Биылдан бастап кәсібі бар немесе кәсіп бастағалы жүрген жастарға жылдық мөлшері 2,5 пайызбен шағын несие беріле бастайды. Бастама 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде қолға алынып отыр. Онда кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға конкурс негізінде микрокредит беру көзделген.
Бұл «екі қолға бір күрек тапсам» деп елеңдеген жастарымыз үшін жағымды жаңалық болды. Осы ретте Қарасай ауданындағы Халықты жұмыспен Қамту орталығының директоры Абылай Зуайда жастарға арналған 2,5% жеңілдетілген несие бойынша ақпарат берді.
– Биыл 5 млн теңгеге дейін жылдық 2,5 пайызбен жастарға шағын несие берудің жаңа механизмін енгізу жоспарланып отыр. Шағын несие беру мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығы жобаларына шағын несие беру мерзімі 7 жылға дейін белгіленді. Шағын несиенің ең жоғары сомасы 5 миллион теңгеге дейін, ал номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Негізгі қарызды өтеу және сыйақыны төлеу бойынша жеңілдік мерзімі шағын несие беру мерзімінің 1/3 бөлігінен аспайды, – деді орталық басшысы.
Ағымдағы жылдың 20 ақпаннан бастап жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған өтеусіз гранттардың бірінші легі бойынша өтінімдерді қабылдау басталды. Өтініштер кезең-кезеңімен 4 ағынмен business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады. Осы уақытқа дейін микронесие алуға Қарасай ауданынан бойынша тек екі адам ғана өтініш берген. Жұмыс іздеушілер үшін де, жұмыс берушілер үшін де осы белсенді жұмыспен қамту шараларының барлығы enbek.kz Электрондық еңбек биржасының порталында қолжетімді. Сондай-ақ жұмыс берушілер Жұмыспен қамту орталығына хабарласпай-ақ бос жұмыс орындарын осы порталға орналастыра алады. Ал, жыл соңына дейін Қарасай ауданы бойынша 45 жас кәсіпкерге несие беруге қаржы бөлінген.
Қарасай аудандық Жұмыспен қамту орталығының ақпаратына сүйенсек, несиені алу шарттары төменде көрсетілгендей. Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет. Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт емес. Бұл ретте жылжымалы мамандандырылған техника және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні ата-аналарын, туыстарын тартуға болады. Өтінім беру үшін құжаттар тізімі: жеке басын куәландыратын құжат; жоба бойынша бизнес-жоспар; шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама; кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде); қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме) болған кезде; кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп; кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар. Айта кетейік, микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі.
Иә, расымен жастар кәсіпкерлігі дегеніміз – бұл қаржылық сауаттылық, ұйымдасу және креатив ойлау көрінісі. Адам өз шаруасына өзі қожалық ете жүріп дамиды және бұл еліміздің адами капиталын дамытуға үлкен үлес қосады. Жастарға жылдық 2,5 пайызбен несие беру – кәсіпкерлікке құлшынып жүрген жастар үшін тамаша қолдау.
Бұрым ОРЫНБАСАР.