Жуырда Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, оның жұмысын төраға Жанат Исағұлов жүргізді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Қазақтелекомның» аудандық желілік техникалық цехының атқарып жатқан жұмыстары туралы» оның басшысы Шаймұрат Әуелбеков есеп берді.
– Уақыт талабына сай біздің жұмыста-рымызда да көп өзгеріс бар, – деп бастады өз сөзін Шаймұрат Болатұлы. – Негізгісі, әрине, жеке және заңды тұлғаларға телекоммуникациялық қызмет көрсету. Цехымызда 67 адам еңбек етеді. Олардың ішінде монтер, кабель тартушыларға жүктелген міндеттер ауқымды. Басты мақсатымыз – абоненттерге сапалы, тиімді қызмет көрсету. Олар телефон орнату, қамту аумағына кіретін жерлерді интернетке қосу, байланыс бұзылған жағдайда жөндеу сияқты жұмыстар болып жалғасып кете береді.
Цехтағы басқа істер жайында байыпты баяндаған басшыға Қоғамдық кеңес мүшелері Сағат Мәсімақынов, Орынбай Жанәділ, Несіпбала Әбділдаева, Мұхтар Байқұлов, Тұрғанбек Уразәлиев, кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы көптеген сұрақтарын қойып, өз ой-пікірлерін ортаға салды, бәрін де жан-жақты айтып бергені үшін ризашылықтарын білдірді.
Келесі кезекте кеңес мүшелері «Әйтей және Жамбыл ауылдық округтерінде атқарылып жатқан жұмыстар. Өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары туралы» аталған округтердің әкімдері Жарқын Қатубаев пен Еламан Өмербаевтың есебін тыңдады.
Жергілікті әкімдер өздерінде жүзеге асырылған істер жөнінде кеңінен баяндады, алда тұрған міндеттерді де айтты. Сонымен қатар, қойылған сұрақтарға тиянақты жауап қайтарды. Осы орайда Сағат Мәсімақынов өз сұрағына жауап ала отырып, Әйтей округі әкімінің тәжірибесі бар екенін, істі білетінін, алда да солай жалғассын деген тұрғыдағы игі тілегін білдірді. Мұхтар Сабырбек те ветеринариялық өзекті мәселеде де оның тындырымды жұмыс істегенін атап өтті. Сол сияқты басқа кеңес мұшелері Орынбай Жанәділ, Мұхтар Байқұлов, Әмина Абдраманова, Тұрғанбек Уразәлиев, Мұхтар Сабырбек, Жеңіс Бектасов, Несіпбала Әбділдаева, төраға Жанат Исағұлов та жұмысты жақсартуға байланысты ойларын, ұсыныстарын айтты.
Мұнан кейін кеңес мүшелері алдында «Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы заңнаманың сақталуы және көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы» Бірінші Май ауылдық округінің әкімі Елдос Мұқтатаев хабарлама жасады. Бұл ретте округ әкімі тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсартып, сапасын арттыру жолында атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады, ол үшін бар жағдай жасалғанын тілге тиек етіп, ел танысу үшін ережелердің ілінгенін, өзіне-өзі қызмет көрсету орны бар екенін, электронды түрде де қызмет көрсетілетінін айтты. Бұл ретте кеңес мүшелері Орынбай Жанәділ, Жеңіс Бектасов, Несіпбала Әбділдаева, Әмина Абдраманова. Мұхтар Байқұлов сөйлеп, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің маңыздылығына тоқталды, өздерінің ұсыныс-тілектерін білдірді.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Исағұлов қорытындылап, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
* * *
Аталған басқосуда, мұнымен қатар, Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің жаңа мүшелері – Ілияс Саматов, Алмас Жалғасұлы, Мұхтар Сабырбек, Тұрғанбек Уразәлиев таныстырылды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.