Көрермендердің назары сахна төріндегі қырмызы гүліндей келбеті мен әсем әні жарасым тапқан әншіге ауған. Әр ән орындалған сайын туған өлкенің тамаша табиғаты, әдемі гүлдері, иісі бұрқыраған аршасы мен шыршасы көз алдыға келіп, мөлдір бұлағының, айдын көлдегі аққулардың әуезді үндері естіліп, жүректің нәзік қылын шерте түседі. Еш қиналмай туған Отан туралы әнді орындаған сәтте Тәуелсіз мемлекетіміздің болмысы, жақсылықтары жан жадырата, көңілдерді албыраты түскендей. Ақ жүзі тау гүлдеріндей шырайлы, жұдырықтай жүрегінен толғап, қозғап айтатын әндері әуезді әншінің жастық шақ, махаббат тақырыбындағы төгілтер дүниелері де адамды бей-жай қалдырып жатқан жоқ. Міне, «Бәрекелді!», «Ән айтса, сендей айтсын, Сәмиға!», «Тағы, тағы да бір ән», – деген жұртшылық сатырлата қол соғып, әншіге ыстық ықыластарын танытып жатыр. Көпшіліктің пейіл-ниетіне жылы жымиып, басын иіп тағзым еткен әнші бір сәт ойланып тұрып қалғандай.
Біз сөз еткелі отырған Самиға Алдекенова Кеген халық театрының белді әртісі. «Ереуіл» халықтық фольклорлық ансамблінің күміс көмей әншісі. Тумысынан ұлтымыздың осынау қастерлі ән өнеріне жаралған жан. Шын мәнінде, тау бұлағындай сыңғыр қаққан, кең тынысты, әуезді үнді әнші. Рас, Самиға апай сахнаға шығып, ән айтатын болып жатса, оның өнерін бұрыннан білетін, халық әндерінен бастап қазақ композиторларының кез келген тақырыпта жазылған әндерін нақышына келтіре, еріте, еліте, жүректі тебіренте орындайтын тамаша қасиетіне қанық жұртшылық бір желпінісіп қалады. Айтса айтқандай,күміс көмей әншінің репертуары бай. «Бір бала», «Наз қоңыр», «Гауһар тас» секілді халық әндерін сүйіп орындайды. Л. Хамидидің «Бұлбұлын» шырқаған кезде тыңдарман қауым ерекше ықыласпен беріле тыңдап, бір серпіліп, өзгеше күйге бөленіп жатады. Шәмшінің, Нұрғисаның, Ескендірдің тағы да басқа қазақ композиторларының шығармалары жүрегіне жақын. Самиға апай әйгілі Қапез Байғабыловтың «Үш Меркісін», жергілікті сазгер Жақсылық Әбдірамановтың, Бақытжан Құсайыновтың туған ел мен жер туралы әндерін де жан-жүрегімен, көркемдік келбетін аша орындап келеді. Самиға Әлдекенова, шын мәнінде, ел жүрегінен жылы орын алған танымал әнші. Оның хас өнеріне, әншілік дарынына Кеген, Нарынқол өңірі ғана емес Жетісу өлкесінің жұртшылығы да жақсы таныс. Өзі еңбек ететін Кеген халық театрының, «Ереуіл» халықтық фольклорлық ансамблінің құрамында облыстың бірсыпыра аудандарында, Талдықорған, Алматы қалаларында өнер сапарымен болып, көрермен көзайымына айналғаны қашан?!
Рас, талантты, дарынды әншілік саф өнер әрдайым оны лайықты түсіне, бағалай білетін қалың көпшіліктің жүрегінен жылы орын алған. Бағасын жоғалтып, қадірін кетірмеген. Уақыт өткен сайын толыса, көріктене, келбеттене, ажарын аша түскен. Самиға апай қалың елінен сондай бағасын алған әнші. Бақытты әнші. Ол – Талдықорған өңіріндегі Сарқан ауданына қарасты Бақалы ауылының бір түлегі, айтулы қарлығашы. Алматы қаласындағы Ж.Елебеков атындағы өнер студиясын бітірген. Әйгілі Зейнеп Қойшыбаеваның класында дәріс алған. Кеген ауданындағы өнер өлкесінде еңбек жолын бастаған еді.Самиғадай әнші әрі әртіс үшін өткен күндері, айлары мен жылдарының бергені аз емес. Жүзі нұрлы, үні сырлы әнші ғана емес, Кеген халық театрында талай-талай рөлдерді сомдап жүрген әртіс. Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі. Самиға апай еңбек еткен театр өз тұсында Т. Әліпбаевтың «Даладағы дүбір» атты спектаклін сахнаға шығарып, «Үлкен алтын» медальмен марапатталған. Кеген халық театры – республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Самиға апай 1998 жылы «Алмалы-98» атты республикалық байқауда ән аталымы бойынша бас жүлделі болған. Ауданның мәдениеті мен өнеріне сіңірген ерен еңбегі үшін Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында, мерекелік медалдармен марапатталды. Ұзақ жылдардан бері аудан, облыс әкімінің және мәдениет басқармасының Құрмет грамотасына ие болып келеді. Сонымен қатар қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болып, үлкен қуанышқа кенелді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі атанды. Ол Кеген ауылындағы үлгілі жанұяның отанасы. Екі ұлы мен бір қызын тәрбиелеп, өсірген. Дидар, Елдардай ұлдары мен Махаббат атты қызын қанаттандырды. Келін алып, қыз ұзатып, немере сүйіп отырған бақытты жайы бар.
Кеген халық театрының әртісі, «Ереуіл» халықтық фольклорлық ансамблінің жезтаңдай әншісі Самиға Әлдекенова әрдайым аудандық Мәдениет үйіне асығады. Онда тілек-ниеттері, мақсат-мүдделері бір сүйікті әріптестері, өнер ордасы күтіп тұрады. Кезекті ән мен қойылымға әзірлік секілді жанына жақын істер жүрегін жайландырып, қиялына қанат бітіріп, жанын жадырата түсетіндей. Әнші, шынайы өнер иесі үшін одан асқан еңбек бақыты, қуанышы жоқ?! Сәмиға апайға шығармашылық табыстар тілейміз.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.