Ақпарат пен технологияның дамыған заманында балалардың қуыршақ театрына деген қызығушылығы төмендей бастағаны рас. Десе де еліміздегі жас көрермендердің жүрегінен орын алып, сезімтал өнер түрін дамытуға осы бағыттағы өнер ұжымдары үздіксіз еңбек етіп келеді. Алматы облысындағы жалғыз тарихы терең қуыршақ театры Талғар ауданында бар екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Аудандық Мәдениет үйінің іргесінде жұмысын жалғастырып келе жатқан ұжым 2007 жылы «Халық театры» атағына ие болған. Өнер ұжымының негізін салушы әрі басшысы, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР өнер майталманы Әділхан Қабылов болса, онымен қатар Рабиға Қонысбекова, Гүлзира Чалабаева сынды өнерпаздар бар.
1985 жылы оқу бітірген жастардың ұйымдасуымен Жезқазған қаласында іргетасы қаланған театр тыңға салынған түренмен пара-пар болады. Театрдың қарапайым әртісінен басшысына айналған Әділхан Қабылов пен Мұхаметжан Мырзакиев 1990 жылы Польшада өткен әлемдік қуыршақ театрларының фестивалінде бас жүлдені қанжығалағаннан кейін, Талғардағы жіппен қозғалатын қуыршақ театрына шақырту алыпты. Содан бері Талғар топырағына тамыр тартқан ұжым тарихтың талай дауылдарына мойымай жұмысын жалғастырып келеді. 1996 жылы Әділхан Абдолдаұлы театрды қайта құрып, өнерге бейім жастардың басын қосып, өз қолымен қуыршақтар жасап, көптің көңілінен жол табады. Бүгінге дейін балдырғандардың бала қиялына қанат бітіретін ұлы өнердің туын тік ұстап келеді.
Сахнаның қыр-сырын меңгерген, өмірден көкейіне түйген көп Ә. Қабылов санасында салмақталған идеяларын, қиялында мүсінделген кейіпкерлерін шынайы өмірпге әкелуге қаржының тапшылығы қол байлау болатынын жасырмады. Тіпті, аядай үйін қуыршақтар әлеміне айналдырып алған десек артық болмас. Ұшқыр қиялы шындыққа айналатын бөлмеде түрлі кейіптегі қуыршақтар, сахна, музыкалық аспап бәрі-бәрі жарасымын тауып тұр. Қарап тұрып өмірі мен өнері біте қайнасқанына көзіміз жеткендей. Ұжым басшысы – «Тамаша», «Күлкі керуен» сынды үлкен театрлар арқылы исі қазаққа танымал тұлға. Ол кірісінен шығысы көп театрды заман талабына сай етіп жасақтау жолындағы ізденісімен бөлісті.
– Осыған дейін көкейіме түйгенімді бір тамаша қойылым етіп жасағым келгенімен, қысқа жіп күрмеуге келмеді. Алпамыс, Ертарғын, Қобыланды сияқты батырларымызды қуыршақ театры арқылы балаларымызға жеткізсек қандай тамаша. Бүгінгінің балалары телефоннан көз алмайды. Ата-аналары жандарының тыныштығы үшін сол құрылғыны ұстата салады. Ал бала одан сананы улайтын атыс-шабыс ойындарын ойнап, желі парақшалар арқылы салт-санамызға қарама-қайшы дүниелерді көріп, оны қайталайды. Өткен жылы желідегі «Көк кит» ойыны арқылы қаншама бала өзіне қол жұмсады? осы ойындар арқылы қаншама қатыгез ұрпақ тәрбиелеп жатқанымызды ата-аналар біле ме екен? Мұның салдарының тым ауыр болатыны туралы ғалымдар әлдеқашан дабыл қаққан. Біздің халық «баланың қарны тоқ, киімі бүтін болса болды» деп ойлайды. Балапандарымыздың жан дүниесінің байлығы мен тазалағы – болашақтағы ұлтымыздың бет-бейнесі. Тәрбиенің ең дұрысы – жас ұрпақты өз ұлтының құндылығы мен салыт-дәстүрі арқылы тәрбиелеу. Ал біздің аңыз-ертегілерден алынған, батырларымыздың тұлғасын сомдаған қойлымдарымыз оларды батылдық, адалдық, мейірімділік сынды адами қасиетке баулиды.
«Жезтырнақ», «Өтеген батыр» ертегілерін сахналағым келеді. Алайда оған мықты суретші, он саусағынан өнер тамған шебер керек. Өзім де жасаймын, бірақ шебердің қолынан шыққанға не жетсін? Бізге айлық алып отырғанымызбен қойылым үшін ешқандай қаржы бөлінбейді. Барлық шығынды өз қалтамнан шығарамын. Кейде өзге театрлардың ескі қуыршақтарын 30-40 теңгеге сатып аламын. Нанай халқының ертегісіндегі баланың бейнесіндегі төрт қуыршақтың біреуінің киімін 30 мың теңгеге тігетін шеберді зорға таптым. Көлеңкелі қойылымға қажетті лампаны да дүкен сөрелерінен немесе кез келген сауда орындарынан оңайлықпен таба алмайсың. Жақында ғана 280 мың теңгеге ескісін сатып алдым. Көлеңкелі қойылым көбінде ақ, қара түсті болады. Алайда оны түрлі-түсті етіп құбылтатын бояудың өзі 30 мың теңгенің үстінде. Мұндай құпияны көп адам біле бермейді. Бар-жоғы 25 минут өнер көрсету үшін қаншама тер төгеміз. Алып жатқан марапатымыз, атағымыз аз емес. Облысымызда жыл сайын дәстүрлі театр фестивалі өтеді. Өткен жылы «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым» атағын алсақ, осы жылы бас жүлдені иеледік. Осындай нәтижелерге ие болғанда төбеміз көкке жеткендей марқайып қалғанымызбен, келесі қойылымға дайындалғанда сол баяғы қайыршы кейпімізге қайта түсеміз», – деді күйініп.
Шағын ұжымның сценаристі де, суретшісі де өзі болған өнер иесіне Алматыдағы республикалық қуыршақ театрынан шақыртуынан бастартқан. Себебі идеялсын өз театрында жүзеге асырғысы келіпті. Талғар ауданының қуыршақ театрында қолжетімді бағада, қызықты бағдарламаларымен бұрап тұрса, тұрғындар балапандарын алысқа сүйреп әуре болмас еді. Кірісінен шығысы мол бұл театрды жарты жолға тастамай, алға сүйреп келе жатқан өнер иесінің бұл ісінен оның өз кәсібіне деген шексіз махаббаты мен адалдығын аңғару қиын емес Қуыршақ театрының бала тәрбиесіндегі алар орнының биік екенін айтпағанда, Әділхан Қабыловтың сүйікті кәсібіне деген адалдығы мен ізденісінің өзі бізге үлкен өнеге.
Өз тілшіміз.
Талғар ауданы.