Ералы Рахметқожаев үшін 19 наурыз өмірінде есте қаларлық күн болмақ. Дәл бүгін дүниеге келген қарасайлық азамат мемлекеттің келешегі жарқын болсын деген ниетпен халық қалаулыларын таңдау үшін №435 сайлау учаскесіне барып дауыс берді.
30 жасқа толған Ералы Әділханұлы туған күнінде азаматтық міндетін орындаған қарасайлықтардың бірі болды. Төл мерекесінде ел қатарлы сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Ол бұған дейін де бірнеше сайлауға қатысып, белсенділігін танытқан.
– Бүгін Қазақстанның болашағы үшін өз таңдауымды жасадым. Елдің ертеңі, ұлттың тағдыры әрбір азаматтың таңдауына байланысты деп ойлаймын. Депутаттар елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, тұрғындардың талабын билікке жеткізуші – халық қалаулылары. Сондықтан олардың қызметіне лайықты адамды дұрыс таңдай білуіміз керек. Өз құқығымды пайдаланып, мен де бүгін сайлаудан шет қалмай, дауыс бердім, – дейді Е.Рахметқожаев.