Қаскелең қаласындағы В.Белинский атындағы орта мектебінде «Сыр сандық» балалар театры өз жұмысын бастады. Үйірме аталған білім ордасының қазақ тілі және әдебиет пәнінің бірлестігі мұғалімдерінің бастамасымен құрылған. Театрға сахнада өнер көрсетуге бейімі бар екінші, үшінші, төртінші сынып оқушылары таңдап алынған. Осы жолы алғаш мектеп сахнасына қазақтың «Мақта қыз» ертегісін алып шықты. Бұл жолғы бір ерекшелігі аталған қойылымды орыс сыныбының оқушылары қазақ тілінде қойды. Сахнада оқушылар жақсы дайындықтың арқасында өздерін жан-жақты екенін көрсете білді. Мысықты, ағашты, дүкеншіні, тышқанды, Мақта қызды, сиырды, су тасушы қыздарды бейнелеген оқушылардың барлығы нағыз әртістей сахна ажарын аша түсті. Оқушылардың театр үйірмесіне деген қызығушылықтары осыдан-ақ байқауға болады. Дайындықтары жақсы болғанын рөлдерді сомдау кезінде байқалды. Өздеріне тапсырылған жауапкершілікті сезініп, театр әртістері секілді кейіпкер образын ашуға тырысты. Әсіресе, орыс сыныбының қазақ тілі деңгейі пән мұғалімдерінің тыңғылықты жұмысын көрсетті.
Қойылымнан кейін В. Белинский атындағы орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Амантаева сөйлеп (суретте), ұстаздар мен оқушылардың бірлесе атқарған жұмыстарын ерекше бағалап, алғысын білдірді.
Театр үйірмесіндегі балалардың шығармашылығын дамыту, балалардың бойына рухани қазынаны сіңіру және елжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуге жобаның қосатын үлесі зор. Мектептегі талантты балалардың басын біріктіретін үйірменің кішкентай мүшелері де ертегілерді сахналауға машықтанып келеді. Олар осыдан кейін «Шалқан» ертегісін қойып, көрермен назарына ұсынбақ. Сонымен қатар, аталған білім ордасында 7 және 8 сынып оқушылары арасында саусақты қуыршақ театрын, 9,10,11 сынып оқушылары үшін жас ақындар үйірмесін ашу жоспарда бар екен. Сәтті басталған жобалар мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін дамытып, жаңа таланттардың ашылуына жол ашары сөзсіз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.