Жақында аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып, оны кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов ашып, жүргізді.
Алғашқы кезекте «Қаскелең қаласын ауыз сумен қамтамасыз етудегі «Ж-Қаскелең» ЖШС-нің атқарып отырған жұмысы туралы» мәселе қаралып, ол жөнінде мекеме экономисі Наталья Житникова баяндап берді, сондай-ақ директордың орынбасары Сәрсенбек Медеуов сұрақтарға жауап қайтарды.
Бұл ЖШС ауыз сумен қамтамасыз етеді және сарқынды су бұру қызметін көрсетеді. Кәсіпорынның теңгерімінде 26 ұңғыма, 3 кәріз сорғы стансасы (КСС), оның ішінде Қаскелең қаласында 2 КСС және Шамалған ауылында 1 КСС бар. Сонымен қатар ұзындығы 195,7 шақырым магистралдық және ішкі орамдық су құбыры желілері, ұзындығы 119, 27 шақырым кәріз желілері, оның ішінде Шамалған ауылында – 9,6 шақырым, Қаскелеңнен Боралдай кентіне дейінгі арынды коллектор – 38,5 шақырым жұмыс істейді. 2018 жылдан бері қосымша 69,4 шақырым су құбыры және 19,5 шақырым кәріз желісі салынды. Кәсіпорынның тұтынушылары келесідей: сумен жабдықтау қызметі бойынша – 16100 абонент, сондай-ақ 541 бюджеттік мекеме мен заңды тұлға; су бұру қызметі бойынша 5621 абонент, сондай-ақ 410 бюджеттік мекеме мен заңды тұлға.
Кеңес мүшелері Сейтқали Ыбытаев, Қаныбек Айтжанов, Тұрғанбек Оразәлиев, Несіпбала Әбділдаева, Әмина Абдраманова, Сағындық Жылқыбаев сөйлеп, сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін білдірді.
Келесі кезекте кеңес мүшелері «Аудандық желілік-техникалық цехының (Қазақтелеком) атқарып жатқан жұмыстары туралы» оның басшысы Шаймұрат Әуелбековтің есебін тыңдады.
Өте тәжірибелі басшы Шаймұрат Болатұлы өздерінің жұмыстары жайында жан-жақты баяндап, қойылған сұрақтарға орнықты жауап берді.
Бұл мәселе жөнінде Сейтқали Ыбытаев, кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы, Тұрғанбек Оразәлиев, Қаныбек Айтжанов, Несіпбала Әбділдаева ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты.
Мұнан кейін «Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары туралы» бөлім басшысы Бекзат Каримов баяндады.
Бекзат Жұмағалиұлы өзі басқаратын бөлімнің жұмысы жайында кеңінен әңгімелеп берді. Атап айтқанда, ол «Таза Қазақстан» экономикалық бағдарламасы, ауыз сумен қамтамасыз ету, электр қуатымен жабдықтау, түнгі жарықтандыру, абаттандыру, тұрғын үймен қамту, жылыту маусымы, елді мекендерді газдандаыру және тағы басқа өзекті мәселелер жөнінде сөз қозғады.
Осы жерде айтуымыз керек, адамдардың өмір-тұрмысына қатысты болғандықтан, бұл мәселе кеңес отырысында қызу талқыланды, сұрақ та көп болды. Сөйтіп, кеңес мүшелері Қаныбек Айтжанов, Сейтқали Ыбытаев, Несіпбала Әбділдаева, кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы, Тұрғанбек Оразәлиев, Әмина Абдраманова, Ұлтусын Бархинова, Сапар Жұмабаев, Нартай Бөдешов бірінен соң бірі тұрып сұрақ қойды, пікірін білдірді, ұсыныстарын жеткізді және жұмысты одан әрі жақсартуды талап етті.
Кеңес отырысын төраға Жанат Исағұлов қорытындылап, жиын соңында тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.

