Қарасай ауданында ең өзекті мәселенің бірі – әлі де үшауысмды мектептердің бар болуы. Десе де оның санын қысқарту үшін жаңа білім ошақтары бой көтеріп, қолданыстағы мектептерге жапсаржай салынуда. Үшауысымдық оқыту жүйесінен арылу үшін биыл құрылысы бітіп, қолданысқа берілген нысанның қатарында Қаскелеңдегі жаңа мектеп-гимназия бар. Сәулеті мен келбеті ерекше үйлескен бұл білім шаңырағы «Қарлығаш» ықшам ауданының маңында орналасқан. 1 қыркүйек күні алғашқы оқу жылын бастайды.
1500 оқушыны бірауысымда оқытатын мектеп-гимназияның базасы заманауи үлгіде жабдықталған. Назардағы нысан үш бөліктен тұрады. Кіші және үлкен спортзалдары бар. Асханасы 270 адамға арналған. Мектеп үш қабатты болғандықтан, мұнда лифт те жұмыс істейді.
Озық үлгіде бой көтерген гимназияда оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, кабинеттердің әрбірінде интерактивті тақта мен мұғалімдер үшін жеке компьютер, басып шығарғыш құрылғысы орнатылған. Ал оқушылар өнерге деген қабілетін шыңдау үшін арт кабинеттерінде шұғылдана алады. Қыз балаларға да лайықты жағдай жасалған. Оларға арналған тігін машиналары мен тамақ істеп үйренетін арнайы бөлмелер бар. Төменгі сыныптың оқушылары болса, ойын кабинеттерінде емін-еркін асыр салып ойнауына болады. Сондай-ақ бұл мектепте кедергісіз ортаны қалыптастыру үшін мүмкіндігі шектеулі балалардың жан-жақты білім алуы ескерілген. Мұндай ерекше оқушылардың инклюзия кабинеттерінде қарым-қабілеттерін дамытуына мүмкіндіктері бар.
Тағы бір айта кететін жайт, мектеп-гимназияда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарға алынған. Ғимараттың кіреберісінде «Face ID», яғни, жеке басын нақтылайтын, бөгде адамды қабылдамайтын арнайы жүйе орнатылған. Одан бөлек 86 бейнебақылау камерасы бар. Осының барлығын жүйелік әкімшілік қадағалап отырады.
Қазіргі таңда аталған білім ошағы жаңа оқу жылына дайындықты бастап кеткен. Директордың міндетін атқарушы Қорлан Турсунованың сөзіне сүйенсек, 700-ге жуық оқушы мектепке қабылданған. Оның ішінде 75 балаға арналып үш 1 сынып ашылыпты.
– Мектеп-гимназияда оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда әр баланың дамуына мүмкіндіктер жетерлік. Түске дейін тиісті білімін алса, түстен кейін қосымша сабақтарын оқуға болады. Сонымен қатар, спортпен, өнермен айналысып, түрлі іс-шараларға қатыса алады. Мұның барлығы ұлт болашағы болатын жас ұрпаққа таптырмас дүниелер деп ойлаймын. Осы ретте оқушылардың осындай тамаша жағдайда білім алуына қолдау білдірген осы саладағы басшылыққа, аудан әкіміне өз атымнан және келіп жатқан ата-аналардың тарапынан алғысымды білдіремін, – дейді мектеп-гимназия директорының міндетін атқарушы Қорлан Дәуітханқызы.
Естеріңізге сала кетейік, бұл мектепті «BI group» компаниясы салған. Бүгінгі таңда білім мекемесінің айналасындағы инфрақұрылым ретке келтірілуде. Осыған байланысты бір апта бұрын аудан басшысы Жасұлан Естенов мектептің жолына жауапты мердігер мекеменің өкілімен кездесіп, жолды қыркүйек айына дейін аяқтауды тапсырды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.