Жастардың басын біріктіріп, еңбексүйгіштікке баулитын «Жасыл елдің» жасақшылары биылғы кезекті маусымында да қоғамға пайдасы мол істерін жалғастыруда. Олар аудан бойынша аббаттандыру жұмыстарын атқарып, қайырымды бастамаларға барынша атсалысуда.
Биылғы маусымның басталғанына бір айдай уақыт өтсе де еңбек жасақшылары бүгінгі күнге дейін біраз жұмыстарға белсене атсалысып, өздеріне жүктелген міндетті жақсы орындап келеді. Олардың істері көзге еленбеуі мүмкін, алайда, атап айтар бастамалардың басы-қасынан табылуда десек болады. Мәселен, аудандық әкімдік ғимараты мен оған қарама-қарсы орналасқан Мәңгілік алау маңайында, Шамалған ауылы мен Қаскелең қаласының шекарасында қаулап өсіп кеткен арамшөптерді жұлып, аудан орталығындағы ескерткіштердің айналасын тазартып, өзен жағалауындағы, қалалықтар жиі демалатын Ақсай шатқалындағы күл-қоқыстарды жинау жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек, «Киелі табиғат» жобасы аясында «Таза қала үшін!», «Таза әлем» деген ұранмен пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен сенбілікке шығып, қоршаған ортаны қорғау мақсатында плоггинг бағытында экологияға деген қамқорлықтарын танытуда.
Қарасайлық жасақшылар бұл жұмыстардан бөлек, үлгі боларлықтай игі бастамаларға да қатысуда. Жақында аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен Қаскелеңдегі «Нұр Отау» қарттар үйіне барып, «Қарттарым аман-саумысың?» атты қайырымдылық акциясын өткізген болатын. Бұл іске де «Жасыл елдің» балалары атсалысып, қазыналы қарияларымыздың көңілін аулап, олар мекен ететін үйге тазалық жұмыстарын жүргізді.
Жастардың осындай бірлескен істері аудандағы жалғыз басты қарттардың және көп балалы отбасылардың үйлерінде де атқарылуда. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж мұндай жандарға демеушілердің қолдауымен азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар да жеткізіледі.
Осылайша «Жасыл ел» еңбек жасақшылары демалыс күндерден басқа, аптаның әр күнінде біз атап өткен игі бастамаларға бір кісідей атсалысып, еңбек етуге деген қабілеттіліктерін арттырып, қайырымы мол істерге себепші болады.
Жалпы, шілде айында аудан бойынша 66 адам жұмыспен қамтылғанын айта кеткен жөн. Оқу жылы басталғанға дейін, яғни, қыркүйек айы басталғанша қарасайлық еңбек жасақшылары жоғарыда атап өткендей көптеген игі шараларға қатысатын болады.
Аяулым БОЛАТБЕК,
Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығының
маманы.