Өкінішке орай, бүгінгі таңда ажырасу құбылысы тек жаһандық деңгейдегі ғаламдық тренд қана емес, Қазақстан қоғамы үшін де қауіпті әрі өзекті әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы еліміздегі ажырасу коэффициенті айтарлықтай өсіп, жаңа рекордық көрсеткішке жетті. Нақтырақ айтсақ, тек қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша 11,2 мың қазақстандық жұп заңды түрде некелерін бұзған. Бір жыл бұрынғы дәл осы кезеңде бұл көрсеткіш 10,2 мыңды құраған болатын. Бұл үрдіс отандық демография тарихында соңғы жеті жылдағы ең жоғарғы деңгейге жеткенімізді білдіреді және мамандар тарапынан үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.
Егер бұл жағдайды жай сандармен емес, арнайы коэффициенттермен тереңірек талдап қарасақ, демографиялық көріністің қаншалықты күрделі екені нақты айқынырақ байқалады. Мәселен, 2021 жылы елімізде әр мың тұрғынға шаққанда 6,9 неке қию оқиғасы тіркеліп, ажырасу көрсеткіші 1-ден де төмен болған еді. Ал бүгінгі күні бұл баланс мүлдем бұзылып, әр мың адамға шаққандағы неке саны 4,25-ке дейін құлдырап, ажырасу көрсеткіші керісінше 2,2-ге дейін шарықтап кетті. Бұл екі көрсеткіштің арасындағы алшақтықтың біртіндеп жойылып бара жатқанын және болашақта ажырасулар саны некелесуден асып түсуі мүмкін деген қауіпті болжамды алға тартады.
Ең сорақысы, отбасын құруға деген жастардың ықыласы мен неке қию көрсеткіші керісінше жыл санап төмендеп келеді. Хаттамаларға сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында елімізде бар-жоғы 21,6 мың неке ғана ресми тіркелген. Сыртынан қарағанда бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда небәрі 3,9 пайызға ғана аз болып көрінгенімен, шындығына келгенде, бұл – соңғы жиырма жылдағы ең төменгі антирекордтық деңгей. Салыстырмалы түрде мысал келтіретін болсақ, осыдан бес жыл бұрын, яғни 2021 жылдың алғашқы тоқсанында отбасын құрып, отау көтерген жұптардың саны 32,3 мыңға жеткен болатын.
Бұл статистика арқылы мемлекет тарапынан отбасылық құндылықтарды насихаттау, жас шаңырақтарды қолдау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар мен әлеуметтік жобаларға қарамастан, ажырасу істерінің саны ауқымды мәселеге айналғанын көре аламыз.
Жақында біз осы күрделі мәселенің аудандық деңгейдегі шынайы көрінісін білу мақсатында Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жанар Беймбетовамен арнайы жүздескен болатынбыз. Білікті заңгер әрі судьямен болған сұқбат барысында, бұл жаһандық дерттің Қарасай ауданында да өте өзекті және өткір сипат алып отырғанына көз жеткіздік.
– Жанар Адайбекқызы, бүгінгі таңда қоғамымыздағы ажырасу көрсеткішінің өсуі алаңдаушылық туғызып отырғаны жасырын емес. Өзіңіз қызмет ететін соттың ресми мәліметтеріне сүйенсек, ажырасу динамикасы қалай өзгерді? Бұл үрдістің нақты өсу немесе төмендеу бағытын қалай сипаттар едіңіз?
– Иә, өкінішке қарай, отбасы институтының әлсіреуі мен ажырасу мәселесі қазіргі қоғамның ең ауыр да өзекті дертіне айналып отыр. Жылдан-жылға бұл көрсеткіштің төмендеуі емес, керісінше, қарқынды түрде өсе түсу динамикасы байқалады. Мәселен, өзім қызмет ететін Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жұмысына тоқталар болсақ, мұнда тек ортада кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың ғана неке бұзу туралы істері қаралады. Бұл жағдай мәселенің тіпті күрделі екенін көрсетеді, себебі әрбір шаңырақтың шайқалуының артында тағдыры тәлкекке түскен бейкүнә балалардың мүддесі тұр.
Мәселен, қазіргі уақытта әр судьяның өндірісінде бір мезгілде 300-ден астам азаматтық іс жататын болса, соның айтарлықтай үлкен бөлігі, яғни 80 пайызы тікелей неке бұзу туралы талап арыздардан тұрады. Оның ішінде, әсіресе, жастар арасындағы ажырасу үлесінің тым жоғары болуы бізді қатты толғандырады. Анығырақ айтсақ, 2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың басында ғана үлкен үмітпен шаңырақ көтеріп, отау құрған жас жұбайлардың арадан бір жыл да өтпей жатып сот табалдырығын аттауы жиілеп кетті. Бұл, әрине, алаңдатушылық тудыратын жағдай.
– Сот тәжірибесіне сүйенсек, отбасылардың бұзылуына ең жиі әсер ететін негізгі 3-4 себепті атап өте аласыз ба?
– Мұндай үрдістің белең алуына, ең алдымен, тұрмыстық ұсақ-түйек түсініспеушіліктерге төзімсіздік, отбасылық өмірдің жауапкершілігін сезінбеу және жас жұбайлардың психологиялық тұрғыдан бір-бірін қабылдай алмауы басты себеп болып отыр. Бүгінгі жастардың көбі некелік өмірдің тек жағымды сәттерден ғана тұрмайтынын, оның үлкен еңбек пен өзара сыйластықты талап ететінін жете түсіне бермейді. Жас отбасылардың бұлай тез ыдырауы қоғамдағы рухани және отбасылық құндылықтардың құнсызданып бара жатқанын аңғартады.
Одан бөлек, тұрақты әрі табысы жоғары жұмыстың аздығынан көптеген жас шаңырақтар материалдық таршылық пен баспана мәселесіне тап болады. Әсіресе, отбасында сәби дүниеге келгенде бұл салмақ екі еселеніп, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік пайда болып, аяғы жанжалға ұласып жатады.
Тағы бір басты себептер – ішімдік, есірткі, құмар ойын (лудомания) сияқты зиянды әдеттер. Отбасы мүшелерінің бірі осындай дертке шалдықса, шаңырақтың шырқы бұзылатыны белгілі.
Сондықтан бүгінде ажырасу мәселесі тек сот жүйесінің ғана емес, бүкіл қоғам болып бірлесе шешетін, мемлекеттік деңгейде алдын алу шараларын күшейтуді талап ететін өзекті проблемаға айналып отыр.
– Ювеналды сот, негізінен, бала құқығын қорғайды. Ажырасу процесінде баласы бар ерлі-зайыптылардың ісі сіздерге қандай жағдайларда жолданады және оның құқықтық ерекшелігі қандай?
– Біздің сот тек ортасында кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың ісін қарайды. Ал баласы жоқ отбасылардың ажырасу мәселесін жергілікті соттар шешеді. Көбіне бізге ерлі-зайыптылар екі тараптан да ажырасуға дайын болып, «бала кімде қалады» деген мәселені өзара келісіп келеді. Алайда ортада бала болғандықтан, біз мұндай істерді бірден шеше алмаймыз.
Міндетті түрде қамқоршылық және қорғаншылық органымен бірлесе жұмыс істеп, олардың қорытынды пікірін тыңдаймыз. Бұған қоса егер баланың жасы 10-ға толған немесе одан жоғары болса, оның жеке қалауы мен баламен жұмыс істейтін психолог мамандардың пікірі ескеріледі.
Түпкілікті шешімді ата-ананың материалдық жағдайын салыстыра отырып, ең алдымен баланың психологиялық ахуалы мен мүддесін жан-жақты бағалағаннан кейін қабылдаймыз.
Ажырасу процесінде бірінші кезекте баланың жағдайын жоғары қоямыз.
– Тәжірибеде ажырасу кезінде бала көбіне анасының тәрбиесінде қалатыны белгілі. Дегенмен, баланы әкесіне беру жағдайлары да кездесіп тұрады. Осы ретте туындайтын сұрақ – сот мұндай шешімді қандай критерийлерге сүйеніп қабылдайды?
– Иә, әдетте бала анасының қасында қалады. Бірақ соңғы жылдары бұл үрдісте де айтарлықтай өзгерістер байқалып, баланы әкесінің тәрбиесіне қалдыру жағдайлары жиілеп келеді.
Бұған, ең алдымен, ерлі-зайыптылардың сотқа келмей тұрып, өзара ортақ мәмілеге келуі себеп болады. Екіншіден, әкесінің материалдық жағдайы жоғары болып, баланың сапалы әрі жайлы өмір сүруіне барлық мүмкіндігі бар болса, сот шешімі солардың пайдасына шығарылуы мүмкін. Сонымен қатар баланың өз пікірі де тікелей ескеріледі: егер ол «әкеммен қалғым келеді» десе, сот істі жан-жақты әрі мұқият қарастырады.
– Жанар Адайбекқызы, егер бір тарап сот шешімін орындамай, баланы көрсетпей қойса, қандай шара қолданылады?
– Негізінен, ажырасу туралы сот шешімі шыққаннан кейін қамқоршылық органы екінші ата-ана үшін баламен кездесу кестесін белгілейді. Егер тараптардың бірі бұл кестемен келіспесе, сотқа жүгінуге құқылы. Мұндай жағдайда біз әрбір тараптардың мекенжайын, арақашықтықты, сондай-ақ баланы алып тұратын жақтың жеке көлігінің бар-жоғын ескере отырып, жаңа кестені бекітіп береміз.
Ал сот шешімі шығып, кездесу кестесі белгіленгеннен кейін де бір тарап оны орындаудан бас тартса, біз өз тарапымыздан атқару парағын сот орындаушыларына жолдаймыз. Өз кезегінде сот орындаушылары заңда көзделген жауапкершілікті, соның ішінде айыппұл мен тиісті жаза түрлерін қолдана отырып, сот шешімінің орындалуын қамтамасыз етеді.
– Өткенде бір жиында облыстық сот орындауышысынан статистикалық мәлімет бойынша ағымдағы жылдың өзінде Алматы облыс көлемінде алимент төлеуге қатысты 300 іс қаралса, соның ішінде міндетінен қасақана жалтарған 26 ата-анаға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Яғни, алимент өндіру және оны төлеуден жалтару мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтпай келеді деген сөз. Бұл ретте аудандық ювеналды сот осы бағытта сот орындаушыларымен қалай бірлесе жұмыс істеуде?
– Алимент өндіру туралы іс қаралған кездері біз алимент өндіріп болғаннан кейін, дереу сот орындаушыларына жібереміз. Яғни, сот актісінің күшіне енгенін күтпейміз. Себебі заңда көрсетілгендей, алимент өндіру туралы талап қою бойынша сот шешімі дереу орындалуға жатады. Соған сәйкес біз неке бұзу туралы бөлігін бөліп, бір айдан кейін жібереміз, ал алимент туралы бөлігін сот орындаушысына дереу орындауға шыққан күні жібереміз.
Әрі қарай жұмысты сот орындаушысы жүргізеді.
– Тәжірибелі судья ретінде ажырасу алдында тұрған немесе осы процесті бастан кешіріп жатқан ата-аналарға ең бірінші кезекте баланың психологиясына кері әсер етпеу үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Әрине, адам ретінде мен бірінші кезекте елімізде отбасылардың ажырасуға дейін жетпеуін, отбасылық құндылықтардың беріктігі жоғары болғанын қалаймын. Өзара түсіністік тауып, кез келген тығырықтан бірге шыға алатын саналы да парасатты шаңырақтар көбейсе екен деймін. Алайда егер де жағдай шынымен тығырыққа тіреліп, ажырасудан басқа жол қалмаса, ерлі-зайыптылар ең алдымен ортадағы бейкүнә баланың болашағы мен психологиялық саулығын ойлауы тиіс. Себебі сот табалдырығын аттаған ата-аналар арасындағы текетірес ең алдымен баланы шаршатады. Ата-ананың екеуін де бірдей жақсы көретін бала екі оттың ортасында қалып, терең депрессия мен психологиялық соққы алады.
Сондықтан неке бұзудан басқа амал қалмаған жағдайдың өзінде екі тарап өркениетті түрде тіл табысып, баланың болашағын, оның тұратын жері мен тәрбиесін алдын ала ақылдасып, сотқа бірлескен парасатты шешіммен келгені абзал.
– Жанар Адайбекқызы, уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңіз үшін рақмет!
Сұқбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

