Тәуелсіздік – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған сан ғасырлық асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Елім, жерім деп ұлтарақтай жері үшін небір қазақтың батырлары өз өмірлерін қиып, қанды шайқастарда қаза болды. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз, әрбір адам кеудесін көтеріп, мақтанып айтатын қасиетті ұғым.
Біздің кітапханада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты мерекелік кеш ұйымдастырылып, ол Қазақстан Республикасының гимнімен ашылды.
«Тұғыры биік Тәуелсіздік!» атты бейнефильм көрсетілді. Халқымыздың қасіреті мен ар-намысына, сонымен бірге мақтанышына айналған Желтоқсан көтерілісі туралы «Желтоқсан жаңғырығы» көрінісін Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері көрсетті. Жастар Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев атты Желтоқсан қаһармандарын сомдап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, В.Белинский атындағы орта мектептің 10 «А» сынып оқушылары, сынып жетекшісі Ж.Қалиева Тәуелсіздікке арналған өлеңдер оқыды. Мәдениет үйінің әншілері Қ.Измаханов «Атамекен», Ж. Есжанова «Менің қазағым», Ә.Аманжол «Елім менің», «JS» тобы «Қазақстан», «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері «Атажұрт», «Тәуелсіздік таңы», «Ұлт көсемі» атты әндерді шырқады.
Кешімізде Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы К.Дүйсенова және Қарасай ауданының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Ш. Қанатқұлқызы сөз алып, жастарға Тәуелсіздікке жету жолындағы боздақтардың ерлігін, армандаған егемендікке қол жеткізгенімізді баяндап, оқушыларға алғыстарын білдірді.
Қарлығаш РАХЫБАЕВА,
Қаскелең қалалық кітапханасының меңгерушісі.