Редакциямызға тұрғындар тарапынан түрлі мәселе бойынша хаттар келіп түсіп жатады. Осылайша халық өз өтініштерін, наразылықтарын, ұсыныстарын көптің куәгер болуымен газет арқылы жергілікті атқарушы органға жеткізуді көздейді.
Жалпақсай ауылының ақсақалдар кеңесінің мүшесі С.Сарыбаев ауылының жағдайына алаңдап, бірқатар мәселені көтерді (хаттың түпнұсқасы төменде). Аталмыш жайт бойынша Ұмтыл ауылдық округінің әкімдігін хабардар етуді жөн санадық. Құзырлы мекеме тиісті жауабын берді.
Жалпақсай ауылының тұрғыны болғандықтан, ауылдың өмір өзгерістеріне көз саламын. Көңілім көншімейтін келеңсіз жағдайлар өте көп. Оларды атамас бұрын алдымен колхоз өмірін қозғасам артық болмас. Ұмтыл ауылдық округіне қарасты «Политотдел» атты колхоз құрылған еді. Бұл коллективтендіру кезеңі болатын. 1928 жылы колхозшылардың құрамында 35-40 үй ғана бар еді. Сол кезде халықтың басты тіршілігі ірі қарамен айналасу, егін және қант қызылшасын егу еді. Техника болмаса да қара жұмыс тек қана қолдың күшімен жүзеге асты. Көліктің орнын ат және өгіз арбалар басты. Осындай қиын кезең орын алғанмен, колхозда бастауыш мектеп, медициналық пункт, мешіт, спорт алаңы, клуб алаңы болды.
1957 жылы колхоздың жеріне қазақтың егіншілік ғылыми-зерттеу институты келіп орналасты. Содан соң колхоз Қаскелең үлгі-тәжірибе шаруашылығы болып өзгерді. Колхозшылар өздерінің жұмыстарын мінсіз жүргізе берді. Уақыт өте келе шаруашылықтың экономикасы артты. Халықтың саны өсіп, тұрмысы жақсарды, мәдени салт-дәстүрі ілгері дами бастады. Ауылымызда жұмысшылар үшін тұрғын үйлер салынып, Мәдениет үйі, аурухана, балабақшалар бой көтерді. Елді мекен гүлденіп тұрған шақта Совет одағы ыдыраған кезеңге тап болып, осы нысандардың барлығы дерлік жекеменшікке өтіп, көбісі сатылып кетті. Бұл кезең 1992 жылдары еді. Міне, содан бері Мәдениет үйіміз иесіз бос тұр. Ал сатып алған адам оны 120 миллионға бағалап отыр. Бұл шешімін таппаған түйінді мәселе болып тұр.
Сөздің қысқасы, қазіргі уақытта ауылымызда мектеп, аурухана, мешіт, тіпті, медициналық пункт те жоқ. Халықтың жасы да, кәрісі де іргелес жатқан Алмалыбақ ауылының ауруханасына барып қаралса, оқушылар осындағы үш мектепке барып оқып жатыр.
Ендігі бір өзекті мәселе ауылдың – ауыз су жағдайы. 1958-1960 жылдары, яғни, Қаскелең үлгі-тәжірибе шарушалығы дүрілдеп тұрған кезде ауыл тұрғындарына құбырлар арқылы ауыз су тартылған еді. Сол тозығы жеткен құбырлар 60-70 жылдан бері әр жерден жарылып, қазір ауыз-суға зәру болып отырмыз. Осындай жағдайда ауыл тұрғындары бұл мәселені көп уақыттан бері көтеріп, Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Үмбеталиев Серік Қалижанұлына талай рет ұсыныс жасады. Бірақ мәселе әлі де шешімін таппай отыр.
Жоғарыдағы көтерілген мәселелерді Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Үмбеталиев Серік мырзаға нақты жауап алуды жөн көріп, талай рет кездесіп, сұрақ-жауап алған болатынбыз. Округ әкімінің айтуыша, әлеуметтік нысандарды салу үшін ауыл ішінде жер жоқ. Осылай бізді жұбатып қояды. Мен оған онша сенімді емеспін.
Ауылымыздағы зират мәселесіне зер салсақ, ол да өзекті. Зиратқа баратын автожолдың тозығы жеткен. Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Үмбеталиев Серік Қалижанұлына осы жолдың жағдайына қатысты сұраған да едім. Бірақ нақты жауап жоқ. Жалпы зират жөнінде менің өз ой-пікірім бар: бұл жұмыс – Ұмтыл ауылдық округі әкімдігінің тікелей атқаратын ісі. Зираттың басында шырақшы болу керек. Бірақ сол өтінішіміз орындалмай отыр. Тұжырымдап осы мәселелерді айтқанымды Қарасай ауданының әкімі Естенов Жасұлан Тоққожаұлына өзімнің ауыл жағдайы жайлы жеткізген пікірім деп білерсіздер.
Ұмтыл ауылдық округі әкімдігінің жауабы:
1. Жалпақсай ауылының Мәдениет үйі жекеменшікте. Бүгінгі таңда Ұмтыл ауылдық округінің әкімдігі сейсмикалық қорытындысы мен бағалау құнын анықтап, аудандық экономика, бюджеттік жоспарлау және қаржы бөліміне 120 млн теңгеге мемлекет тарапынан сатып алуға бюджеттік өтінім берілді. Алдағы облыстық мәслихат сессиясында қаралып, қаражат бөлу мәселесі оң шешімін табады деген үміттеміз.
2. Жалпақсай ауылының 3 гектар жеріне «Жайлы мектеп» бағдарламасы арқылы мектеп салу жоспарлануда.
3. Аурухана құрылысын жүргізуге бос жер телімі жоқ.
4. Алмалыбақ ауылыныда мешіт бар, аталған ауыл Жалпақсай ауылымен жапсарлас, Жалпақсай ауылына мешіт қажеттілігі жоқ.
5. Ауыз су мәселесі «Топтама су» жобасы арқылы округтің барлық елді мекендерін қамтамасыз етеді. Аталған жобаға сәйкес ішкі жолдардағы су құбырлдары ауыстырылады.
6. Зиратқа барар жолдың шұңқырларына демеушілердің көмегімен бірнеше рет құм-тас төселді. Бірақ ауыр жүккөліктерінің жиі жүруіне байланысты бұрынғы шұңқыр қайта пайда болады. Ауылдың жолдарын жасайтын мердігер мекемелермен сөйлесіп, демеушілік көмек көрсету арқылы қатты жабын төсетуге келіссөздер жүргізу жоспарда бар.
7. Зиратта нақты уақытта шырақшы жоқ, өз еркімен шырақшы болайын деген адам табылмайды.