Иә, Жылысай ауылы шын мәнінде жүзінен нұры төгілген, табиғаты әсем, жып-жылы ауыл. Соған орай тұрғындарының да ынтымақ-бірлігі, тірлігі жарасымды. Берекесі мен мерекесі жарасқан ауыл уақытпен бірге өсіп-өніп келеді. Жылысай арқылы ғасыр құрылысы атанған әйгілі Мойнақ су электр стансасына барасың. Аталған су электр стансасының Жылысай ауылына да тигізген шапағаты аз емес. Ауыл ішін судай жаңа асфальт жолдарымен ғана аралап шығасың. Соған қарап заманауи ауылдың бет-бейнесі көз алдыңа келіп жатады. Жылысай ауылы туралы сөзіміздің басын ауыл әкімі Қайрат Нарынбаев ағамызбен сұхбаттасқан едік.
– Қайрат Ұлдаханұлы, Жылысай ауылдық округінде қанша жан тұрады?
– Ауылдық округ аумағына Октябрь, Мойнақ, Шыбышы секілді шағын ауылдар қарайды. Жалпы, 339 отбасы бойынша 2148 жан тұрады. Сөз орайында айта кетейін, ауылдарымыздан қала маңына қоныс аударып жатқан ешкім жоқ. Қайта көшіп келіп, тірлік жасап жатқан отбасылар бар. Өздеріңіз көріп, байқаған боларсыздар, Жылысай ауылы тұтастай жаңарып келеді десем артық айтпаймын. Ауылдағы 60-70 пайыз тұрғын үйлер заманға лайық күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңғыртылды. Жаңадан салынған үйлеріміз де баршылық. Қалаларға тән қос қабатты сәулетті үйлер тұрғызылуда. Бұл осындағы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсарып отырғанын көрсетеді. Біз оған әрдайым қуанамыз.
– Өңір тұрғындарының негізгі тіршілік көзі – төрт түлік мал болар?
– Округ аумағында 3872 ірі қара, 19693 бас қой-ешкі, 2398 бас жылқы бар. Төрт түлік малымыз жыл сайын төлімен көбейіп келеді. Биыл ауылымыздың маңынан бұрынғы астық қабылдайтын пункт негізінде 1500 бас қой бордақылайтын алаң жасалды. Әйгерім Алғадай атты тұрғынымыздың иелігінде. Өңірімізде 47 қыстауда малшыларымыз отыр. Мал азығының берік қоры жасалған. Малшыларымыз мал қыстатуды ұйымшылдықпен өткізуге бел байлап отыр. Орайы келгенде 3000 бас қойы бар «Жандос» шаруа қожалығының жетекшісі Дәулетәлі Рахметовтың, 3000 бас қой өсіріп отырған «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Әсия Қалмырзаеваның, түлік төресі жылқы өсіру бағытындағы «Айдын» шаруа қожалығының төрағасы Қуандық Бағашаровтың аттарына жылы лебіз білдіруге болады.
– Ауылдағы білім беру саласының жайы нешік?
– Ауылымыздағы үлкен жақсылық деуге болады. М. Орманов атындағы орта мектеп толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Заманауи білім ордасына айналды. Бұл шын мәнінде ұстаздардың, шәкірттердің одан бөлек ата-аналардың қуанышын еселеді. Мектеп уақыт талабына сай жиһаздармен қамтылуда. Жақында жаңадан парта келуі керек. Мектептегі биология кабинетіне барлық құрал-жабдықтарымен, жиһаздарымен интерактивті тақта орнатылды. Жаңғырған, жайнаған жылы да жарық мектепте білім алған шәкірттерде арман жоқ.
– Ауылдың жақсылықтарына тоқталып өтсеңіз…
– Ауылдағы аралық көшелерді қосқанда 26 көше жасалып, барлығы асфальтталды. Көктемде қар ерігенде, жауын-шашында көше жолдары езіліп кететін. Енді жақсы болды. Әлмерек бабамыздың атындағы көшеге көше шамдары орнатылып, жарықтанды. Көше белгілері жасалды. Жақында орнатылады. Ауылдың тұрғындары бір қуаныш, бір жақсылықтарында той өткізетін арнайы орын жоқ болып Алматы қаласына, Байсейіт ауылына шапқылайтын. Соның орны толтырылуда. Ауыл тұрғындары, түлектері, азаматтары болып ақылдасып, тойхана салып жатыр. Оның керегесі қаланып қойылды. Алла қаласа, 300-400 орынды тойхана ел игілігіне айналады. Оның сыртында ауылдың кіреберісіне ауылдың қақпасын жасатып жатырмыз. Орнатылған кезде ауылдың ажарын аша түсетін болады. Алдағы уақытта Шыбышы ауылындағы ауыз су мен жол мәселесі шешілетін болады.
– Дәрігерлік шаңырақтың жайы қалай?
– Жалпы, келешекте Жылысай ауылынан жаңадан дәрігерлік шаңырақтың ғимараты, бір қабатты, 140 орынды, заманауи Мәдениет үйі салынуы керек. Оның алғы шарттары жасалып жатыр. Ауылымыздағы Жылысай ауылдық дәрігерлік амбулаториясында 1 дәрігер, 11 орта буынды медицина қызметкерлері еңбек етеді. Жарқынгүл Шойтановадай жоғары білімді балалар дәрігері басшылық жасайды.
– Сөзіңізді немен түйіндер едіңіз?
– Біздің Жылысай ауылының келешегі кемелді. Оған негіз бар. Сырттан көшіп келіп жатқан отбасыларын айтсақ, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерді қоссақ, жаппай күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңғырып жатқан тұрғын үйлерді қоссақ, сеніміміз арта түседі. Ауылымыздың еңсесі биік, мерейі үстем бола берсін!
– Әңгімеңізге көп-көп рахмет!
ӘЛМЕРЕК БАБАНЫҢ ҚАРА ОШАҒЫ
Жылысай ауылында шын мәнінде Әлмерек бабамыздың ұрпақтары тұрады. Ауылдың орталығында тұратын Ауған Күшікеевтей азамат – бабамыздың сегізінші ұрпағы. Ауғанның қара шаңырағында Әлмерек бабамыздың қара ошағы сақтаулы. Ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға мирас болып келе жатқан қара ошақ – қымбат қазына, асыл жәдігер. Әлмерек бабамыз туралы бірер сөз. Әлмерек Жаншықұлы 1658 жылы қазіргі Жамбыл облысында Әулиеатаның маңайында дүниеге келіп, Алматы қаласының маңындағы қазіргі Әлмерек ауылында жерленген. Ауыл маңындағы Әлмерек бабамыздың кесенесіне, қасиетті бастауына тәу етіп келушілер жыл он екі ай үзілген емес. Әлмерек бабамыз батыр, шешен, көріпкел болған. Қазақ жастарынан жасақ ұйымдастырып, жоңғар басқыншыларына Сілеті тағы басқа жерлерде соққы берген. Қазақ халқының жадында Әлмерек бабамыз көріпкел, әулие ретінде көбірек сақталған. Одан Хангелді, Бақай, Малай, Райымбек батырлар бата алған. Әлмеректен Жәнібек, Баба, Құрман, Қаракісі, Тоқан атты балалары тараған. Ұрпақтарынан елге сыйлы батырлар, би-шешендер шыққан. Қарқара көтерілісінің қаһарманы Ұзақ батыр, атақты күйші Қожеке Назарұлы, классик жазушы Бердібек Соқпақбаев Құрманнан тараса, қалмақтарға қарсы күрескен Байсейіт батыр, Пұсырман би, орыс отаршылдығына қарсы тұрған Тазабек, Жақыпберді, Әубәкір секілді тұлғалар – Әлмеректің үлкен ұлы Жәнібектің тікелей ұрпағы. Әлмеректің екінші ұлы Бабадан – Қашаған, Тұрысбек, Тоқаннан – Баржық батыр, Адыр шешен, кенжесі Қаракісіден – Қорам және Бекбау сияқты батырлар шыққан. Жылысайдағы Әлмерек бабамыздың қара ошағына келіп тағзым жасаушылар көп. Бала көтере алмай жүрген нәзік жандылар да тәу етіп тұрады.
СӘНІ МЕН САЛТАНАТЫН ЖАРАСТЫРҒАН
Жылысай ауылында ауылдық клуб жұмыс істейді. Дулат Жантаевтай азамат, өнерлі жан меңгеруші болып еңбек етеді. Клубта 6 үйірме бар. Би үйірмесіне Искра Өскенбаева, аталар үйірмесіне Болат Таубалдиев, әжелер үйірмесіне Әмина Наурызбаева, домбыра үйірмесіне Гүлшат Күмісбекова жетекшілік жасайды. Клубтың жанынан құрылған «Өрнек» әжелер ансамблі ауылдың көркі мен ажары. Түрлі іс-шаралардың, мерекелердің сәні мен салтанаты. Ансамбль құрамындағы Шаруан Дәулетова, Бақытгүл Қасенова, Жаңылша Тергеуісова, Айман Нүсіпова, Зинахан Заманбекова, Мадина Сыдықжанова, Забира Баялиева, Баян Тойжановалардың аттарына жылы лебіз білдіруге болады. Ауылдың әкімі Қайрат Нарынбаев пен мектеп директоры Ерлан Малғараев та өнерлі жандар. Домбыра тартады. Ұмыт бола бастаған күйлерді орындайды. Ауданның Құрметті азаматы, ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Таубалдиевтың ақындық өнері бар. Көптеген жыр, толғауларды орындайды. Әжелер ансамблінің көркемдік жетекшісі Бақытгүл Қасенова – дарынды өнер иесі. Әжелердің айтқан әндерін баянмен сүйемелдеп, демеп отырады. Шаруан Дәуметовадай асыл ана музыкант, домбырашы әрі әнші. М. Орманов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Искра Өскенбаеваның мамандығы биші-хореограф. Жеткіншектер арасындағы бишілер тобының жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Өңірдің мәдениеті мен өнеріне қосып жүрген үлесі қомақты. Ауылдың келешегі жастар, мектеп қабырғасындағы жасөспірімдер. Мектепте дарынды шәкірттер мол. Шыңғыс Жақыбай, Әдемі Нұржанқызы, Шапағат Нұрғанатқызы, Айша Өскенбай, Назерке Жақсылыққызы, Шапағат Нұржанқызы, Мерей Нүсіпбек, Толғанай Туғанбай секілді өнерлі, дарынды шәкірттердің болашағынан күтер үміт мол. Ауылдан түлеп ұшқан Дәурен Тұратбекұлы әуесқой әнші, «Мәдениет музасы» медалінің иесі. Сымбат Төлендіқызы – Чайковский атындағы музыкалық колледжде 3 курс студенті. Дулат Жантаев бастаған ауыл өнерпаздары округ аумағындағы Шыбышы, Октябрь, Мойнақ ауылдарына және Ұзынбұдақ, Ақсай ауылдарына концерттік бағдарламаларымен өнер сапарымен аралап тұрады. Түрлі қайырымдылық концерттерін өткізіп жүр. Келешекте ауылдың орталығынан бір қабатты шағын, ыңғайлы, заманға лайық сәулетті Мәдениет үйі бой көтеріп жатса, нұр үстіне нұр болмақ!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.