ТАЛҒАР АУДАНЫ
Жастарды қоғамның қозғаушы күші деп жатқанымыз бекер емес. Десе де қазіргі өскелең ұрпақ еліктегіш келетіні жасырын емес. Әсіресе, дін жолында олардың сауатты болуы маңызды. Сол мақсатта бүгінгі таңда рухани тұрғыдан жастарды байытатын жиындардың өткізілуі орынды деп білеміз. Сондай басқосулардың бірі жақында Талғар қалалық агробизнес және менеджмент колледжінде өтті. Жиы барысында «Діни сауаттылық адасудан сақтайды», «Зорлық-зомбылықсыз өмір» атты тақырыптар талқыланды.
Аудандық Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Батырханұлы, ауданның жауапты теологы, дінтанушы Әділет Әбді, Талғар ауданының бас имамы Нұржан Керімбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Маден Бактыбаев, Ішкі саясат, мәденит, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Гауһар Салимбаева, полиция басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Арай Қасымбекова және Талғар ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Жанұя» отбасын қолдау орталығының психолог маманы, құқық қорғау органының өкілдері қатысты.
Татулық пен тұрақтылық – мемлекетіміздің ішкі саясатының басты бағыты және өркендеудің қажетті алғы шарты. Бұл – елдің айқын мақсаты. Осы ретте отандық заңнаманың нормаларын орындау үшін аудан әкімдігінде ақпараттық-насихаттық шараларды жүзеге асыру міндеті басты назарда екенін айта кету керек. Бүгінде Талғар ауданынад 170 адамнан тұратын 15 ақпараттық-насихат тобы бар. Олар тұрғындар арасында діни сауаттылыққа байланысты ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізіп келеді. Ауданға қарасты мектеп, колледж сынды оқу орындарында кездесу ұйымдастырып, жастар мен жасөспірімдерді қара ниеттілердің құрығынан қорғаудың жолын қарастырды. Одан бөлек тұрғындар тарапынан қойылатын сұрақтарға жауап беретін 21 адамнан құрылған топ жұмыс істеуде. Бұл топтар халықтың барлық әлеуметтік топтарын қамтиды. Оның ішінде жас буынның өкілдері басты назарда.
Жоғарыда атап өткен шара басында алғаш сөз кезегін Бауыржан Батырханұлы алып, колледж жастарын жат ағымнан қалай сақтану керектігі жөнінде құнды ақпараттармен бөлісіп, теріс діни ағымдардың шығу тарихы және оның түрлері мен ерекшеліктерін ашып айтты. Теріс пиғылдылардың тырнағына ілінген азаматтардың тұлғасындағы өзгерістерді атап өтті. Оның айтуынша, жат ағымға бет бұрғандардың арасында кейбір қолданыстағы сөздер өзгеріске ұшырайды. Яғни, «Ахи», «Ухти», «Джахил», «Мушрик» сынды сөздерді жиі қайталайды. Балағын қысқартып, спорттық, әскери және араб киімдеріне әуестене бастайды. Өзіне өзгеше «Абдолла», «Абу», «Али», «Юсуф» сынды лақап ат қойып, ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі ханафи мәзһабы бойынша намаз оқымайды. Жас ұрпақтың санасын улап, ислам дінінің мәні жиһад деген түсінік береді. Адасушыны тек жихат тақырыбы ғана қызықтырып, үнемі осы тақырып туралы ізденеді. Адамдармен қарым-қатынасы өзгеріп, мінезі тұйықталып, тез ашуланады. Интернет арқылы тек өз ұстаздарының уағыздарын тыңдап, ислам әлемінде болып жатан қарулы қақтығыстардың бейнежазбаларын жиі көреді. Олардың көздеген нысанасын құрыққа түсіруінің басты айласы – ғаламтор. Олар әлеуметтік желідегі арнайы парақшалары арқылы өздерін жақсы жағынан көрсетіп, қатарына тартады. Құран бағыштау, бет сипау, жеті шелпек пісіру, қабірді зиярат ету сынды отбасында жасалатын рәсімдерді теріске шығарып, өз ұлтының құндылықтарына қарсы қояды. Ата-анасы, бауырларымен намаз оқымағаны үшін араздасып, қарым-қатынасын үзеді. Құран аяттарын тікелей мағанасында түсіндіріп, жастардың санасын улап, тура жолдан тайдырады. Осылайша қоғамда жік пайда болып, бүлік шығады. Сонымен қатар, мемлекет жағынан рұқсат етілген имамдардың ғана уағызын тыңдауға шақырды.
Кездесу барысында қатысушыларға сұрақтарын ауызша және жазбаша қоюға мүмкіндік берілді. Ауданның бас имамы Нұржан Керімбеков жастар үшін дәл қазіргі басты міндет білім алу екенін ұғындырып, ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дініміздің салт-дәстүрімізбен сабақтасып, тамырласып жатқанын түсіндірді. Одан бөлек, ата-дәстүрімізге қарсы шығып ән айтып, домбыра шерту, жаңа түскен келіннің бетін ашып, сәлем салуды жоққа шығаратындардың түп мақсатының ұлтты тамырымен жою екенін ашып айтты.
– Қоғамнан өз орнын тауып үлгермеген жастарды қолшоқпары етіп, көздеген мақсатына жеткісі келетіндердің арбауына түсіп қамау үшін жастар тек біліммен ғана қарулануы керек. «Тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы» деп ойшыл әл-Фараби бекер айтқан жоқ. Ұлтқа қызмет ету мінез бен жақсы тәрбиеден, – деп ойын түйіндеді ауданның бас имамы.
Ал Полиция басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Арай Қасымбекова балалар арасында зорлық-зомбылықтың көбейгенін айтып, әлеуметтік желідегі жаға ұстатарлық жағдайдың не себепті артып бара жатқанына тоқталды.
Кездесу соңында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардың тарапынан тұщымды жауап ала білді.
Өз тілшіміз.