«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елімізде бұрын соңды болмаған жаңа форматта мектептер бой көтереді. Анығын айтар болсақ, 2023-2025 жылдар аралығында үшауысымды режимде жұмыс істейтін, апат жағдайындағы мектептер мен орын тапшылығы жойылады. Қазір елімізде кейбір білім ошағы бұл жоба арқылы жаңарумен қатар, құрылысы жөндеуге келмейтін елді мекендерде жаңа мектептер салынып жатыр.
Қарасай ауданында да аталған жобаның жұмысы жүйелі жалғасуда. Нақтырақ айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында өңірде 10 мектеп салынбақ. Оның ішіндегі 8 білім мекемесінің құрылыс жұмыстары биыл басталған, қалған екеуі келер жылдың еншісіне қалып отыр. Соның бірі – Қаскелең қаласындағы SDU университетіне қарама-қарсы аймақта орналасқан мектеп. Ал, екіншісі Елтай округі Көкөзек ауылында салынуда. Нысандардың құрылысы биыл мамыр айында басталып, келесі жылы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Қос ғимаратты мердігер мекеме – «BI GLOBAL» компаниясы салуда.
Бұл жоба арқылы бой көтеретін мектептердің артықшылығы көп. Мәселен, бірнеше спортзал, бастауыш пен жоғарғы сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар, балаларға арнайы дәретханалар, эко-жүйе бойынша кабинеттер салынады. Мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай жүреді. Сонымен қатар, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Оның әрбірінің өз асханасы мен спортзалы болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ауданда қалай іске асып жатыр?
Home » Жаңалықтар » Назардағы нысандар » «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ауданда қалай іске асып жатыр?