Балқаш ауданы Алматы облысындағы өзге аудандары сияқты өз қарқынымен дамып келеді. Кейінгі жылдары аудан көлемінде бірнеше нысандардың құрылыстары бой көтеріп, көптеген ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Мәселен, биыл аудан орталығында 30 жалгерлік және бес қабатты 40 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса тағы халық үшін бір қуанышты жаңалық – Ақдала ауылдық округінде фельдшерлік-акушерлік пунктінің салынып жатқаны.
Көптен бері жергілікті тұрғындардың сұранысына ие болып, аса қажет нысанға айналған аталмыш медицина мекемесінің құрылысы белсенді түрде жүргізіліп жатқандықтан, жақын арада аяқталады деп күтілуде.
Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер компания «ГрадСтройСервис» ЖШС-нің прорабы Ерасыл Өтенбайдың айтуынша, ФАП ғимаратының жұмысы 85 пайызға бітіп тұр. Нақтырақ айтқанда, бетон құю, кірпіш қалау сынды негізгі жұмыстары әлдеқашан аяқталған. Сонымен қатар ғимараттың шатыры толық жабылып, терезелері орнатылып, ауласы қоршалған. Ендігі кезекте сылақ жүргізу, есіктерді орнату, басқа да ұсақ-түйек жұмыстар жасалатын болады.
Бүгінде жаңа нысанның құрылысында 18 адам жұмыс істеуде.
ФАП ғимаратының іргетасын қалап, барлық құрылыс жұмыстарына біркісідей атсалысып жүрген Ерлан Маханбетәлиев, Асқат Дамиров және Кеңесбай Әлімбетов сынды азаматтар көктем мезгілінен бастап қолға алған жұмыстары жақын күндері аяқталып, халық игілігіне ғимаратты тапсырып беретіндеріне дән риза болып жүр.
Құрылысы толығымен аяқталғаннан кейін ғимарат қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамсыз етілетін болады.
Бүгінде ақдалалықтар ФАП-тың ашылуын асыға күтіп отыр. Өйткені, жаңа медициналық нысан осы ауылдағы басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындардың сырқатынан айығуына себеп болатын денсаулық орталығы болайын деп тұр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Балқаш ауданы.