жасады. Ж. Ермегияев атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, ондағы өлке тану мұражайын жасауға негіз қалады. Ауылдың экономикалық және әлеуметтік дамуына әр жылдары Мансұр Халықов, Байжиен Мұқашев, Меліс Смағұлов, Ізбасар Құсайынов, Жартыбай Қожашев, Иса Жендеев, Алагөз Ыдырысов, Қаупен Жәңгіров, Оспанәлі Мүсіров, Кеңесжан Әлиев, Есқали Байғозиев көп еңбек сіңірді.
Жалаңаш ауылдық Мәдениет үйіне әуесқой сазгер, белді музыкант Бақытжан Құсайынов басшылық жасайды. Сәрсехан Қонақбаева – көркемдік жетекшісі. Күміс көмей әнші. Мәдениет үйінің жанынан құрылған әжелер ансамблінің жұмыс істеп келе жатқанына жылдар жылжып барады. Ансамбль құрамында Бота Илесова, Нұргүл Қызайбекова, Оңал Тұрсынбаева, Дәриға Базаркелдиева, Шаруан Сәкенова, Гүлжәмила Асқарбекова, Ханша Ақжігітова, Гүлшат Машимбаева, Сәрсехан Қонақбаева, Нұргүл Айдарова, Оңласын Тұрысбекова секілді өнерлі аналар бар. Ансамблге Нүргүл Қызайбекова жетекшілік жасайды. Әжелердің хормен айтқан, жеке дауыста айтқан әндерінің бәрін Бақытжан Құсайынов баянмен сүйемелдеп отырады. Жалаңаш ауылдық Мәдениет үйі туралы сөз қозғағанда ерлі-зайыпты өнер иелері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері, дәстүрлі әнші Тоқтарбай Бірімжанов пен бұлбұл әнші Жаңыл Сабаншиеваның есімдерін, еңбектерін атап өткен жөн. Жаңыл Сабаншиева, Аққазия Дәулетбақова, Зейнеп Тасырова секілді өнерлі аналар әжелер ансамблінің алғашқы мүшелері болды. Ансамбльдің аяғынан тік тұрып кетуіне үлестерін қосты.
Ансамбль құрамындағы Шаруан Сәкенова атты ана өз тұсында балалар бақшасында аспаз болып еңбек етті. 2 ұл, 4 қыз өсірген, 24 немере, 5 шөбересін сүйген бақытты ана. «Күміс алқалы» жан. Ансамбль құрамында болып қазіргі таңда Алматы қаласына қоныс аударған Ханша Ақжігітова 2 ұл, 2 қызын өмірге әкелген. 11 немересі бар. Өз тұсында тұтыну қоғамында сатушы болып еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан. Оңалхан Тұрсынбаева – «Алтын алқалы» ана. 3 ұл, 4 қызынан 22 немересін көрді. Кезінде ауруханада аспаз болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. «Ауылдастар» атты бейнефильмге түскен. Бота Илесова атты ананың 5 баласы, 5 немересі бар. Оңласын Тұрысбекова да 4 баласын өсірген бақытты анлардың бірі. Бүгінде сексен жасына таяп қалған Дариға Базаркелдиева – Райымбек ауданындағы Сүмбе ауылының түлегі. «Күміс алқалы» бақытты ана. Жалаңаш қазақ орта мектебінде мұғалім болып еңбек етті. Отыз бес жылдық еңбек өтілімен зейнет демалысына шыққан. Қазіргі таңда жиырмаға тарта немересін, 16 шөбересін аялаған ана, бақытты әже. Ансамбль құрамындағы Нұргүл Айдарова өз тұсында мейірбике болып еңбек еткен. 3 баланың анасы, 3 немересі бар. Бүгінде алпыстың бесеуіне келген Гүлжәмила Асқарбековадай ананың мамандығы – «мұғалім». Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен шәкірттеріне дәріс берген. Облыс, аудан, ауыл әкімдерінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Білім саласының көптеген байқауларына қатысып, бас жүлделі болды. 3 ұл, 2 қыз өсірген. 9 немересін аялаған бақытты әже. Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып еңбек ететін Сәрсехан Қонақбаеваның 2 ұлы, 1 немересі бар. Ансамбль құрамында өзіндік орын бар күміс көмей әнші. Мәдениет саласында жұмыс істеп жүргеніне 20 жыл болды. Гүлшат Машимбаева ауылдық Мәдениет үйінде қарапайым жұмыс істейді. Ансамбльдің белді мүшелерінің бірі. 1 ұл, 2 қызын өмірге әкелген. Бәрі бір-бір шаңырақ. Ансамблдің жетекшісі Нұргүл Қызайбекова ауылдағы аналар кеңесінің төрайымы. Ауданға белгілі кәсіпкер ана. Кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқанына 20 жылдан асты. Қаскелең қаласындағы педагогикалық училищенің мектепке дейінгі тәрбие ісі бөлімін бітірген. Мамандығы бойынша 11 жыл жұмыс істеген. Ұйымдастырушылық қабілеті мол. С.Бейсенбетов атындағы орта мектеп жанынан құрылған қамқоршылық кеңесінің төрайымы. Әйгілі Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың бірі. Бірнеше мәрте аудан әкімінің, ауыл әкімінің Құрмет грамотасын иеленген. 2 қыз өсірген, олардан үш немересі бар.
Әжелер ансамблі ауылдағы барлық мерекелік шараларға қатысады. Салт-дәстүрдің көзі мен өзі. Ұлтымыздың салт-дәстүрін, жөн-жоралғысын уақытқа қарай түрлендіріп, гүлдендіріп отырады. Ақылдары кенен, ұлағаттары өміршең, қолдарынан өнер де, іс тігу де, бабына келтіре дәмді тағам әзірлеу де келетін әжелер ауылда өтетін мерекелік шаралардың, Наурыз тойының, Айт мерекесінің көркі, ажары мен базары. Бірыңғай киінген әжелер сахнаға, ортаға шыққанда айналаң көркейіп кетеді. Әжелердің қосыла салатын әндері қандай десеңізші?! Мәдениет үйінің директоры, әуесқой сазгер Бақытжан Құсайынов пен Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, әнші Сәрсехан Қонақбаеваның назарындағы әжелер ансамблінің репертуары бай. Ұлттық нақыштағы киімдері, әндері мен сәндері жарасым тапқан әжелер «Жайдарман», «Дәурен-ай», «Белес-белес», «Саған халқым-ай», «Бүлдірген», «Беу, айдай», «Бір бала», «Болсаң мәңгі жолдас бол» атты халық әндерін тамылжыта орындайды. Қапездің «Меркі», Е. Хасанғалиевтің «Ақ бидай», Қ. Құдайбергеновтың «Ақ кимешек», З. Бекбосыновтың «Немерем», Н.Тілендиевтің «Болмасын соғыс болмасын», С. Сейфуллиннің «Тау ішінде», Шәмші әндерінен попури әжелер ансамблінің репертуарынан берік орын алған.
Жалаңаш ауылдық Мәдениет үйінде әжелер, аталар, би, домбыра, жанұялық ансамблдер, эстрадалық аспаптар ансамблі, драма үйірмелері жұмыс істейді. Жалаңаш өңірінен шыққан ақын-жазушылармен, өнер адамдарымен онлайн түрінде кездесулер, сұхбаттар ұйымдастырылды. Мереке кезінде ұйымдастырылған концерттік бағдарламалар жеткілікті.
– Қастерлі де қасиетті Үш Меркіге арналған Қапездің де әні ел есінде. Бақытжан ініміздің де шығарған әнін көпшілік ыстық ықыласпен орындап жүр. Жалпы, Үш Меркіге өлең арнап, жыр жазбаған ақын, қолына қалам ұстаған адам кемде-кем. Бұл қасиетіңнен айналайын, туған өлкенің ғажайып сұлулығы, тамсандырар табиғаты. Осынау Үш Меркінің атындағы әжелер ансамблінің өнеріне, жақсы дүниелеріне көңілімді жұбатып, жанымды қуантып қараймын. Асыл да алтын құрсақты әжелерімізден айналайық! Ауылымыздың өнерін өркендетуге қосып келе жатқан үлестері мол. Әсіресе, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тигізіп жүрген шапағаттары, ұлағаттары, өнегелері қандай десеңізші?! Осындай үлкен жүректі, ақ тілекті, ыстық ниетті, кең құшақты аналар бар да ұрпағымыз азып-тозбайды. Өнеріміздің өрісі жұтамайды. Мен соған қуанамын. Өнерлі, салт-дәстүрді ұстанған аналарымыздың амандығын, жақсылықтарын, өсірген ұрпақтарының қызығы мен қуанышын шын жүрегіммен тілеймін! – дейді Жалаңаш ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Әріп Сыбанбаев.
– Біз негізінен ұлтымыздың көнеден келе жатқан, алтын арқау, жібек жібін үзбей жалғасып келе жатқан халықтық әндерді насихаттаймыз. Көнеден келе жатқан гауһар, маржан іспетті жөн-жоралғыларымызды бүгінгі жас ұрпаққа тәлім мен тәрбие етіп ұсынамыз. Салт-дәстүрін білген, тарихынан хабардар, туған тілі мен жерін аялайтын ұрпақ көп болса, заманымыз жаман болмайды. Келешегіміз кемелдене түседі. Иманы жолдас, барлық жағынан қалыптасқан жастар – Тәуелсіз Отанымыздың баянды болашағы. Ондай жастардың көп екеніне қуанамын. Өнерлі, ақылды, білімді, білікті жастарды көргенде көңілім көтеріліп сала береді,-дейді әжелер ансамблінің белді мүшесі, байырғы ұлағатты ұстаз, ұрпағының бақытымен гүлдей жайнап жүрген ана Гүлжәмила Асқарбекова тебірене тіл қатып.
Аналардың қосыла шырқаған халықтық әндері, туған жер туралы әндері көңіліміздің төрін нұрландыра берді. Әз аналарымызға ғасырлық бақытты ғұмыр тілейміз.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Жалаңаш ауылы,
Кеген ауданы.