Қазақ халқының ұлы күйшісі, композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай, Шамалған ауылдық округі «Атамекен» музейінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, жастар арасында «Күй құдіреті» атты домбырашылар жарысы өтті. Шара аудандық мәдениет және тілдерді дамыту орталығының қолдауымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде өткізіліп, оған ауданымыздың жан-жағынан келген 14 -17 жас аралығандағы оқушылар қатысып, күй тартудан бақ сынасты. Жас домбырашылар жарысы Шамалған ауылдық округі «Атамекен» музейінде өтті. Келген қоңақтарды Қаскелең қаласының «Серпін» оркестрі Құрманғазының күйлерімен қарсы алды. Сондай-ақ, Мақсат Мұрат «Мәңгілік ел» әнін шырқады.
Сайыстың мақсаты – күй өнері арқылы оқушылардың ұлттық сана сезімін оятып, ұлттық құндылықтарын насихаттау, мәдениетіміз бен тарихымызды қастерлей білуге тәрбиелеу. Қазылар алқасының құрамында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ділдә Ұланқызы, Ұмтыл ауылдық округіндегі мәдениет үйінің директоры Қолғанат Измаханов, «Үшқоңыр» фольклорлық ансамблінің директоры Еркін Рахимов болды. Шараны ашқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының директоры Адиля Коржумбаева жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адами құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі екендігіне тоқталды.
– Қазақтың маңдайына біткен аса дарынды күйші мұрасы ұлтымыздың рухани байлығы. Күй сазының алтын қазығы. Байқаудың басты мақсаты жас ұрпақты өнерсүйгіштікке, күйге деген сүйіспеншілігін арттырып, халқының әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрін берік ұстануға тәрбиелеу,–деді ол.
Күмбірлеген күй өнерінің сиқырлы үнін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында алғаш рет ұйымдастырылған дода үш кезеңнен тұрды. Үмiткерлер байқаудың бiрiншi кезеңiнде Құрманғазы Сағырбайұлының шығармаларынан бір күй орындады. Екінші кезеңде күйшілер «Білімді мыңды жығар» атты қазақ күйшілерінің өмірі мен шығармашылығына байланысты тест сұрақтарына жауап берді. Ал, байқаудың үшiншi кезеңiнде Қазақтың танымал күйшілерінің шығармашылығынан бір күй орындады. Үш кезеңде де шығарма үмiткерлердiң таңдаған жеребесi бойынша анықталып отырды.
Сайыстың қорытындысы бойынша, байқауда жүлделі бірінші орынды Құрман Пазылов қанжығалады, екінші орын Нарбек Жексенбіге, ал, үшінші орын Ізбасар Исағалиевке бұйырды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.