Көктемі кеш келіп, жазы салқындау болатын таулы өлкеде орақ науқаны енді ғана қыза түсті. Ел ырысын еселер науқанда жұмыс жыл сайын Жалаңаш өңірінде алғашқы болып басталып жатады. Өйткені, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарымен іргелес жатқан бұл жердің ауа-райы жылылау. Табиғаты да қолайлы. Жалпы, Кеген ауданында өсірілетін дәнді-дақылдың жап-жақсы бөлігі Қарабұлақ ауылдық өңіріне қарасты «Бірлік – АГРО» ЖШС-не тән десек, артық айтпаймыз. Сүйіндік Нүсіпбеков басқаратын аталған құрылымның мың гектардан аса егістік жерлері бар. Оның бәрі жыл сайын құры алақан қалмайды. Бидаймен, арпамен, бұршақпен теңіздей толқып тұрады. Жер-Ана төсін нан мен әнге негіз қалар дүниемен шырайландыра түсетін серіктестікке деген ел алғысы бөлек.
Дән тасымалдайтын бір тіркемелі «МТЗ-80» маркалы трактор, 1 «ГАЗ-53» жүк көлігі де осында. 400 гектар арпа орылуда. 81 гектар жаздық бидай, 50 гектар бұршақ бар. Арпаның әр гектарынан 20 центнерден жоғары, бидайдың әр гектарынан 18 центнерден жоғары алтын дән жиналуда. Серіктестіктің шаруашылық меңгерушісі Бірлік Тұрлықожа, комбайыншы жігіттер Медет Ережеп, Әділ Қуатов, механизатор Талғат Нұрбаев, жүргізуші Серік Сыдықов секілді бесаспап, еңбекқор азаматтар осында жүр.
Округтегі Серік Мәсімбаев басқаратын «Көлбастау» өндірістік кооперативінің де жағдайы жаман емес. 80 отбасыны құрайтын кооперативтің 500 гектар егістік жерлері бар. Дәл қазіргі қауырт науқан тұсында 70 гектар бидай, 70 гектар арпа орылуда. Түсім жаман емес. «Қазақстан-10» сортты жаздық бидай алқабының әр гектарынан 18-20 центнерден, «Омск-9» сортты бидай алқабының әр гектарынан 24 центнерден алтын дән жиналуда. Жалпы, биылғы егіс науқанының жайы мен жағдайына, берекелі өніміне диқандардың көңілі тоқ. Дәнді дақыл алқаптарының түсімді болуы еңбек өнімділігіне де оң әсерін тигізуде. Сары алтындай алқаптары тым-тым алыстан көз тартып жататын Жалаңаш өңіріндегі алтын орақтың жайы осындай. Аспаннан күн шуағы мөлдірей төгіліп, сарғыш мұрт сабақтары дәніне толы астықты алқапта еңбек жыры шертіле түседі. Жақын маңдағы қырқадан бозторғай үні қоса естіліп, ел ырысымен толықсып жатқан дала төсі тамаша сазға бөленуде.
Суретте: «Бірлік-АГРО» ЖШС-нің шаруашылық меңгерушісі Бірлік Тұрлықожа (ортада) комбайыншы Медет Ережеп, механизатор Талғат Нұрбаевпен бірге шаруа жайын ақылдасуда.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.