Дүниежүзін дүрліктіріп, әлем халқын үрейлендірген коронавирус індеті біздің елімізден де айналып өтпегенін өздеріңіз білесіздер. Аты жаман кеселдің кесірінен сырқаттардың саны артып, талай жандар бұл өмірмен қош айтысып жатты. Індеттің ізін жоғалтып, онымен күресетін жалғыз қару – екпе салдыру деп ойлаймын. Оны алдымен, әу баста денсаулықтың сақшысына айналған медицина қызметкерлері алғаны белгілі. Қазіргі таңда ерікті түрде қарапайым халық та осы бір жауапты қадамға баруда.
Өз өмірім мен қоғамның қауіпсіздігі, жақындарымның амандығы үшін мен де екпе қабылдауды жөн деп санап, ағымдағы жылдың 12-сәуірінде өз еркіммен «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) вакцинасының І компонентін салғыздым. Алғашқы күні дене қызуым аздап көтерілді. Кейін ешқандай ауырлық жағдайды сезбедім. Ешқандай теріс әсерлері байқалмаса, 3-мамырда ІІ компонентін алатын боламын.
Ауданға белгілі, тарихы терең мектепте басшылық қызметте болғандықтан, ұстаздар қауымымен етене араласып, ата-аналар және оқушылармен де қарым-қатынаста болатыным жасырын емес. Солардың өміріне қауіп төнбесе екен деген ниетпен аталған екпені алғанымды айтқым келеді. Әрине, қазіргі таңда вакцинаға қатысты адамдар арасында түрлі пікірлер қалыптасты. Дегенмен, әркім саналы түрде шешім қабылдай білген дұрыс деп есептеймін. Теріс ойлай берсек, әсері де солай болар деген ойдамын.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп дана халқымыз бекер айтпаған шығар. Елдің амандығы мен келешек ұрпақтың саулығын ойласақ, сақтанғынымыз абзал.
Қорлан ТҰРСЫНОВА,
Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің директоры.