Коронавирус індеті өршіп тұрған шақта оған қарсы тұратын басты қару – вакцина. Оны медицина ғалымдары жан-жақты түсіндіруде. Қазіргі уақытта елімізде екпеге деген сұраныс барынша артып келеді. Оның ішінде Қарасай жұртшылығы да денсаулығына алаңдап, өз еріктерімен вакцина қабылдауға өтініш білдіруде.
Қарасай ауданы бойынша ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап COVID-19 індетіне қарсы екпе егу жұмыстары жүргізілуде. Инфекцияға қарсы иммунитет қалыптасуы үшін тұрғындардың вакцина қабылдауы екі кезеңде жүзеге асатынын айта кеткен жөн.
Біздің ауданға 2021 жылдың 1 ақпаны мен 11 мамыр аралығында ресейлік өнім болып табылатын «Гам-КОВИД-Вак» (СПУТНИК-V) екпесінің 17350 дозасы әкелінді. Ал, осы айдың 5-нде Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) өндірген «HAYAT-VAX» вакцинасының 800 дозасы жеткізілген болатын.
Бірінші кезең бойынша екпе 18150 адамға егілді. Оның ішінде 1315-і жекеменшік медицина орталықтары арқылы жүзеге асырылды. Нақты айтқанда, 2228 – медицина қызметкерлері, 3263 – педагогтар, 339 – мемлекеттік қызметшілер, 413 – студенттер, 344 – полиция басқармасының, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері және басқа да аудан тұрғындары арасынан 11569 адам екпе қабылдады.
Вакцина қабылдаудың жұмысына байланысты осы аталған түрлі саладағы қызметкерлердің 8578-іне екпенің екінші дозасы егілді. Қалғаны денсаулық жағдайына байланысты кейінге қалдыруды жөн санады.
Ауданымыз бойынша 14 медициналық мекеме, 9 жылжымалы егу пункттері және төрт жеке медицина орталықтары екпе егу жұмыстары бойынша қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, COVID-19 індетіне қарсы вакцина қабылдау жұмыстарымен айналысу үшін көптеген медицина қызметкері өз міндеттерін атқаруда.
Вакцина салғызу – індетті айналамыздан алыстатудың ең тиімді жолдарының бірі. Сондықтан өз денсаулығымыз бен жақындарымыздың амандығын ойлап, қалыпты өмірде бірге қалыптастырғанымыз дұрыс.
Руслан КУККУЗОВ,
Қарасай аудандық көпсалалы
аурухана басшысының ұйымдастыру-әдістемелік ісі
бойынша орынбасары.