Аудандық Мәдениет үйінің сахнасында «Жастар» театры жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» драмасын қарасайлық көрермендер назарына ұсынды.
Қойылымдағы рөлдерді аудан бойынша алғаш жас өнерпаздардан құралған «Жастар» театрының актерлері сомдады. Бүгінгі күні өзекті проблемаға айналған тақырып қасиетті сахна төрінде өнер тілімен өрілді. Жалпы халыққа ұғынықты, әсерлі тілмен «Жан шырылы» – ел ішіне дендеп еніп келе жатқан радикалды ағымның уытына уланған жастардың тағдыры мен қайғы-қасіреті жайында.
Дін – өте нәзік дүние. Оны жете түсініп ұстанбасаң, тұңғиығына кетіп, адасасың… Оған дәлел – мына қойылым. Бұл драмада ислам дінін теріс ұғынып, жат ағымның ырқына көнгендер жайында айтылады. Спектакльде айрандай ұйып отырған бақытты отбасының өмірі, азабы, күресі сахна тілімен бейнеленді. Кәдімгі қазақы шаңырақ. Мамыражай тіршілік кешіп отырған отбасында сәл ғана әбігерлену бар. Отбасы жолаушыны тосуда. Жолаушы көлденең көк атты емес, сонау Алматыдан келе жатқан қызы мен күйеу баласы. Шаңырақтағы шырайлы сәттің шытынауы, ашық аспанда күркіреп найзағай ойнауы күткен жолаушылар табалдырықтан аттаған сәттен басталады. Шығарманың өн бойында арбасу мен адасу, үміт пен өкініш, күдік пен сенім тайталасып жатыр. Қазақ «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген. Әуел баста әлде жастық, әлде білімнің таяздығы арбағанның артынан еріп кете беру ақыры жарға жықты…Нақтырақ айтқанда, жас ерлі-зайыптылар ата-анасынан жыраққа кетіп, саудамен айналысамын деп жүргенде теріс діни ағымның жетегіне ереді. Кәмелетке толмаған қыздарын шет елге, яғни, Сирияға алып кеткен олардың сол жақта көрген қайғы-қасіретін көрсету арқылы қойылымда нақты шындық бейнеленеді. Өздері ғана емес, бауыр еті кішкентай баласын да осы батпаққа батырады. Сүттей ұйыған бір қазақ отбасының шаңырағы осылай шайқалды. Қаншама қайғы-қасірет! Көріп отырған көрерменнің жанары жасқа шыланды. Санаға салмақ салатын, жүрекке күш түсіретін көріністер. Драма біреудің артынан көзсіз ерудің, өзім білемділікке салынып, өзгелерді кәпір санаудың, адасудың соңы дәл осындай тығырыққа әкеліп тірейтіндігін меңзейді. Сахнадағы актерлердің ойыны да жиналғандарға ерекше әсер етті. Бүгінгі күнгі басты прооблема – жат діннің қаупін ашық көрсете білген кейіпкерлер ата-ана мен Отаннан ыстық ешнәрсе де жоқ екенін ұқтырғандай. Ең бастысы, қойылымнан көрермен тамаша тағылым алды. Қойылымның үлкен мен кішіге берері бірдей – ойланбай жасалған іс ақырында сан соқтыратындығын ұғындырады. Әсіресе, жастар қауымына өмірлік сабақ. Қандай да бір шығарманың бағын ашып, көрерменге ұғынықты жеткізу үшін режиссердің де еңбегі зор екенін білген дұрыс. Бұл ретте, әрине, осы қырынан жақсы танылған Бағлан Қалмановты да ерекше атаған жөн. Қойылым соңында аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың өнерлі ұжымға ықылас гүлі табысталды. «Жастар» театрының алдағы уақытта «Жан шырылы» драмасын аудандағы басқа округтерде және көршілес аудандарда да қою жоспарларында бар. Аталған өнер ұжымы Талдықорған қаласында өтетін облыстық театр байқауына дайындалу үстінде.
Бұрым ОРЫНБАСАР.