Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы сәйкес елімізде халықтың өмір сүру деңгейін жақсартып, оны жаңа сатыға көтеру мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сондай шаралардың бірі ретінде қазақстандықтарды еңбекпен қамту бағытында жасалып жатқан жұмыстарды айтуға болады.
Осы бағытта аптаның сейсенбісі күні ауданымыздың орталығында орналасқан Мәдениет үйінде бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға аудан тұрғындары, аудандық Жастар ресурстық орталығының белсенді жастары мен аудандық пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар,жалпы 300-ге жуық адам қатысты.
Оның барысында аудан аумағында орналасқан «RG Brands Kazakhstan» (RGBK), «Эфес Казахстан», «Kagazy Recycling», «ISKER Company», «Азия АгроФуд», «Хамле Компани LTD», «Алсад Казахстан», «Маолин»ЖШС сияқты 20 жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемелерден 400-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Әсіресе, бухгалтер,механик, техниктер, өндірістік желі операторлары, токарлар, автотиегіш машинаның жүргізушілері, тігіншлер, инженер-электроншылар, сантехник сияқты мамандықтарына сұраныстар болды.
Бұдан бөлек, жәрмеңке барысында оған келген қарасайлықтармен «Бос жұмыс орындары» аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, шағын несие және грант алу, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарынан өту туралы мағлұматтар берілді. Жұмыс іздеп жүрген азаматтар мекеме өкілдерімен еркін сұхбат құрып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап пен кеңестер алып, түйіндемелерін тапсырды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен өткен шара қорытындысы бойынша 300 жұмыс іздеушілердің 204-і жұмысқа жолдама алды.Оның 40-ы жас мамандар.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.