Қазіргідей қиын кезеңде, елімізде коронавирус пандемиясына қатысты жарияланған шектеу шараларына байланысты, еңбек нарығында күрделі жағдай қалыптасқаны белгілі. Сондықтан республика Үкіметі тарапынан экономиканы жаңғыртуға, оның ішінде жұмыспен қамтуға баса назар аударылып отыр. Атап айтқанда, осыған орай жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында нақты істер атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің ауданда да жүзеге асырылу үстінде.
Жалпы, ауданымыз бойынша құны 10763930 теңге болатын 62 нысанда жұмыс жүргізіледі. Кейбіреулерін атап кетуге болады. Мәселен, олардың ішінде Қаскелең қаласындағы 1500 орындық мектеп құрылысы, Алмалыбақ ауылындағы әл-Фараби атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын арнаулы гимназияның алдыңғы жағын күрделі жөндеу мен жаңғырту, Райымбек ауылындағы К. Әзірбаев атындағы мектеп ғимаратын күрделі жөндеу, бірнеше мектептің дәретханаларын ағымдағы жөндеу, Береке ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеу, Тұрар ауылын сумен қамтамасыз ету жүйесінің жаңғыртылуы мен жөнделуі, Құмарал ауылы электр жүйесін жаңғырту, Іргелі ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараты сияқты жобалар бар.
Бұл ретте 1880 жұмыс орны ашылады, оның 940-ы жұмыспен қамту орталығы арқылы. Бүгінгі таңда нақты 520 адам жұмысқа орналастырылды, бұл 28% құрайды. Ал, жұмыспен қамту орталығы арқылы 271 адам болса, ол 29% болып отыр.
Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына сәйкес, Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінде комиссия құрылып, ол 2020 жылға арналған «Жұмыспен қамту жол картасының» жүзеге асырылу барысына нақты қоғамдық бақылау жасап отыр.
Комиссияда үш жұмыс тобы құрылған. Олардың біреуін Қоғамдық кеңестің мүшесі, аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев, екіншісін Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов басқарса, ал, үшіншісіне өзім жетекшілік етемін.
Осы жерде бұл жұмыс топтарының негізгі міндеті «Жұмыспен қамту жол картасының» іске асырылуы барысын тұрақты бақылау, жиі-жиі құрылыс нысандарының басына тікелей барып мониторинг жасау және апта сайын белгіленген үлгі бойынша облыстық комиссияны хабардар ету екенін айта кетейін.
Бір-екі нысанның мәсе-лесі әлі толық шешілген жоқ. Мәселен, Қаскелең қала-сындағы мектептің құрылысы. Қазір оның жобалау-сметалық құжаттамасы жасалуда. Ол мемлекеттік экспертизадан оң шешіммен өткен соң ғана мемлекеттік сатып алу шараларын іске асыруға ұсыныс беріледі.
Екіншісі – Үшқоңыр үстіртін санитарлық-гигиеналық тораптармен жайластыру. Бұл жұмысқа тиісті қаржы бөлінген. Алайда, туризм басқармасы жасаған техникалық сипаттамасы бөлінген сомаға сәйкес келмейді, сондықтан жарияланған конкурс өтпей қалды. Қазіргі кезде оны алып тастау, не қосымша қаржы бөлу мәселесі шешіліуде.
Аудандық Қоғамдық кеңес алдағы уақытта да осы орайда бөлінген бюджеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуына, оны игерудің тиімділігіне барынша бақылау жасап отыратын болады.
Сағат МӘСІМАҚЫНОВ,
Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы.