Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә! Даңқты балуан осыдан екі жыл бұрын дүниеден өткені белгілі. Тірі кезінде талай жақсылығымен елдің есінде қалып, қаншама жастың спортқа келуіне себепкер болып, үлгі тұтар ардақты азаматтардың біріне айналды. Ол кісі өмірден өткенімен артында өшпес ізі, асқақ абыройы мәңгілік болып қалары сөзсіз. Елі сүйген ұлт мақтанышының есімі бүгінде лайықты ұлықталуда. Сөзіміздің дәлелі ретінде осыдан бір апта бұрын күндердің сұлтаны – жұмада ауданымызға қарасты Жібек жолы ауылында халық игілігіне берілген Жақсылық Үшкемпірұлы атындағы мешітті айтуға болады.
Құлшылық ордасының салтанатты ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп, жиылған жамағатты құттықтап, баталы сөзін, дұға-тілегін жеткізді.
«Мейірімділік мекені, руханият ордасы саналатын мешітті салу үшін қаражаттан бұрын жомарт жүрек қажет. Маңдай терімен тапқан табысын мешіт салуға жұмсаған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бүгін салтанатты түрде ашылғалы тұрған бұл мешітке қазақтың бір қайсары, елін сүйген жайсаңы – Жақсылық Үшкемпіров есімі беріліп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы жылдары елімізде салынатын мешіттер мен бұрыннан бар құлшылық үйлеріне ел мен жерге, дінге қызмет еткен асыл азаматтардың есімін беруді игі үрдіске айналдырып келеді. Алла Тағаланың қалауымен осы мешітке Жақсылық Үшкемпіров есімі бұйырған екен, берекелі болсын. Көпшілік Жақсылық ағамызды спорт майталманы, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде танитыны рас. Әйтсе де, ағамыз өмірін тек спортқа ғана арнамады. Елдің қамын жеп, жұртының жайын ойлады. «Қазақтың тамыры – ауылда» дегенді жан-тәнімен түсінген игі жақсымыз еді. Алла Тағала мейіріміне бөлеп, рухы пейіште шалқысын! Соңында қалған ұрпағына өнегелі өмір, берекелі ғұмыр тілейміз. Есімі берілген осы мешіттің бірлігі жарасқан жамағаты көп болғай. Жақсылық ағамыздай елін сүйген, елі сүйген ерендер осы өңірден шыға берсін. Әмин!», – деді ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.
Еліміздің бас мүфтиі ізгі тілегін арнаған соң, мешітке қасиетті Құран кітабын сыйға тартып, имандылық ұясының бой көтеруіне ықпал еткен, жомарт жүректі жергілікті кәсіпкер Мирас Орынбаевқа өз атынан Алғыс хат табыс етті. Хазірет Наурызбай қажы Тағанұлы оның осындай сауабы мол ісіне шынайы ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ бұл игі шараның аясында Алматы облысы әкімінің Нұржан Құдайбергенов сөз сөйлеп, өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің ыстық ықыласын жеткізе келе, құттықтау тілегін арнады. Одан кейін еліміздің белді азаматтары Жақсылық Үшкемпіров жайлы естеліктерімен бөлісті. Марқұмның көзі тірісінде онымен етене жақын араласқан Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов даңқты спортшының адами қасиеттерін сөз етсе, Дәулет Тұрлыханов, Данияр Қасқарауов сынды Мәжіліс депутаттары ол кісінің спорттағы тұлға болып қалыптасуы талай жастарға үлгі болғанын айтты. Ал Сәт Тоқпақбаев, Амалбек Тшанов сияқты мелмекет қайраткерлері және басқа да танымал азаматтар Жақсылық Үшкемпіровтің есімі ешқашан өшпейтінін жеткізіп, оның жақсы амалдарына кеңінен тоқталды.
Салтанатты шарада айтылған ақжарма тілектерден кейін жаңа мешіттің қызыл лентасы қиылды. Бұл рәсімге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Жақсылық Үшкемпіровтің жары Күлпан Мұқашқызы және нысанның салынуына демеушілік еткен Мирас Орынбаевтың әкесі Бақыт атамыз қатысты.
Жоғарыда атап өткендей құлшылық ордасының бой көтеруіне атымтай азамат Мирас Бақытұлы демеушілік жасап, жақсы іске себепкер болды. Кәсіпкердің сауапты ісін біз де назарға алып, оны әңгімеге тартуды жөн санадық.
– Мешіттің құрылысын осыдан екі жыл бұрын қасиетті Ораза айында 24 сәуірде бастағанбыз. Бүгін, міне салтанатты түрде ашып, Алла разылығы үшін халық игілігіне беріп жатқан жайымыз бар. Мешіт 50 сотық жер көлемін алып жатыр. Сыйымдылығы 800 адамға арналған. Айналасында балалар үшін ойын алаңы салынды. Ал ас берілетін хатымханасына 250 адам сияды, – дейді жаны жомарт кәсіпкер.
Жердегі Алланың үйіне Жақсылық ағамыздың есімін берудің де өз себебі бар екен. Кезінде бұл жерде марқұмның базары болып, кейін ол сауда орны көшіріліпті. Бос жатқан жерді даңқты спортшының ұлдары кәсіпкерге сыйға тартып, мешіт салынған соң, әкелерінің есімін беруді өтініпті. Кәсіпкер Мирас Бақытұлы бұл ұсынысты құба-құп көріп, игі істі жүзеге асыруға бел байлаған. Сауапты іс міне, нәтижелі болып, иманды жандардың рухани ортасына айналды.
Игілікті шара қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келгендіктен, еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы жұма намазының алдында жиналған жамағатқа уағыз-насихат айтты. Одан кейін мұсылман қауым құлшылық ордасында алғашқы жұма намазын оқып, марқұмның рухына арналған астан дәм татты.
Айта кетейік, айтулы қуанышты сәтте Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Эльмира Тасырова, Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы және ауданның бас имамы Дәуренбек Жандосұлы бой көрсетіп, салтанатты шараның басы-қасында болды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.