ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен министрлікке қарасты ведомстволық ұйымдар және республикалық жастар қоғамдық бірлестіктерінің, жастар ресурстық орталықтары мен эстрада жұлдыздарының қатысуы негізінде жуырда республикалық деңгейде экологиялық акция ұйымдастырылды. Оған «Жастар» ҒЗО, блогерлер, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымы, «Жасыл ел» жауынгерлері, «Жас Сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы, «Қазақстан студенттер Альянсы» түгелдей қатысты.
Бір мезгілде еліміздің барлық өңіріндегі киелі нысандар аумағында басталған сенбілік шеңберінде өңірлік жастар ұйымдарының өкілдері, жас өнер жұлдыздары, блогерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар ресурстық орталықтарының мамандары, студенттер, эковолонтерлер аумақты жинау, ағаш отырғызу, плоггинг, сондай-ақ қасиетті нысандар мен табиғатты қорғауға шақыру секілді маңызды міндеттерді атқарды. Республика көлемінде өткен айтулы шараға атсалысқан жерлестеріміз «Kieli Tabigat» бірыңғай республикалық экологиялық акциясын Талғар ауданының аумағында да кең көлемде өткізді.
Мәселен, айтулы акция аясында Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен сенбілікке Талғар политехникалық колледжі, Талғар агробизнес және менеджмент колледжі, Талғар жоғары медициналық колледжі мен Талғар медициналық колледжінің студенттері, «Жасыл ел» еңбек жасақшыларымен қатар, жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы қатысты. Табиғатты аялауға, жас ұрпаққа табиғат қасиетін ұғындыру мақсатында өткен акция барысында қаладағы Жаңа ықшам ауданға тазалық жұмыстары жүргізілді.
«Жасыл ел» еңбек жасақшысы Қарақат Жанпейіс табиғатты аялауға шақырып, тұрғындардың тазалық сақтауға шақырды.
– Бүгінгі «Kieli Tabigat» республикалық акциясына қатысқаныма және табиғат жанашыры ретінде аталған ұйымның бір мүшесі болғаныма өте ризамын. Табиғатқа қандай қарым қатынас жасасаң, ол да саған солай жауап қайтаратыныныа кенемін. Осындай акциялар жиі ұйымдастырылып тұрса, табиғатты аялап, таза ұстап, барынша қастерлесек нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Табиғатқа құрметпен қарап, жақсылық жасап жарыстық. Елдің, жердің көркеюі біздің қолымызда екенін ұмытпайық! – деп барша тұрғындарға тазалық сақтау туралы үндеу тастады.
Талғар медициналық колледжінің студенті Анель Теңізбаева болса: «Республика көлемінде өтіп жатқан бұл акцияға қатысқаныма өте қуаныштымын. Өйткені табиғатты қорғауға аз да болса үлесімізді қосып жатырмыз. Онывң үстіне өзге де колледждердің студенттерімен танысып, жақы қарым-қатынас орнаттық. Сондықтан мұндай шаралардың жиі өткізілуі тек қана табиғат тазалығын смақтауға ғана емес, адамдар арасындағы қарым-қанытастың да жолға қойылуына септігін тигізеді деп ойлаймын», – деп смартфон мен түрлі гаджеттерге байланған уақытта ұмыт қалып бара жатқан адами қатынастың қазіргі жайын да еске салды. Курстастарының пікірін қолдаған Сүйрік Әбділда, Гүлжайна Мейірқажиева секілді студенттер де өз замандастарын табиғатты аялауға шақырып, тазалық сақтауға үндеді.
Айта кетейік, демалыс күндері «World Clean Up Day» дүниежүзілік экологиялық тазалық күніне орай Ой-Қарағай шатқалына барар жолдың бойында халықаралық әлеуметтік-экологиялық акциясы өткенін хабарлаған Талғар аудандық әкімдігі аталған акцияға аудандық бөлімдер мен Талғар қаласы және ауылдық округтер әкімі аппараттарының қызметкерлері және қоғамдық қызметкерлер, еріктілер мен аудан тұрғындары, коммуналдық қызметтер ұйымының өкілдері де қатысқанын хабарлады. Тазалық жұмыстарына 500 адам қатысып, 10-ға жуық техника жұмылдырылып, 150 тонна қоқыс шығарылды. Өткізілген акцияның негізгі мақсаты – адамдарды экологиялық сауаттылыққа баулу. Осындай істермен халықтың қоршаған ортаны таза ұстауға деген көзқарасын өзгерте аламыз деп ойлаймыз.
Бұған дейін де Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жасыл ел» еңбек жасақшылары «Таза қала» акциясын өткізгенін де айта кеткен абзал. Акция барысында Талғар қаласы, Жаңа ықшам ауданы, Абай көшесінің бойына тазалық жұмыстары жүргізіліп, жол бойында шашылып жатқан қоқыстар тазартылған болатын.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» емес пе? Ендеше қоршаған ортаның тазалығына, туған жердің табиғатына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті десек артық айтқандық болмас.
Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ.
Талғар ауданы.