Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, оларды келешекке сақтап, халыққа насихаттап келе жатқан аудандық тарихи-мәдени өлкетану музейі үздік аудандық музей республикалық байқауына қатысып, «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік музей» номинациясына үміткер атанды.
Музей – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын институт. Ол ғылым, білім және мәдениет орталығы. Міне, біздің ауданымызда осындай тарихтың қоймасындай болып отырған аудандық тарихи-мәдени өлкетану музейі өңірдің өткені мен бүгінгісін жинақтап, зерттеп, ұрпаққа жеткізіп отыратын киелі орын.
Ашылғаннан бері жылдан-жылға аса құнды көненің көзіндей тарихи жәдігерлермен толығып келе жатқан музей бүгінде әртүрлі іс-шаралар өткізу арқылы облысымыздағы музейлердің ішінде алдыңғы қатарда тұр. Соның дәлелі ретінде ауданымыздың тарихи-өлкетану музейі биыл төртінші рет қатарынан өткізіліп жатқан республикалық «Рухани қазына – 2021» байқауына облыс атынан қатысып, «Үздік аудандық музей» номинациясына үміткер болды. Бұдан біраз уақыт бұрын танымал ақыны Серік Қалиевтің басшылығымен жұмыс істеп келе жатқан тарихи-өлкетану музейі байқаудың 1-кезеңінен облыстың ішінде жеңімпаз атанып, 2-кезеңге жолдама алған болатын. Енді, міне, біздің музей қызметкерлері Көкшетау қаласында өтіп жатқан «Рухани қазына – 2021» фестиваліне қатысуда, бір жыл бойы атқарған жұмыстарын таныстырып, үздік атану үшін өзгелермен бақ сынасуда. Олай болса, ауданымыздың тарихынан сыр шертетін тарихи-өлкетану музейіне республикалық кезеңде сәттілік тілейміз! Музейдің мәртебесі мен мерейі күннен күнге өсіп, арта берсін!
Айта кетейік, аталмыш фестиваль мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында ел тарихында осымен төртінші рет Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Көкшетау төрінде өтіп жатыр. Оған еліміздің 15 өңірінен кітапхана, музей және мәдени-демалыс қызметі бойынша 800-ден астам өтініш келіп түскен.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.