Жаңа 2019 жыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл. Өйткені, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында оны – Жастар жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай, бүгін ауданымыздың орталық Мәдениет үйінде Жастар форумы өтті.
Аудандық білім бөлі-мінің ұйымдастыруымен өткен форумға аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева, білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов, ауданымызға қарасты округердегі оқу орындарының ұстаздары мен білімгерлері қатысты. Форумда жастардың жетістіктері мен өнерлерін көрсететін көрме ұйымдастырылып, онда олардың қолдан жасаған бұйымдары, салған суреттері, құраған роботтары сияқты түрлі заттары көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, ауданның жас спортшыларының кубоктары мен медальдары да қойылды.
Басқосу барысында Жарқын Нұрғалымұлы баяндама жасап, ауданымыздың білім беру жүйесіндегі жас мамандармен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
– «Болашақ – жастардың қолында» атты ұранмен ауданымызда қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Жастарды түрлі саладағы қызметтермен қамту мәселесі бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел» секілді бағдарламалар жастарды тұрақты және уақытша жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп, биылғы жылы ауданымызда 141 жас маман жұмыспен қамтылып отыр, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы. Сондай-ақ, ол түрлі байқаулар мен жарыстарда ауданымыздың абыройын облыстық, республикалық дәрежеде көтеріп жүрген жастар жайында да әңгімеледі.
Баяндамадан кейін жарыссөзде жас маман Ақнұр Қожантаева сөз алып: – Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында мен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінен білім алып шығып, қазіргі таңда Л.Толстой атындағы орта мектепте қызмет етіп келемін. Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында 168 000 теңге көлемінде біржылдық жәрдемақы және тұрғын үй алу үшін 3 600 000 теңге жеңілдетілген несие алдым, – деді ол. Мұнан бөлек, Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясының ұстазы Райымбек Алпаров пен Қарасай батыр атындағы орта мектептің жас маманы Аэлита Гаипова шығып, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардан алған көмектері мен сол арқылы жеткен жетістіктері жайлы толығырақ айтып өтті.
Жарыссөзден кейін Айжан Нұрділдақызы сөз алып, жастардың кез келген сәтте еліміздің өсіп-өркендеуіне, өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне араласып, белсенділік таныта білуі керек екендігін айтып, аға буын салып берген сара жолды жалғастырушыларға табыс пен сәттілік тіледі.
Іс-шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасып, оның барысында ауылдық округтерден келген жас мамандар ауданымыздың тарихы жайлы көрініс қойып, патриоттық әндер айтып, ұлттық аспаптармен күйлер орындады. Ал, концерт соңы әдемі отшашумен аяқталып, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.