Жақында әлеуметтік желі арқылы Райымбек ауылының тұрғындары аталмыш елді мекендегі Сүйінбай көшесінің бойында салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының жағдайына алаңдаушылықтарын жеткізіп, наразылықтарын білдірген болатын.
Айтуларынша, тас жолдың жиегіндегі жолдарды жөндеу кезінде оның ортасында түрлі бағаналар мен жарықтандыру тіреуіштері қалып қойған. Алайда соған қарамастан жол салумен айналысатындар жұмыстарын жалғастыра берген. Халықтың наразылығы аудан әкімін бей-жай қалдырған жоқ. Қарасай ауданының басшысы Жасұлан Естенов аптаның алғашқы күні Райымбектегі Сүйінбай көшесіне арнайы барып, естіген мәселені өз көзімен көруді жөн санады.
Жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарымен «Компания Алматыдорстрой» ЖШС айналысып жатқанын айта кету керек. Тапсырыс беруші – Алматы облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Олқылықтарды байқаған аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы Сүйінбай көшесінің бойындағы жол жиегін бастан-аяқ қадағалады. Халықтың наразылығы орынды екенін айтып, мердігер мекемеге ескертпе жасады. Сондай-ақ, аталмыш компанияның, аудандық электр желісімен айналысатын АЖК-ның, Қазақтелекомның өкілдеріне сапалы жұмыс істеу маңызды екенін айтып, жолдарды ретке келтіру бойынша тапсырма жүктеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.