Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылындағы Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейінде «Күй құдіреті» атты кездесу өтті. Рухани шара Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, күйші-композитор Дүйсебай Шаштайұлының алда 70 жасқа толатын мерейтойына арналды.
Дүйсебай Шаштайұлымен кездесуге осы елді мекендегі Сүйінбай орта мектебінің оқушылары мен ұстаздары, ауылдық кітапхана және музей қызметкерлері қатысты. Мерейтой иесімен бірге ауылға оның ағасы, белгілі жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлы, інісі, жыршы-термеші Ермек Шаштайұлы және қарындасы Баян Шаштайқызы, сондай-ақ досы, бұрынғы «Құлансаз» ансамблінің әншісі Марат Әбдіқадыров келді. Қадірменді қонақтар алдымен ауылдың тау жағындағы Сүйінбай кесенесіне барып, «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» атанған жыр сүлейінің рухына тағзым етті. Одан соң ақын музейіндегі өздеріне жақсы таныс құнды жәдігерлерді аралап шығып, мекеме жұмысында кейінгі уақытта болып жатқан жаңалықтарды білді. Онымен Сүйінбай музейінің меңгерушісі Аяужан Сәдуақасова хабардар етті.
Шараны жүргізушілер қазақ халқының күй өнерін ұзақ жылдан бері талмай насихаттап, жүректен шыққан әсерлі күйлерін паш етіп жүрген Дүйсебай Шаштайұлының өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. Осы орайда жастар күйшіге әртүрлі сұрақтар қоя отырып, әсерлі сұхбат өрбіді. Кеш қонағының балалық шағындағы қызықтары, аңсаған армандары, мектеп бітірген соң Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясында өткен студенттік шағы, өнер жолында қол жеткізген жетістіктері айтылды. Оның «Сүйінбай сазы», «Әлия» күйлері 1979 жылы Қазақстан Композиторлар одағының жабық конкурстарында жүлделі орындар алғаны, осы күйлері Композиторлар одағының пленумында 1970 жылдары шыққан үздік күйлер тізіміне іліккені, ал 2015 жылы «Сүйінбай сазы» күйі аталған одақтың кезекті пленумында «Қазақтың 100 күйі» тізіміне енгізілгені сөз болды.
Дүйсебай Шаштайұлы «Отырар сазы» оркестрінің құрылуының куәгері ретінде сол кездегі шығармашылық ұжым, олардың халықтың ерекше қошамет-құрметіне бөленуінің басты себебі неде екені туралы ой-пікірін ортаға салды. Сондай-ақ 1985 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзі жастарының фестивалінде лауреат атанғанын, сол сәтте қандай көңіл-күйде болғанын есіне түсірді. Жастар оның 1996 жылы Жамбылдың 150 жылдығына арналған Халықаралық конкурста 2-орын иеленген «Дастан ата» күйінің қалай дүниеге келгенін сұрап білді.
Сонымен қатар кеш қонағының Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы болған кезі, 2010 жылы «Сүйінбай сазы» күйлер жинағы жарыққа шыққаны, 2015-16 жылдары шығармашылығы үшін табысты болғаны, Композиторлар одағына мүшелікке қабылданып, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін, Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін алғаны айтылды. Күйші, композитор, дирижер, ұлағатты ұстаз қазір өзінің немен айналысып жүргенінен хабардар етіп, жеке шығармашылық жоспарымен бөлісті. Мәдениет саласында талай жыл қызмет етіп келе жатқан сала майталманы жастардың бойына өнер-білімді сіңірудің жолдары жөнінде өз тәжірибесін ортаға салды. Тағылымды әңгімесінің соңында «Сүйінбай сазы» күйін орындап берді.
Күйшімен әсерлі әңгіме арасында ақын ауылының өнерлі қыз-жігіттері ән мен жырдан шашу шашты. Музей қызметкері Серік Шаймұханов «Жамбыл атаның түсі» термесін орындаса, ауыл өнерпазы Сайра Баймолда «Ағаларым» әнін, ал 6-сынып оқушысы Айша Бейсенбай «Қазақ елі» әнін шырқады. Рухани кешті қорытындылаған музей меңгерушісі Аяужан Заманбекқызы күйдің қазақ халқының болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы екенін атап өтіп, мерейтой иесінің иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, алда әлі де тыңдаушысын тамаша әсерге бөлейтін сырлы туындылар шығара беруін тіледі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.