Ауданымызда бірқатар әлеуметтік маңызы бар мәселелерді реттеумен қатар тұрғындарды жұмыспен қамту барысы да назардан тыс қалмауда. Оған жүйе құраушы алып кәсіпорындарды білікті мамандармен қамту, кәсіби оқу орындарының түлектерін тәжірибеге жіберу іс-шаралары қашанда маңызды. Осыған орай осы аптаның сәрсенбі күні Қаскелең қаласындағы «Жер-Ана» базарында жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті.
«Жас Отан» жастар қанатының ұйытқы болуымен жүзеге асқан шараның мақсаты – жұмыссыз жүрген немесе оқуды бітірген жастарды нәтижелі жұмыспен қамту, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға жұмыс берушілерді кеңінен тарту. Жастардың жұмысқа орналасуына көмектесуге арналған жәрмеңкеге Алматы облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, жұмыспен қамту орталығы, ауданымыздағы барлық кәсіпорындары мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақшыларының өкілдері, жұмыс іздеген немесе жұмысын ауыстырғысы келген студенттер қатысты. Оның барысында жұмыс берушілер жәрмеңкеге қатысушыларға өз кәсіпорындарын таныстырып, жұмысқа қабылдау жағдайлары туралы айтып берді.
Жастарға қызмет көрсету және әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің қызметкерлері Мөлдір Ерланқызы мен Әйгерім Серікова білімгерлеге «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жайлы толығырақ айтып өтті. Мамандардың пікірінше, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме ақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынады. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы маман ауылдық елді мекенге жұмысқа орналасқан жағдайда «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 70 айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы және қажеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзiмге, жылдық 0,01 % мөлшерiндегі сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар. Әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылған маман ауылдық елдімекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеме алатыны да сөз болды. Сондай-ақ, аталған әлеуметтік қолдауларға ие болу үшін ауданның немесе ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі уәкілетті органға құжаттар тапсыру қажет екенін түсіндірді.
Сол сияқты жұмыспен қамту орталығы мен Алматы облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алып, өз ісін ашу жолдары туралы, кәсіби даярлау мен қайта даярлау, жастар тәжірибесін және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру жайында кеңес берді. Сонымен қатар, келген мамандар тарапынан қайта оқыту және жаңа мамандық алудың мүмкіндіктері, оқу орындарының түлектеріне жастар тәжірибесінен өту мүмкіндіктері және жалпы жастарға арналған бағдарламалардың шеңберіндегі басқа да мемлекеттік қолдаулар туралы айтылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.