Ауданымыз бойынша спорттық саланың жандануы үшін жыл сайын бірқатар нысандар бой түзеп, халықтың игілігі үшін қолданысқа беріліп жатыр. Олардың ішінде сәулеті мен сәні ерекше көрініс беретін, Шамалған ауылдық округінің солтүстік-батысында іргетасы қаланған «Úshqońyr» спорт кешені де бар. Биыл, міне, бұл денешынықтыру-сауықтыру орталығына 1 жыл толып отыр.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен бой көтерген бұл спорттық нысан өткен жылдың 20 маусымында ашылған болатын. Дәл осы күнгі салтанатты шараға Елбасымыздың өзі де қатысып, жас жеткіншектердің алдына ақ батасын беріп, «шыныққан адам шымыр болады» деп, денсаулыққа спорттың кепіл болатынын айтып кеткен болатын.
Дәурен Төлеген басшылық ететін спорт мектебінде жасөспірімдердің шынығуына толықтай жағдай жасалған. Жұмысын былтырғы оқу жылымен қатар бастап, көптеген игі шаралардың өтуіне де атсалысып келеді. Шәкірттерін шыңдауды мақсат еткен спорттық ұжымда 44 білікті жаттықтырушы табанды еңбек етуде. Мұнда болашақ чемпиондар 13 олимпиадалық (еркін күрес, дзюдо, бокс, волейбол, жеңіл атлетика, таэквондо, футбол, үлкен теннис, жүзу, баскетбол, грек-рим күресі, велоспорт, бадминтон) және 5 олимпиадалық емес (тайбоксы, армрестилинг, шахмат, самбо, қазақ күресі) спорт түрімен шұғылданып келеді.
Ашылғанына бір жыл болса да «Úshqońyr» спорт кешенінің жеткен жетістіктері көңіл қуантарлықтай деп айтуға болады. Талабы таудай жасөспірімдердің түрлі жарыстарда топ жарып, жеңісті жолдары жалғасып келеді. Атап айтар болсақ, Ринат Шуленбаев баптайтын бірқатар таэквондошылар түрлі халықаралық турнирден барлық жүлделі орындарды иеленсе, армрестлингтің жаттықтырушысы Ануар Әбдікерім өз шәкірттерін үздіктердің қатарынан көрінгенін мақтан етеді. Дәл осындай жемісті жетістіктерге жету жолында Мұхтар Ахметовтің жас шахматшылары да лайықты ойын өрнегін көрсетуде. Олардың арасында облыстық деңгейдегі сайыстарда алтыннан алқа тағып, қола медальдарды қанжығаларына байлаған жүлдегерлер де бар. Жарыс жеңімпаздарының ішінде дзюдоның қыр-сырын жетік меңгерген тәлімгер Анель Еженханованың, муайтайдың жаттықтырушы Юрий Щукиннің, бокстан болашақ чемпиондарды баптайтын Жұмабек Прназаровтың еңбектері де ерекше. Бұлардың қол астында шынығатын бірқатар шәкірттер облыс көлеміндегі бәсекелерде топ жарып, республикалық жарыстарға жолдама алып та үлгерді. Сонымен қатар, ала допты серік еткен жас футболшылардың командалық үздік нәтижелерін де айтуға болады. Шаттық Рахметқожаев, Нұржан Ахметов, Қыран Тұрсынбай сынды бапкерлердің балалары алдағы уақытта ел чемпионатында бақ сынап, жасыл алаңда жасындай жарқырай түседі деген үміт бар.
Бұрын біз айтып кеткендей, «Úshqońyr» спорт кешенінде жаттығам деушілердің саламатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, келушілердің денсаулығын қадағалайтын медициналық бөлмелер мен дене қыздыруға арналған сауналарды ерекше айтсақ болады. Одан бөлек, 450 адамға лайықты етіп тұрғызылған стадионда төрт жолақты жүгіру жолдары мен стрит-воркаут алаңдары спортшы жандарға арнайы жасалынған. Біздің жоғарыда айрықша атап көрсеткеніміздей, көптеген спорт түрлеріне қатысты залдар мен арнайы бөлмелердің барлығы заманауи, соңғы стандарт үлгіде жабдықталған. Сондай-ақ, көптеген спорттық жарыстар мен іс-шаралардың алдын ала ұйымдастырылуына, талқылануына байланысты конференция залдары спорт кешенінің бірден-бір ерекше орындары деуге болады.
Міне, бір жылдық тарихын артқа тастаған «Úshqońyr» спорт кешенің бүгінгі келісті келбеті мен жарқын жетістіктері осындай. Толағай табысқа жетуді көздейтін бірлігі жарасқан ұжымның алға қойған мақсаттары айқын, жоспары жүйелі.
Спорт мектебінің шынығудан шаршамайтын шәкірттеріне өз тарапымыздан сәттілік тілейміз! Әлемдік ареналарда бой көрсетіп, байрақты бәсекеде бақтары мен баптары қатар шапсын демекпіз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.