Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Жамбыл ауданына жасаған жұмыс сапарында аудан активімен кездесті. Аудан әкімдігінің ғимаратындағы жиын жексенбі күні өткен сайлаудың қорытындысына арналды.
Өңір басшысы өз сөзін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аудан әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі бастамасынан бастады. Осыған орай 5 қарашада облыста тұңғыш рет екі аудан әкімінің сайлауы өткеніне тоқталды.
– Мемлекет басшысы өңірлердегі атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін арттыру маңызды екендігін атап өткен болатын. Бұл тарихи үрдіс қоғамды демократияландыру мен жергілікті басқаруға оң әсер береді, – деді облыс әкімі.
Мінбеде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жақсылық Қарымбаев сайлау қорытындысын хабарлады. Ол Жамбыл ауданы әкімінің сайлауында сайлаушылар тізіміне 105895 азамат енгізіліп, дауыс беруге 68196 сайлаушы қатысқанын айтты. Үш кандидат саяси додаға түскен. Қорытындысында: «сайлаушылардың 4413 дауысы Базарбаев Жанғали Мұратбекұлы үшін берілді. 58661 сайлаушы өз дауысын Ертас Нұрлан Ертасұлына берді. Ал Шортанбаев Ғани Мұханұлы үшін сайлаушылардың 4142 дауысы берілді. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 678»,– делінді.
– Сайлау нәтижесіне сәйкес Жамбыл ауданының әкімі болып Ұзынағаш ауылының тұрғыны Нұрлан Ертас сайланды, – дей келе Ж.Қарымбаев қызметтік куәлікті тапсырды.
Жиында жаңадан сайланған аудан әкімі сөз алып, қоғамдық өмірді демократияландыру жолындағы маңызды қадамға қатысуын қалай сезінгенін білдірді.
– Жалпы әкім сайлауы – ашық қоғам құруға айқын қадам, мемлекет пен қоғамның арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі деп білемін. Халық игілігіне қызмет етуден асқан абырой жоқ. Саяси науқанда аудан жұртшылығының таңдауына ие болып, сенімін арқалау маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Елімнің шынайы патриоты ретінде аудан тұрғындарының әлеуметтік өмірін жақсартуға межелі мақсаттар қойып отырмын. Осы ретте, халықпен етене-жақын араласып, барлық келелі мәселелердің түйінін бірлесе шешуге жұмыламыз. Осы өңірдің перзенті ретінде ауданның әлеуметтік өркендеуі жолындағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етуді негізгі міндетім деп есептеймін, – деді аудан әкімі Нұрлан Ертас.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында ол ауданға қарасты 45 елді мекеннің тұрғындарымен және денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларымен қатар, аграрлық сектор, зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдармен, көп балалы аналармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, белсенді жастармен, кәсіпкерлермен, спортшылармен кездескен, 90-нан аса іс-шара ұйымдастырылған.
– Менің мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек жолым өздеріңіздің көз алдарыңызда өтті. Бұдан әрі де өздеріңізбен бірге ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолында барлық күш-жігерімді, тәжірибемді, білімімді жұмсауға дайынмын, – деген ол сенім білдірген аудан жұртшылығына шынайы алғысын білдіріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосатынына сендірді.
Жиында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев саяси додада партияның орнына тоқталды. Сондай-ақ жергілікті зиялы қауым өкілдері атынан аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Әскербек Абаев жаңа жүйе бойынша өткен сайлауда басымдыққа ие болған үміткердің аудан басшысы лауазымына әбден лайықты екенін атап өтіп, қызметіне табыс тіледі.
Облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев ең алдымен аудан экономикасының өсімін, халықтың әл-ауқатының артуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі таңда Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар 33 млрд. теңгені құрап, 57%-ке артты. 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,3 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 157 млрд.теңге. Экономиканың басқа салалары бойынша тұрақты дамуы сақталуда, – деді облыс әкімі М.Сұлтанғазиев.
Кемшілік те жоқ емес.Өңір басшысы өз сөзінде автомобиль жолдарының, ирригациялық желілердің қазіргі жай-күйі, жекелеген елді-мекендерде газ, ауыз су, интернет желілерінің қосылмағандығы және қоқыс үйінділері – ауданның негізгі мәселелері осылар екеніне тоқталды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін бірқатар міндеттерді орындау қажеттігін айтты. Осыған байланысты жаңа әкімге міндеттер тапсырды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Нұрлан Ертасұлына Жамбыл ауданын дамыту жолында жемісті еңбек етуін тіледі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.