Ықылым заманда бір патшаның жалғыз ұлы етікшілікті кәсіп етіпті. Сонда патша баласына қарап: «Саған жаным ашиды, табысың аз, қарның аш, ел басқаратын мүмкіндікке ие едің, отырысың мынау» деп жиіркене қарайды. Сонда ұлы: «Патшам, маған жаныңыз ашымасын себебі, мен өз ісімнің шеберімін. Сондықтан да елдің маған айтар алғысы бар. Ал, патшалықты шебер басқара алатын адамға босатып бердім» деген екен. Біздің елге дәл осы философия керек.
Қазақстанның әр азаматы өз орнында, өз мәртебесінде шебер болу керек. Мәселен ол оқушы болса озат оқушы, ол әке болса отбасындағы тәрбиеге жауапты әке, студент болса білім ізденуші, дәрігер болса мықты дәрігер, ұстаз болса шебер ұстаз, полицей болса ел тыныштығына жауапты болу керек. «Мен айттым, сен орында!» позициясында болмай шен-шекпені, лауазымына қарамай өзіне жүктелген міндетті, жауапкершілікті асқан шеберлікпен орындау қажет. Яғни, әрбір адам өз мойнына жауапкершілікті алып өз міндетін шебер орындаса, елде бүгінгідей ахуал тумас еді.
Меніңше елдегі болған лаңкестік әрекетке бәріміз кінәліміз. Дұрыс тәрбие бере алмаған ата-ана, дұрыс сабақ үйретпеген мұғалім, дұрыс басқара алмаған басшылық және тағы басқалар. Яғни, жартылай мұғалім, жартылай сатушы, жартылай дәрігер, жартылай блогер, жартылай ана, жартылай нан табар, жартылай әке, жартылай кәсіпкер, жартылай тамада, жартылай ақын деген позициядан арылу керек. Бір дәрігерді тележүргізуші, блогер, маркетинг менеджері, марафоншы, әлеуметтік желіде дәріс беруші бейнесінде көріп жүрміз. Қазір кімнің кім екенін білмей қалдық. Ал, қажет кезде нақты сала маманын таппайсың. Сан қырынан танылып идеал болуға талпынатын қоғамда өмір сүріп отырмыз. Әлемнің даму бағытына қарасақ, әркім өз саласын терең, жан-жақты меңгерген үздік те шебер маман болу талабы тұр. Елдегі лаңкестік жағдайда 100 млрд залал келтірілгені айтылды. Әлі де бұл сома өсетіні хақ. Ол деген сөз 100 мектеп ойрандалды деп санауға болады емес пе?! Жоқтың орны толар, жыртығымыз жамалар. Алайда, осы елде төңкеріс жасап басқа жерге кете алмаймыз.
Бізде Отан біреу. Ертең ұйқымыздан оянып елімізді таппай қалмайық. Онсыз да қанша ана көз жасын төгіп баласынан айырылып, жер сипап отыр. «Егер адам жүрегі жақсы іске қуанса мінез сұлулығы, егер мінезде сұлулық болса отбасында гармония болады, отбасында үйлесім болса ұлт ішінде тыныштық орнайды, ұлтта тыныштық болса әлемде бейбітшілік болады» деген шығыс ғұламаларының айтқаны бар екен. Демек, әлемде бейбітшілік орнату жүрек қалауы мен мінез сұлулығынан басталса онда бәріміз осы философияны қолданайық. Менің айтпағым, басшылыққа күйе жағып, қаралап, кінәлі адамды іздегенше өз жүрегімізге терең бойлап мыңмен жалғыз алысқан Абайдай болайықшы! Әлемде бейбітшілік орнату әр адамның қолында. Осыны ұмытпайық!
Гүлбану ҚАЛТӨРЕ,
В. Белинский атындағы орта мектептің мұғалімі.